Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің университет қауымдастығына, ардагерлерге, ата-аналар мен жастарға үндеуі
Құрметті ардагерлер! Қадірлі әріптестер, оқытушылар, ғалымдар мен қызметкерлер!
Құрметті ата-аналар! Қымбатты студенттер, колледж білім алушылары, талапкерлер және барша жастар!
Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі алғашқы сайлау ресми түрде өтті деп танылды. Дауыс беруге Қазақстанның 9 351 539 азаматы – сайлаушылардың 74 пайыздан астамы қатысты.
Сөзімді әдейі осы көрсеткіштен бастап отырмын. Өйткені мәселе жоғары сайлау белсенділігінің өзінде ғана емес. Одан да маңыздысы – дәл қазір миллиондаған адамның сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауды неліктен қажет деп санағанын түсіну.
Біз әлемнің үйреншікті тұрақтылығына енді кепілдік жоқ кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әскери қақтығыстар жалғасуда, жаңалары туындап жатыр. Мемлекеттер арасындағы текетірес күшейді. Әлемдік сауда қайта құрылуда. Еңбек нарығы өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект санаулы жылдың ішінде өмірдің барлық саласына дерлік енді. Мемлекеттер технология, ресурс, инвестиция және, ең бастысы, адам үшін бәсекеге түсуде.
Осындай жағдайда тұрақтылықтың құны мүлде басқа мәнге ие болады.
Адамдар бірнеше айға емес, бірнеше жылға жоспар құруға болатын елде өмір сүргісі келеді. Ата-ана баласының білімін ойлай алатын, жас азамат өз білімінің қажет болатынын түсінетін, кәсіпкер кәсібінің дамуын жоспарлайтын, ғалым зерттеумен айналыса алатын, ал еңбек адамы өз еңбегінің елге қажет екеніне сенімді болатын мемлекетте өмір сүргісі келеді.
Сондықтан өткен сайлауды тек саяси оқиға аясында ғана қабылдауға болмайды.
Жоғары азаматтық белсенділік – қоғамның тұрақтылыққа, тәртіпке, дамуға және болашағы айқын елге деген аса зор сұранысының көрінісі.
Алайда бұл науқанның тағы бір маңызды нәтижесі бар. Ол адамдардың саяси әңгіменің мазмұнына деген талабының қаншалықты өскенін көрсетті.
Жеті партия сайлаушы алдына шықты. Пікірсайыстар өтті, өңірлерде кездесулер ұйымдастырылды, азаматтармен тікелей әңгімелер болды, бағдарламалар талқыланды. Жаңа тұлғалар көрінді. Партиялар енді нені қалайтынын ғана емес, оған қалай қол жеткізетінін де түсіндіруге тиіс болды.
Төрт саяси күш бес-алты пайыз аралығында дауыс алды. Бұл – әр партияның артында жүздеген мың азамат тұр деген сөз. Жаңа Құрылтайға бағдарламалары мен электоралдық базасы әртүрлі партиялар өтеді.
Бұл – маңызды көрсеткіш.
Қоғамға балама ұстанымдар, кәсіби пікірталас, шешімдер бәсекесі қажет.
Сонымен бірге қоғамға саяси сауданың нысанына айналмауға тиіс ең басты құндылық – елдің бірлігі қажет.
Біз әртүрлі буынның өкілі болуымыз мүмкін, қалада немесе ауылда тұруымыз, университетте, мектепте, ауруханада, кәсіпорында, бизнесте немесе мемлекеттік мекемеде еңбек етуіміз мүмкін. Әртүрлі партияларды қолдап, нақты мәселелерді шешудің жолдарын әрқалай көруіміз де заңды.
Бірақ Қазақстан – бәрімізге ортақ бір ел. Балаларымыздың болашағы да – ортақ.
Меніңше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау күні айтқан мына сөзінің мәні де осында: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек».
Бұл қысқа сөйлемнің астарында еңбек етуге шақырудан әлдеқайда үлкен мағына жатыр. Оның ар жағында ұлттық жауапкершіліктің формуласы тұр.
«Әділет» партиясының нәтижесі де ерекше назар аударуға лайық. Жаңа саяси күш сайлаушылардың айқын қолдауына ие болды.
Неліктен?
Оның жауабын тек сәтті жүргізілген сайлауалды науқанмен шектеуге болмайды. Меніңше, қоғамның елеулі бөлігі партия бағдарламасынан Президент жүргізіп отырған бағыттың жалғасын – қуатты мемлекеттік институттарды, заң мен тәртіпті, әлеуметтік жауапкершілікті, еңбек адамын қолдауды, өңірлерді, білімді, ғылымды, технологияларды және адами капиталды дамытуды көрді.
Жаңа Құрылтайдың жұмысы қабылданған заңдардың сапасымен, саяси партиялар мәлімдеген ұстанымдарын қаншалықты қорғай алатынымен, мемлекеттік институттар қабылдайтын шешімдердің адам өмірін қаншалықты өзгертетінімен бағаланатын болады.
Кемелденген саяси жүйе осылай жұмыс істеуге тиіс.
Бірақ мен университет қауымдастығының назарын өткен сайлаудың тағы бір мағынасына аударғым келеді.
Осы күндері Президент тек саясат туралы айтқан жоқ. Сайлау күні Мемлекет басшысы амандасу әдебі – сәлемдесу мәдениеті мәселесін де көтерді.
Ауқымды мемлекеттік мәселелердің аясында бұл тақырып біреуге тым қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл мүлде олай емес.
Мемлекет тек Конституциядан, Парламенттен немесе Үкіметтен басталмайды. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынастан басталады.
Қазақ дәстүрінде амандасу ешқашан жай ғана механикалық ишара болған емес. Оның бойында құрмет, өзге адамды мойындау, ұрпақтар сабақтастығы, тәрбие бар.
Егер бүгін мемлекеттік деңгейде күнделікті мінез-құлық мәдениеті туралы мәселе қайта көтеріліп отырса, демек, әңгіме әлдеқайда маңызды құбылыс – қоғамның өзінің сапасы туралы болып отыр.
Қазіргі заман бізден тарихи құндылықтарымыздан бас тартуды талап етпейді. Керісінше, әлем неғұрлым жылдам өзгерген сайын, қарым-қатынас экранға көбірек көшкен сайын, технологиялар адамдар арасындағы байланысқа тереңірек араласқан сайын қоғамды қоғам ететін қасиеттерді – құрметті, ар-намысты, жауапкершілікті, өзара сенімді, сөз мәдениетін, үлкенге ізет пен кішіге қамқорлықты сақтау соғұрлым маңызды.
Абай мен Шәкәрім жері үшін бұл әңгіменің мәні ерекше.
Біз білім, ар-ождан, әділет, еңбек және адамдық қадір-қасиет мәселелері бүгінгі саяси терминдер пайда болғаннан әлдеқайда бұрын қоғам алдына қойылған жерде өмір сүріп отырмыз.
Бірақ тарихи құндылықтарды жай ғана қайталап, дәйексөз ретінде келтіру жеткіліксіз. Оларды өз мінез-құлқымызбен дәлелдеуіміз керек.
Осы тұста мен тікелей Шәкәрім университеті қауымдастығына жүгінгім келеді.
Университет – мыңдаған түрлі мінез, көзқарас, тағдыр, жас пен өмір тарихы тоғысқан үлкен орта. Бізде танымал ғалымдар да, жас оқытушылар да еңбек етеді. Жанымызда университетті ондаған жыл бойы қалыптастырған ардагерлеріміз бар. Кеше ғана мектеп партасында отырған бірінші курс студенттері ортамызға келеді. Колледж жастары білім алуда. Шақырылған зерттеушілер мен шетелдік профессорлар жұмыс істейді. Ата-аналар келеді. Қазір болашақ мамандығын енді таңдап жатқан талапкерлер де өз шешімдерін қабылдауда.
