Мазмұнға өту
Жаңалықтар 26.11.2026 100

Сахнадағы қоғам шындығы

Сахнадағы қоғам шындығы

Шәкәрім университетінің «Қарагөз» студент жастар театры көрерменге кезекті жаңа қойылымын ұсынды. «Бонапарт» спектаклі өткен ғасырдың соңғы онжылдығы мен жаңа ғасырдың алғашқы кезеңіндегі қоғам тынысын, адам болмысындағы қайшылықтар мен пенделік қасиеттерді арқау еткен тың туынды.

Қойылымның инсценировкасын Шәкәрім университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Мерей Тұрарбек жазған. Бұл – жас қаламгердің режиссерлік жолдағы алғашқы қадамы. Спектакль жанры –трагикомедия. Яғни, көрерменді күлдіре отырып, қоғамның күрделі шындығына үңілдіреді. Бір қарағанда, күлкілі көрінетін оқиғалардың астарынан ащы ақиқат, ал кейіпкерлер әрекетінен бүгінгі қоғамға тән мінез-құлықты көруге болады.

«Бонапарт» спектакліне орыс классигі Николай Гогольдің «Шинель» повесі арқау болған.

-«Бонапарт» – бірнеше шығарманың элементтері тоғысқан контаминациялық спектакль. Мұнда Гоголь туындысының желісі жаңаша пайымдалып, заман тынысына сай өзекті мәселелермен сабақтасқан. Қойылымның басты мұраты – көрерменге дайын жауап ұсыну емес, оны ойландыру. Адамның өз бойындағы кемшіліктерімен күресе алмауы, жеке комплекстерінің тұтқынына айналуы, ішкі «менімен» мәмілеге келе алмай, ақырында соның құлы болуы – спектакльдің негізгі өзегі,- дейді Мерей Тұрарбек.

Шығармадағы ой тек жеке адамның психологиялық күйімен шектелмейді. Қоғамдағы билік пен пенделік, мансап пен мүдде, ашкөздік пен жауапкершілік мәселелері де сахналық шешімін тапқан. Әсіресе, қойылымға енгізілген үлкен, нығыз ала сөмке – жай ғана сахналық бұйым емес, белгілі бір әлеуметтік құбылыстың символы. Ол – билікке ие болғасын қанағатты ұмытып, байлыққа бас ұрғандардың бейнесін тұспалдайтын деталь. Жуырда ғана қоғамда үлкен резонанс тудырған жемқорлық оқиғаларының жаңғырығын аңғартатын бұл образ көрерменге астарлы ой тастайды.

Жас режиссердің айтуынша, қойылымның көркемдік шешімдері де шығарманы талдау барысында туған идеялардан бастау алған. Болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде көркем әдебиетті терең зерделеп жүрген Мерей Тұрарбек үшін әдеби талдау – шығармашылыққа жол ашатын ізденіс алаңы.

-Талдау кезінде туған идея ойыңа ой қосады, мазалайды, шығармашылыққа итермелейді. Сол ойды көрерменге жеткізу үшін әркім әртүрлі шешім іздейді. Мен сол идеяны бөлісудің жолын режиссурадан таптым деп ойлаймын,- дейді жас режиссер.

«Бонапарт» – Мерей Тұрарбектің режиссер ретіндегі алғашқы жұмысы. Сондықтан, оған сахнаға шығарған туындысының бағасын көрерменнің бергені маңызды. Ал, қойылымнан кейін өз пікірін білдірген Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков студенттердің шығармашылық ізденісіне ризашылығын білдіріп, олардың еңбегіне жоғары баға берді.

-Бүгін кезекті премьераны тамашалағанымызға қуаныштымыз. Қойылымның режиссері де, музыкалық көркемдеуін жасаған да – өз студенттеріміз. Бұл – үлкен жетістік. Шәкәрім университеті сіздердей өнерлі, ізденімпаз ұл-қыздарымен мақтанады!- деді ол.

Жалпы, «Қарагөз» театрының жаңа қойылымы – әдеби шығарманы бүгінгі күннің көзімен қайта пайымдауға жасалған талпыныс. Гоголь заманынан бастау алған адам болмысының қайшылықтары арада қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпағанын сахна тілімен жеткізеді. Ал «Бонапарттың» көрерменге қалдырар ең басты сауалы – адам өз бойындағы әлсіздіктің иесі ме, әлде соның тұтқыны ма? Бұл сауалға жауапты әркім өз жүрегінен іздейтіні анық.

 

 

Сахнадағы қоғам шындығы
Сахнадағы қоғам шындығы
Сахнадағы қоғам шындығы
Сахнадағы қоғам шындығы
Сахнадағы қоғам шындығы
Сахнадағы қоғам шындығы
Сахнадағы қоғам шындығы

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру