Мазмұнға өту
Жаңалықтар 18.11.2026 67

Шәкәрім университеті Стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында

Шәкәрім университеті Стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында

18 қарашада Астана қаласында халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін нығайтуға арналған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы жұмысын бастады. Ауқымды жиынға қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, халықаралық ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен өндірістік сектордың 400-ден астам өкілі қатысуда.

Форумның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі. Ведомство басшысы жоғары білім, ғылым және инновацияларды дамытудың негізгі нәтижелері мен басымдықтарын таныстырып, халықаралық серіктестікке, сұранысқа ие мамандар даярлауға және университеттердің зерттеу әлеуетін нығайтуға ерекше назар аударды.

«Қазақстан халықаралық ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтып, дарынды жастарды тартуға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және озық технологияларды енгізуге қолайлы жағдай қалыптастырып жатыр. Бүгінде елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді, ал қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алатын шетелдік студенттердің саны 41 мыңға жетті. Біздің стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды сапалы білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және жастардың зияткерлік әлеуетін жүзеге асыруға қолайлы әрі тартымды алаңға айналдыру»,- деді министр.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан халықаралық алаңда трансұлттық білім беру, университеттердің халықаралық байланыстарын кеңейту, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми зерттеулер, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу мәселелері талқылануда. Халықаралық форумға Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков пен проректорлар Асқар Қасымов, Ерасыл Дулатбай қатысуда.

Айта кетейік, форум аясында халықаралық университеттермен және ұйымдармен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамыту, академиялық алмасу бағыттары бойынша бірқатар кездесулер мен панельдік сессиялар ұйымдастырылуда.

Мұндай халықаралық кездесулер Шәкәрім университетінің стратегиялық серіктестік байланыстарын кеңейтуге, әлемдік жоғары білім кеңістігіндегі тәжірибені зерделеуге және университеттің халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Шәкәрім университеті ядролық білім берудің халықаралық консорциумына қосылды

Форум аясында Шәкәрім университеті Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, «Қазақстан-Ресей ядролық білім беру консорциумын» құру туралы меморандумға қол қойды.

Консорциум Қазақстан мен Ресей университеттерінің білім беру, ғылыми-зерттеу, кадрлық және инфрақұрылымдық әлеуетін біріктіруді көздейді. Оның стратегиялық серіктестері қатарында Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясы бар. Олар консорциумның үйлестіру жұмыстарына, сараптамалық қолдау көрсетуге және салалық бастамаларды жүзеге асыруға қатысады.

Консорциум қызметінің басты мақсаты – Қазақстанның атом саласын ұзақ мерзімді перспективада қажетті білікті мамандармен қамтамасыз ету.

Ынтымақтастық аясында қатысушы университеттер бірлескен және желілік білім беру бағдарламаларын әзірлеп, соның ішінде қос дипломды бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту, тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру, кәсіби қайта даярлау бағыттарына басымдық беріледі.

Маңызды бағыттардың бірі – атом саласындағы кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдардың мамандарын оқу үдерісіне тарту. Бұл студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, өндірістік практика мен тағылымдамадан өтуіне, ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстарға қатысуына мүмкіндік береді.

Консорциум жұмысына қатысу Шәкәрім университетінің халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтіп қана қоймай, білім беру мен ғылымды өндіріс сұраныстарымен сабақтастыруға жол ашады.

Атап айтқанда, университет студенттері мен магистранттары үшін ядролық білім беру саласындағы бірлескен бағдарламаларға, академиялық ұтқырлық жобаларына, ғылыми зерттеулер мен тағылымдамаларға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді. Сондай-ақ, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары мен салалық ғылыми ұйымдарының тәжірибесін игеруге, кәсіби құзыреттерін дамытуға жағдай жасалады.

Бұл бастама атом энергетикасы мен оған сабақтас жоғары технологиялық салаларда еңбек ететін жаңа буын мамандарын даярлауға университеттің де үлес қосуына мүмкіндік береді.

Меморандум екі жыл мерзімге жасалған және тараптардың өзара келісімімен ұзартылуы мүмкін. Консорциум қызметі Стратегиялық даму жоспары мен 2027–2031 жылдарға арналған кадрлар даярлаудың кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Times Higher Education өкілдерімен кездесу

Шәкәрім университетінің өкілдері халықаралық Times Higher Education (THE) рейтингтік ұйымының Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Лачын Италмазовамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жақсарту, жаһандық академиялық кеңістіктегі беделін арттыру және THE рейтингіндегі позициясын нығайту мәселелері талқыланды.

Сонымен бірге, оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, білім беру сапасын арттыру және рейтингтік бағалау көрсеткіштері бойынша жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығына назар аударылды.

Аталған кездесу Шәкәрім университетінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әлемдік білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Шәкәрім университеті Стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында
Шәкәрім университеті Стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында
Шәкәрім университеті Стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында
Шәкәрім университеті Стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру