Кәсіби дамуға арналған жазғы мектеп
Shakarim University-де 2026–2027 оқу жылына дайындық аясында ұйымдастырылған дәстүрлі жазғы мектеп өз жұмысын аяқтады. Биыл білім беру алаңы «PRO-оқытушы: кәсіби шеберлік трегі» ұранымен өтті.
Жобаның басты мақсаты — білім беру саласындағы өзекті үрдістерге сәйкес профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру. Қатысушылар заманауи педагогикалық тәсілдерді меңгеріп, цифрлық технологиялар мен инновациялық әдістемелерді оқу үдерісіне енгізуді үйренді, сондай-ақ қарқынды өзгеріп жатқан әлем жағдайында қажетті кәсіби трансформацияға дайындалды.
Мектеп бағдарламасы мазмұнды болды: университет оқытушылары мен қызметкерлері үшін олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған семинарлар, тренингтер, практикалық сабақтар және ақпараттық кездесулер сериясы ұйымдастырылды.
Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың заманауи тәсілдерін меңгеру болды. Осыған байланысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ мамандарының қатысуымен «Бағалаудың заманауи әдістері, құралдары және практикалық негіздері» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинар барысында заманауи бағалау жүйесінің негізгі қағидаттары, құралдары мен практикалық мүмкіндіктері қарастырылды. Қатысушылар оқу нәтижелерін объективті бағалау, бағалау критерийлерін тиімді қолдану және білім сапасын арттыру құралдарының бірі ретінде бағалау үдерісін ұйымдастыру бойынша практикалық ұсынымдар алды.
Жазғы мектеп аясында кәсіби мәдениетке, академиялық адалдыққа және университет қызметкерлерінің академиялық ортадағы жауапкершілігіне ерекше назар аударылды. Осы бағытта «Этика және адалдық: университет қызметкерінің кәсіби мәдениеті» тақырыбында парасаттылық сағаты өткізіліп, кәсіби этика, адалдық қағидаттары, жауапкершілік және қызметтік қарым-қатынас мәдениеті мәселелері талқыланды.
Білім сапасы мен университеттің кәсіби мәдениетінің маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын академиялық адалдық мәселелеріне айрықша мән берілді. Қатысушылар академиялық адалдықтың негізгі қағидаттарын, белгіленген нормаларды сақтау бойынша профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың жауапкершілігін, академиялық бұзушылықтардың алдын алуды, сондай-ақ оқу және ғылыми жұмыстарды адал орындау мәдениетін қалыптастыру қажеттігін талқылады. Авторлық құқықты сақтау, дереккөздерді дұрыс пайдалану, плагиатқа және академиялық адалдықты бұзудың өзге де түрлеріне жол бермеу мәселелеріне, сонымен қатар білім алушылардың бойында адалдық, жауапкершілік және дербестік құндылықтарын қалыптастырудағы оқытушының рөліне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар зияткерлік меншікті қорғау және сақтау мәселелеріне арналған семинар ұйымдастырылды. Кездесу барысында қатысушыларға зияткерлік меншік нысандарын қорғаудың негізгі тетіктері, авторлық құқық мәселелері және ғылыми қызмет нәтижелерін қорғау тәсілдері түсіндірілді.
Бағдарламаның жеке бір бөлігі халықаралық рейтингтер мәселелеріне арналды. QS жүйесінде дауыс беруге арналған практикалық нұсқаулық аясында халықаралық рейтингтерге жауапты қызметкерлер тиісті жұмысты ұйымдастыру және жүргізу бойынша қажетті ұсынымдар алды.
Бағдарламада білім беру және басқару үдерістерін цифрландыру мәселелері маңызды орын алды. Атап айтқанда, профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлері үшін Platonus ақпараттық жүйесіндегі «Жарияланымдар» бөлімін толтыру бойынша оқыту семинары өткізілді.
Кітапхананың білім беру үдерісімен тиімді өзара іс-қимылы мәселелері де жазғы мектеп бағдарламасында қамтылды. «Кітапхана сіз үшін: профессор-оқытушылар құрамымен өзара іс-қимыл» атты кітапхана сағаты барысында қатысушыларға кітапхана ресурстарын білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінде пайдалану мүмкіндіктері таныстырылып, оқытушылар мен кітапхана арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдары қарастырылды.
Бұдан бөлек, «Үздіксіз білім беру институты — заманауи университет дамуының қозғаушы күші: тәжірибе, модельдер және практикалық шешімдер» тақырыбында кездесу өтті. Оның барысында үздіксіз білім беруді дамытудың заманауи тәсілдері мен осы саладағы практикалық шешімдер қарастырылды.
Жазғы мектептің мазмұны оқытушылардың кәсіби дамуының бірнеше негізгі бағытын қамтыды: педагогикалық шеберлік, цифрлық құзыреттер, бағалаудың заманауи әдістері, академиялық адалдық пен кәсіби мәдениет, ғылыми қызмет, зияткерлік меншік, халықаралық рейтингтер және үздіксіз білім беру.
Оқытудың мұндай кешенді форматы профессор-оқытушылар құрамының жаңа оқу жылына кәсіби тұрғыдан дайындалуына, білім беру жүйесінің заманауи талаптарына бейімделуіне, оқу үдерісіне заманауи педагогикалық және цифрлық шешімдерді тиімді енгізуіне, сондай-ақ университеттік ортада академиялық адалдық пен парасаттылық мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.