Ғылыми жоба – сапалы тағам өндірісіне бастар жол
Шәкәрім университетінде «Тамақ технологиясы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Food Science & Startup Day» іс-шарасы өтті. Іс-шараның мақсаты – тамақ өнеркәсібі саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін таныстыру, инновациялық технологияларды дамыту, студенттердің стартап бастамаларын қолдау және ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шара барысында кафедра ғалымдары әзірлеген жаңа технологиялар мен тағам өнімдері таныстырылып, олардың қауіпсіздігі, тағамдық құндылығы және өндірісте қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, студенттер өздерінің ғылыми ізденістері мен стартап-жобаларының нәтижелерін ұсынды.
Таныстырылған жобалардың бірі – университет қаржыландыратын «Shakarim Start-Up 2025» байқауында жеңімпаз атанған «Университет асханаларына арналған ет жартылай фабрикаттарын өндіру» стартап-жобасы. «Тамақ технологиясы» кафедрасында жүзеге асырылып жатқан жобаның жетекшісі – PhD, қауымдастырылған профессор Элеонора Окусханова. Жобаны қаржыландыру көлемі – 2 млн 600 мың теңге.
«Кафедрамыз үшін ғылым тек зертханада жүргізілетін зерттеумен шектелмейді. Ғылыми идея нақты технологияға, технология сапалы өнімге, ал әзірленген өнім өндіріске енгізілетін нәтижеге айналуы қажет. Сондықтан біз қала кәсіпорындарымен ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми әзірлемелерді өндіріс жағдайында сынақтан өткізуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән береміз»- дейді кафедра меңгерушісі Гүлнұр Нұрымхан.
Жоба аясында тұшпара, манты және котлет өнімдері әзірленуде. Оның басты ерекшелігі – университет студенттері мен оқытушыларын сапалы, табиғи тағаммен қамтамасыз ету.
Соңғы бес жылда кафедра ғалымдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жалпы сомасы 1 млрд 150 млн теңгеге жуық ғылыми жобаларды жеңіп алып, жүзеге асырып келеді. Бұл зерттеулер отандық тамақ өнеркәсібін дамытуға, инновациялық өнімдер әзірлеуге және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге бағытталған.
Іс-шарада ғылыми әзірлемелерді тәжірибелік өндіріске енгізу, заманауи өндірістік инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Food Science & Startup Day» ғылым, білім және бизнесті тоғыстырған, жас зерттеушілердің инновациялық бастамаларына қолдау көрсететін маңызды іс-шара болды.