Мазмұнға өту
Жаңалықтар 26.11.2026 127

AI-Sana Solveathon: Жастар медицина мәселелеріне жасанды интеллект арқылы шешім іздеді

AI-Sana Solveathon: Жастар медицина мәселелеріне жасанды интеллект арқылы шешім іздеді

Абай облысы Цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен Semey Hub және Шәкәрім университетінің бірлесе ұйымдастыруымен «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Medicine 2026» солватоны ұйымдастырылды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында өткен зияткерлік сайыс Абай облысының мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері арасында жасанды интеллект технологияларын қолдану дағдыларын дамытуға, медицина саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық идеяларды қолдауға арналды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың технологиялық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың командалық жұмыс, сыни ойлау және жобалық қызмет дағдыларын қалыптастыру. Бұған қоса, білім беру ұйымдары, медицина саласы мен өндіріс өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, болашағы зор жобалар мен талантты жастарды анықтау.

Ауқымды іс-шараның ашылу салтанатына Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев, Семей медицина университетінің проректоры Дария Шабдарбаева, Astana Hub цифрлық технопаркінің Абай облысындағы Semey Hub өңірлік филиалының директоры Әнет Тұрсынжан, Абай облысы Цифрлық технологиялар басқармасы цифрландыру бөлімінің бас маманы Айжан Дәуітханова қатысты.

Солватонның ашылуында алғашқы құттықтау сөз кезегі берілген Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков жасанды интеллект технологияларының қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, жастардың цифрлық өзгерістер үдерісіне белсенді араласуы қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Жасанды интеллект қазір күнделікті өмірімізге тереңдей еніп, экономиканың әр саласына, соның ішінде ауыл шаруашылығы, медицина мен мемлекеттік басқару жүйесіне кеңінен енгізілуде. Осы өзгерістердің бел ортасында болу – университет ретінде біздің де, сіздердей жастардың да басты міндеті», – деді ректор.

Сонымен қатар, университет басшысы «AI-Sana» бағдарламасы аясында Шәкәрім университетінің студенттері 17 жасанды интеллект агентін әзірлегенін, олардың бірнешеуі бүгінде мектептерде қолданысқа енгізілгенін жеткізді.

Айта кетерлігі, Шәкәрім университетінде солватон екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтырғы сайыс Абай облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуге арналса, биыл қатысушылар Семей медицина университетінің мамандары әзірлеген нақты кейстермен жұмыс істеді. Сондай-ақ, биылғы сайыстың ерекшелігі – мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне де өз білімдері мен қабілеттерін сынауға мүмкіндік берілгені.

Екі күнге созылған солватон барысында қатысушылар медицина саласы өкілдері ұсынған нақты мәселелерді жасанды интеллект технологияларының көмегімен шешуге бағытталған жобалар әзірледі.

Командалар ұсынылған SerIQ жобасын үй жағдайында оңалту жаттығуларын орындауға арналған интеллектуалды жүйе ретінде таныстырды. Қатысушылар жобаның өзектілігі мен мақсатына, шешуді көздейтін мәселелеріне, технологиялық негізіне және күтілетін нәтижелеріне кеңінен тоқталды.

Шәкәрім университетінің «BlockMatick2» командасы үй жағдайында оңалту жаттығуларын орындауға арналған көпфункционалды платформасын таныстырды. Платформа қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді, телефон мен компьютер арқылы пайдалануға мүмкіндік береді. Онда жаттығулардың бейненұсқаулығы, интерактивті 3D-модель, қадамдық мәтін және дауыстық сүйемелдеу қарастырылған. Жүйе камера немесе жүктелген бейне арқылы пациенттің қозғалысын талдап, жаттығудың орындалуы жөнінде кері байланыс береді. Ерекшелігі – бейнематериалдар серверге жіберілмей, тікелей браузерде өңделеді, бұл пайдаланушы деректерінің құпиялылығын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәрігерге жаттығу нәтижелерін бақылау және пациентпен байланысу функциялары ұсынылған.

Қазылар ұсынылған шешімдерді өзектілігі мен жаңашылдығы, жасанды интеллект технологияларын қолдану деңгейі, практикалық маңыздылығы, іске асыру мүмкіндігі және таныстырылым сапасы бойынша бағалады. Солватон қорытындысында сарапшылар алқасының бағалауынан өткен үздік командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Оқу орындары арасында Qalau командасы І орынға лайық деп танылса, ІІ орынға Винкс командасы ие болды. ІІІ орын HELIOS командасына бұйырды.

Мектеп оқушылары арасында І орынды BioAi командасы жеңіп алды. Ал A2TM командасы ІІ орынды, Vitalis командасы ІІІ орынды еншіледі.

Мұндай бастамалар жастардың жасанды интеллект саласындағы әлеуетін ашуға, ғылыми ізденістерін нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағыттауға мүмкіндік беретіні анық.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру