Ректор мен докторанттар арасында ашық диалог өтті
Бүгін Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков университет докторанттарымен кездесті. Ашық форматта ұйымдастырылған жүздесу білім алушылардың ғылыми-зерттеу қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға және университет басшылығы мен жас зерттеушілер арасында диалог орнатуға арналды.
Кездесу барысында докторлық диссертацияларды әзірлеу мен қорғауға дайындық, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелілігі, ғылыми кеңесшілермен өзара байланыс, ғылыми жарияланымдар дайындау, халықаралық академиялық мүмкіндіктерді пайдалану және докторанттардың ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесуде университет ректоры докторантураның жоғары оқу орнының ғылыми және кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталып, жас зерттеушілерге артылар жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
«Докторантура – кез келген университеттің құрылымындағы кадрлық және ғылыми әлеуетті қалыптастыратын маңызды буын. Әсіресе, аймақтық жоғары оқу орындары үшін білікті ғылыми кадрлар даярлау – стратегиялық міндеттердің бірі. Бүгінде университетіміз халықаралық деңгейде танылып, түрлі рейтингтерде өз орнын айқындап келеді. Мұның барлығы – алдыңғы буын қалыптастырған берік іргетастың, жылдар бойы жинақталған ғылыми тәжірибе мен қажырлы еңбектің жемісі. Ендігі міндет – осы жетістіктерді еселеп, ғылыми дәстүрді жаңа деңгейге көтеру»,- деді Думан Рымғалиұлы.
Ректор өз сөзінде университеттің докторантура бағытындағы даму көрсеткіштеріне де тоқталды. Бүгінде оқу орнында 9 білім беру бағдарламасы бойынша докторанттар ғылыми даярлықтан өтуде.
Ғылымды дамытуға бөлінетін қаржы көлемінің артуы да университеттің зерттеу бағытындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуда. Бұл ретте ректор ғылыми ізденістің нәтижесі тек диссертация жазумен шектелмей, нақты ғылыми жаңалықтармен, сапалы жарияланымдармен және қоғамның дамуына үлес қосатын зерттеулермен өлшенуі қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, олардың докторанттардың ғылыми даярлық үдерісіне ықпалы сөз болды. Докторлық зерттеудің сапасы, ғылыми нәтижелердің академиялық талаптарға сәйкестігі және диссертацияны уақтылы қорғауға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесудің ашық диалог форматында өтуі докторанттарға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей университет басшылығына жеткізуге мүмкіндік берді. Жас зерттеушілер сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.