Мазмұнға өту
Жаңалықтар 08.10.2026 40

Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік

Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік

Шәкәрім университеті мен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат білім беру, ғылым, цифрландыру және қаржылық-құқықтық сауаттылықты арттыру бағыттарындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған. Тараптар алдағы бес жыл ішінде заманауи экономикалық қауіпсіздік талаптарына сай бәсекеге қабілетті IT және қаржы-экономика саласының мамандарын даярлау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Кездесуге Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, цифрландыру жөніндегі проректор Бейімбет Дәрібаев, Құзыреттілікті дамыту және мансап орталығының басшысы Ләззат Габдуллина, «Экономика және қаржы» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Зейнуллина және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ержан Бүлегенов бастаған департамент өкілдері қатысты.

Меморандум аясында экономика, қаржы және IT бағыттарында білім алатын студенттердің департамент базасында кәсіби практикадан және тағылымдамадан өтуіне жағдай жасау көзделген. Сонымен қатар цифрлық тергеу, деректерді талдау және қаржылық мониторингтің заманауи технологиялары бойынша бірлескен дәрістер, практикалық және шеберлік сабақтар өткізу жоспарлануда.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – жастар арасында құқықтық сауаттылықты, парасаттылық пен қаржылық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Бұл ретте «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетуге, студенттердің құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға басымдық беріледі.

Сондай-ақ тараптар білім беру бағдарламаларын еңбек нарығы мен мемлекеттік органдардың нақты сұранысына сәйкес жетілдіру, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу мәселелерін қарастырды.

Серіктестік аясында қаржылық тергеп-тексеру, киберқауіпсіздік және цифрлық антифрод бағыттары бойынша жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеу және департамент базасында студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған заманауи оқу-талдау кабинетін ашу мәселелері де талқыланды.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков меморандумның жас мамандардың кәсіби қалыптасуына берер мүмкіндігіне тоқталды.

«Мемлекет басшысы айқындаған “Заң және тәртіп” қағидаты әрбір саналы азамат пен жас буынның негізгі ұстанымына айналуы қажет. Бүгінгі меморандум – экономика және IT саласы студенттерінің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, өңірлік мемлекеттік органдардың сұранысына сай білікті маман болып қалыптасуына бағытталған маңызды қадам»,- деді Думан Орынбеков.

Өз кезегінде Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ержан Бүлегенов Шәкәрім университетімен орнатылған әріптестік өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға, қаржылық-экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және цифрлық шешімдерді тиімді енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жаңа меморандум – жоғары білім мен мемлекеттік сектор арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің теориялық білімін нақты тәжірибемен ұштастыруға және өңірге қажетті білікті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік
Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік
Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік
Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік
Жаңа серіктестік: білім, цифрландыру және қаржылық қауіпсіздік

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру