Хиросимадан Семейге дейін: ортақ тарих, ортақ ғылыми сабақ
Бүгін Шәкәрім университетінде Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған форум өткізілді. Іс-шараға ғалымдар, зерттеушілер, медицина, экология, ветеринария және құқық салаларының мамандары, тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Форум жұмысы Семей ядролық полигонының тарихына, зардап шеккен халықтың тағдырына және ядролық сынақтардың ұзақ мерзімді салдарына арналған «Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл: тарих, тағылым, болашақ» көрмесімен басталды. Іс-шараға полигонды жабу туралы тарихи шешімнен қазіргі ядролық, экологиялық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне дейінгі сабақтастық арқау болды.
Көрме аясында ҚР Ұлттық ядролық орталығы, «Ядролық технологиялар паркі» АҚ және Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі өз экспозицияларын көпшілік назарына ұсынып, «Полигон 21: Әлем балалар көзімен» атты көрме де келушілерге таныстырылды.
Шәкәрім университетінің ғалымдары: PhD И. Карымсақов «Семей өңіріндегі онкологиялық ауруларды талдау және емдеу бойынша ұсынымдар әзірлеуге арналған нейрондық желі негізіндегі интеллектуалды жүйені әзірлеу», PhD М. Сатымбеков «Ақпараттық-талдамалық бағдарлама негізінде екінші және үшінші буын өкілдеріндегі стохастикалық және стохастикалық емес әсерлердің даму ықтималдығын болжау жүйесі» тақырыптарындағы ғылыми әзірлемелерін таныстырды.
Форум барысында Форумда Хиросима университетінің (Жапония) Радиациялық биология және медицина ғылыми-зерттеу институтының профессоры Масахару Хоши «Радиациялық сәулелену мен оның салдарын зерттеудің маңызы: Хиросимадан Семейге дейін» тақырыбындағы баяндамасында Хиросима мен Нагасакидегі жоғары қуатты, қысқа мерзімді сәулелену жағдайларын Семей ядролық сынақ полигонындағы жағдаймен тікелей теңестіруге болмайтынын атап өтті. Семей өңірінде төмен қуатты және ұзақ уақыт әсер ететін радиациялық сәулеленудің ерекшеліктері бар.
Ғалымның қазіргі зерттеу бағыты – Қазақстандық зерттеушілермен бірлесіп, Семей полигоны аумағындағы радиоактивті микробөлшектердің, яғни жарылыстар кезінде ауаға көтерілген радиоактивті тозаңның адам денсаулығына ықпалын зерттеу.
Хошидің пікірінше, бұрынғы зерттеулер көбіне сыртқы сәулелену дозасын бағалауға бағытталған. Ал ядролық сынақтар кезінде пайда болған радиоактивті тозаң мен микробөлшектердің ағзаға түсуі және оның ұзақ мерзімді әсері жеткілікті деңгейде зерттелмеген.
Жапондық ғалым Хиросима мен Нагасакидегі көпжылдық зерттеулер радиациялық дозаны дәл бағалаудың маңызын көрсететінін, ал Семей полигоны жағдайында төмен дозалы сәулелену мен радиоактивті микробөлшектердің ұзақ мерзімді әсерін арнайы зерттеу қажет екенін айтты. Сондықтан ғалым үшін маңызды ғылыми мәселелердің бірі – төмен дозалы, ұзақ уақыт әсер ететін радиацияның адам ағзасына ықпалын тереңірек зерделеу.
PhD, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік және экология институты (Курчатов қ.) директорының орынбасары Андрей Паницкий Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ғалымның айтуынша, негізгі міндеттердің бірі – ядролық сынақтар инфрақұрылымын жою, ядролық және радиоактивті материалдардың таралуына жол бермеу және полигон аумағының радиациялық-экологиялық жағдайын кешенді бағалау болды. Полигон жабылғаннан кейін аумақта радиациялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ықтимал қауіпті нысандарды анықтау және оларды жою бойынша жүйелі жұмыстар атқарылған.
Ғалым қазіргі таңда зерттеулердің негізгі бағыты радиоэкология және радиациялық қауіпсіздік мәселелерін қамтитынын да жеткізді. Атап айтқанда, мамандар радионуклидтердің қоршаған ортада таралу және миграция ерекшеліктерін зерттейді. Бұл жұмыстар топырақ-өсімдік жамылғысын, су экожүйелерін, соның ішінде жерасты суларын, атмосфералық ортаны және адамның тағамдық тізбегін қамтиды. Сонымен қатар зерттеулердің маңызды бөлігі – радиациялық факторлардың адам денсаулығы мен тірі табиғатқа әсер ету тәуекелдерін бағалау.
Паницкийдің айтуынша, ғылыми жұмыстардың тағы бір бағыты – радиациялық жағдайды бағалау әдістерін жетілдіру. Бұл ретте аналитикалық зерттеу әдістерін әзірлеу және жетілдіру, радиациялық көрсеткіштерді сандық бағалау, сондай-ақ қоршаған ортаның радиациялық параметрлерін далалық жағдайда анықтау әдістерін дамытуға басымдық беріледі.
Форум аясында Семей ядролық сынақ полигонына іргелес аумақта тұратын халықтың денсаулық жағдайын бағалау, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстанның халықаралық-құқықтық міндеттемелері және өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ, Семей медицина университеті мен Шәкәрім университеті ғалымдарының бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында бірлесіп жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне де ерекше назар аударылды. Бірлескен ғылыми ізденістер барысында жинақталған нақты деректер радиациялық әсердің ықтимал салдарын тереңірек бағалауға, ғылыми негізделген қорытындылар жасауға және алдағы зерттеулерге бағыт-бағдар беретін практикалық ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берді.