Туған жерге туыңды тік!
Хошкен ҚУАНБАЕВ
Қырық жыл бұрын қолымызға диплом алған кезде «миссия», «өңірлік даму», «адами капитал» деген ұғымдар туралы кім ойлады дейсіз? Біз сол кезде бар болғаны кәсіби маман атанып, еңбек етіп, елге пайда келтіруді армандадық.
Ал қазір, арада қырық жыл өткенде, сол жылдары институттың бізге тек мамандық үйретіп қана қоймағанын тереңірек түсінесің. Ол бізге еңбекті құрметтеуді, жауапкершілікпен шешім қабылдауды, адамдар тағдырына жауап беруді және күрделі жұмыстан қорықпауды үйретті.
Көпшілік үлкен жетістік міндетті түрде алыста, үлкен қалада деп ойлайды. Жақсы мүмкіндік іздеп, туған жерден кету керек сияқты көреді. Менің өмір жолым басқаша қалыптасты. Мен өз туған жерімде еңбек етуді таңдадым және бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін.
Әрине, білікті маманға жұмыс кез келген жерден табылады. Бірақ ол ең алдымен өзі туған, адамдарын жақсы білетін, өңірдің ерекшелігін түсінетін және сол ортаның дамуына нақты үлес қоса алатын туған жеріне қажет.
Мен Абай облысында жұмыс істейтін кәсіпорынды басқарамын. Күн сайын көз жеткізетінім – өңірдің дамуы тек инвестицияға, технологияға немесе мемлекеттік бағдарламаларға ғана байланысты емес. Өңірдің өркендеуі бір кездері туған жерінде қалуды, осында еңбек етуді және өмір сүруді таңдаған адамдардан басталады.
Сондықтан Шәкәрім университетінің бүгінгі келбетін көру мен үшін ерекше қуанышты болды. Мұнда жас оқытушылар, ғалымдар мен студенттер өсіп келеді. Олар цифрлық технологияларды еркін меңгерген, ойлау жүйесі де қырық жыл бұрынғы бізбен салыстырғанда мүлде өзгеше. Бұл – дұрыс бағыт. Өйткені әр буын өзінен бұрынғы буыннан бір қадам алға жылжуы керек.
Біздің міндетіміз – берік негіз қалау еді. Ал бүгінгі жастардың міндеті – сол іргетастың үстіне жаңа буын университетін де, өңірдің жаңа экономикасын да қалыптастыру.
Қазір жастардың сапалы білім алу үшін міндетті түрде туған жерінен кетуі шарт емес. Ол сапалы білімді осында алып, кәсіби жолын да осы жерде жалғастыра алады. Кәсіпорын ашып, өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құрып, отбасын осында қалыптастырып, өз өңірінің қуатын арттыра алады. Шынайы даму дегеніміз – осы.
Туған жерде алған білімнің қайтадан туған жерге жаңа кәсіпорын, тың идея, озық технология және адамдар үшін жаңа мүмкіндік болып оралуы.
Қырық жылдан кейін университетке қайта келгенде, мен бір қарапайым нәрсені түсіндім: біз кезінде осы жерден мамандық алып шықтық. Ал бүгінгі студенттер бұдан әлдеқайда көп мүмкіндік алып жатыр. Олар өз өңірінің болашағын қалыптастыру мүмкіндігіне ие.
Менің ең үлкен тілегім – жастарымыздың осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, туған жерінің дамуына өз үлесін қосуы.