Мазмұнға өту
Жаңалықтар 20.11.2026 104

Инклюзивті білім беру: халықаралық тәжірибе және жаңа бастамалар

Инклюзивті білім беру: халықаралық тәжірибе және жаңа бастамалар

Шәкәрім университетінде «Педагогика және психология» кафедрасы және Абай облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен «Өзгерістер дәуіріндегі инклюзивті білім беру» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Халықаралық басқосу ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, соның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің заманауи тәсілдерін талқылауға арналды.

Семинардың негізгі мақсаты – инклюзивті білім беруді дамытудағы халықаралық тәжірибені зерделеу, дәлелді білім беру практикаларын енгізу, ғылыми ізденістер мен педагогикалық тәжірибе арасындағы байланысты нығайту. Іс-шараға педагогтер, зерттеушілер, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Жиынды Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Мөлдір Сейдина ашып, құттықтау сөз кезегін академиялық мәселелер жөніндегі проректор Динара Оспановаға ұсынды.

Динара Манапқызы өз сөзінде инклюзивті білім берудің қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, әр баланың сапалы білім алуға, қабілетін дамытуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға тең мүмкіндігі болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі халықаралық семинардың басты міндеті – Мемлекет басшысы айқындаған білім беру саласындағы басымдықтар аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың тиімді жолдарын қарастырып, ғылым мен практиканың өзара байланысын нығайту. Заманауи ғылым, технология және инновация жетістіктерін білім беру үдерісіне енгізу арқылы әр балаға қолайлы орта қалыптастырудың маңызы зор.

Семинар барысында отандық және шетелдік сарапшылар инклюзивті білім берудің өзекті мәселелеріне қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің арнайы педагогика кафедрасының аға оқытушысы, «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» аға ғылыми қызметкері Күлмәрия Ахмедиева «Қазақстандағы инклюзивті және арнайы білім беру жүйелерінің сабақтастығы: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың ғылыми-әдістемелік тетіктері» тақырыбындағы баяндамасында арнайы және инклюзивті білім беру жүйелерінің өзара сабақтастығы, балаларға көрсетілетін қолдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері жөнінде ой қозғады.

Ал Ишеналы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессор міндетін атқарушы Миргүл Эсенгулова инклюзивті білім беру философиясын 12 жылдық білім беру жүйесіндегі пәндерді оқыту технологияларымен кіріктіру мәселесін көтерді.

«Инклюзивті білім беру философиясының кеңінен таралып келе жатқаны қуантады. Қырғызстанда бұл ұстаным мектепке дейінгі білім беру кезеңінен бастау алады. Баланы, адамды қандай болса, сол қалпында қабылдау қағидаты мектепке дейінгі тәрбие стандарттарында да, мектеп және жоғары педагогикалық білім беру стандарттарында да қамтылған. Егер инклюзивті білім беру философиясы мемлекеттік стандарттың басым бағытына айналса, бұл оның іс жүзінде жүзеге асуына жол ашады», – деді ол.

Семинар аясында жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдеріне арналған кәсіби диалог алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар инклюзивті білім беру ортасын дамытудың халықаралық үрдістері мен инновациялық тәжірибелерін, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалардың даму ерекшеліктері мен жеке білім беру қажеттіліктерін талқылады. Сондай-ақ педагогтер, психологтер, дефектологтер және өзге де мамандар арасындағы пәнаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.

Бағдарлама аясында «AUT» деректі фильмі көрсетіліп, талқыланды. Фильм аутизмі бар адамдардың өмірлік тәжірибесін, олардың қоғамдағы орнын және айналасындағы ортаның түсіністігі мен қолдауының маңызын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Теориялық талқылаулар практикалық шеберлік алаңдарымен жалғасты. Шәкәрім университетінің оқытушылары қатысушыларға инклюзивті ортада қолдануға болатын әдіс-тәсілдерді таныстырды. Атап айтқанда, психология ғылымдарының кандидаты, кафедра профессоры Шолпан Сатиева «BrailleLab»: «6 нүкте – кедергісіз коммуникацияның кілті» тақырыбындағы шеберлігін көрсетсе, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Бейбітгүл Тұрғанбаева «Теңдік әліппесі: инклюзивті ортада интерактивті әдістерді қолдану» тақырыбын ұсынды. Ал кафедраның аға оқытушысы Гүлнара Күребаева «Дыбысты қоюдың практикалық лабораториясы: логопедтің әдістемелік шеберханасы» бағытында тәжірибелік жұмыс көрсетті.

Шеберлік алаңдарының тағы бір ерекшелігі – студенттердің де өз жобаларын таныстыруы болды. ПМНО-2506 тобының 2-курс студенті Нұрай Орынбекова аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған қазақ тіліндегі «BIRGE - Менің ерекше әлемім» атты авторлық сайтын таныстырды.

Студенттің айтуынша, платформа толығымен тегін және үш негізгі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім балаларға арналған: олар тапсырмалар орындап, өздігінен дамуға және бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алады. Екінші бөлім педагогтерге бағытталған. Мұнда тапсырмалар құрастыруға, баланың жетістіктерін бағалауға және күн тәртібін ұйымдастыруға көмектесетін құралдар қарастырылған. Ал ата-аналарға арналған бөлімде психологиялық кеңестер, үй жағдайында баламен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар мен педагогтермен байланыс орнату мүмкіндігі ұсынылған.

«Біз бұл платформаны ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, олардың ата-аналары мен педагогтеріне ортақ көмекші құрал ретінде жасадық. Алдағы уақытта психологиялық қолдау бөлімін ашып, балаларға арналған танымдық ойындар блогын дамытуды жоспарлап отырмыз», – дейді Нұрай Орынбекова.

Жобаның ғылыми-әдістемелік мазмұнына тоқталған Педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Зәуреш Алканова қазақ тіліндегі осындай ашық ресурстардың қажеттілігіне назар аударды.

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қазақ тіліндегі қолжетімді платформалардың болуы өте маңызды. Бұл сайтта оқушы, ата-ана және педагогқа арналған өзара байланысты үш бөлім бар. Бала бос уақытында өздігінен тапсырмалар орындап, қабілетін дамыта алады. Ата-аналар үй жағдайында педагогтің көмегінсіз-ақ ұсыныстар мен кеңестер алып, баламен жұмыс істеу әдістемелерін меңгереді. Ең бастысы, бұл – баршаға қолжетімді ашық платформа», – дейді ол.

Сонымен қатар семинар қатысушылары Абай облысы білім басқармасына қарасты «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары инклюзивті қолдау көрсетудің заманауи модельдерін, әдістемелік тәсілдері мен тиімді тәжірибелерін ұсынып, өзара пікір алмасты.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, озық тәжірибелермен бөлісуге, жаңа әдістемелік шешімдерді таныстыруға және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Басқосу қорытындысы әр баланың ерекшелігін құрметтейтін, оның әлеуетін ашуға жағдай жасайтын білім беру ортасын қалыптастыруда ғылым, білім және тәжірибе сабақтастығының маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру