Жастар және Конституция: жаңа өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер
Шәкәрім университетінде Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов пен өңір жастарының кездесуі өтті.
«Жастар және Конституция: жаңа өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбындағы іс-шараға Шәкәрім университетінің жастар ұйымдары, еріктілер, жастар ресурстық орталықтарының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Кездесудің мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, конституциялық өзгерістердің маңызын түсіндіру.
Мейірлан Раханов жаңартылған Конституция әділдік пен ашықтық қағидаттарын нығайтатынын атап өтіп, жастарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, өңірде жастар бастамаларын қолдау, жұмыспен қамту және өзін-өзі дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Диалог алаңында Шәкәрім университетінің білім алушылары Фатима Сатбекова мен Ахмет Есенбек сөз сөйлеп, Конституцияның жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын және цифрландыру жағдайында құқықтық қорғаныстың маңызы арта түскенін атап өтті.