Осы адамдардың барлығы өзін біртұтас университет қауымдастығының мүшесі ретінде сезінуі керек. Сондықтан өткен сайлаудан кейін мен саяси ұрандар туралы емес, өзіміздің кемелдігіміз бен жауапкершілігіміз туралы айтып отырмын.
Егер ел бірлік туралы айтса, ол біздің өзара қарым-қатынасымыздан көрінуі керек. Егер әділет туралы айтсақ, студент оны өз білімінің бағалануынан көруі тиіс. Егер еңбекке құрмет туралы айтсақ, профессорды да, жас оқытушыны да, зертхана қызметкерін де, техникалық жұмыскерді де бірдей құрметтеуіміз қажет. Егер жастарға сенім туралы айтсақ, оларға нақты міндеттер жүктеп, нақты нәтиже талап етуіміз керек. Білім сапасы – Shakarim University дипломы оның түлегінің кәсіби құзыреттілігімен дәлелденуге тиіс.
Ғылым – зерттеу бағыты ретінде жаңа білім мен нақты шешімдер әкелуі керек.
Ал егер Абай облысының дамуы туралы айтсақ, біздің университет сол дамуды қамтамасыз ете алатын адамдарды даярлауға міндетті.
Өңіріміз қазір үлкен өзгерістер кезеңінде тұр. Бірақ ешбір аймақ тек құрылыс, инвестиция немесе инфрақұрылымның арқасында ғана қуатты бола алмайды.
Оны қуатты ететін – осында қалатын, отбасын құратын, білім алатын, ғылыммен айналысатын, кәсіпорын ашатын, емдейтін, оқытатын, жобалайтын, зерттейтін және туған жері үшін жауапкершілік алатын адамдар. Сондықтан Shakarim University алдында маман даярлаудан әлдеқайда ауқымды міндет тұр. Біз өз болашағын Абай облысымен және Қазақстанмен байланыстыруды қалайтын ұрпақты қалыптастыруға көмектесуіміз керек.
Өткен сайлау Қазақстан қоғамының аса маңызды саяси кезеңдерден сабырмен өте алатынын тағы бір мәрте көрсетті.
Сайлауды жүздеген шетелдік бақылаушы және отандық ұйымдардың ондаған мың өкілі бақылады. Бірақ, меніңше, болып жатқан үдеріске ең басты бағаны азаматтардың өздері сайлауға қатысуы арқылы берді. Біз өз таңдауымызды жасадық.
Енді сенім артылған адамдар үшін келесі сын басталады.
Қуатты мемлекет тек жоғарыдан қабылданатын шешімдермен құрылмайды. Ол азаматтардың күн сайын қабылдайтын миллиондаған шешімінен және кездескенде айтылатын қарапайым ғана сәлемінен құралады.
Құрметті әріптестер, ардагерлер, ата-аналар, қымбатты студенттер, колледж білім алушылары мен талапкерлер!
Біздің көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін. Кемелденген қоғам үшін бұл – қалыпты жағдай. Бірақ саяси таңдауымыздан, қызметімізден, жасымыз бен мамандығымыздан да биік ортақ құндылықтарымыз бар. Олар: біздің еліміз, жеріміз. біздің балаларымыз, ортақ болашағымыз.
Бүгін әлем күннен күнге болжап болмайтын сипат алып келе жатқанда, Қазақстанның ішкі бірлігін, бір-бірімізге деген құрметті және өз жолымызға деген сенімді сақтай білу ерекше маңызға ие.
Бірлік – бәрінің бірдей ойлауы деген сөз емес. Бірлік – барлық айырмашылықтарға қарамастан, бір ел болып қалу және оның болашағына бірге жауап беру қабілеті. Ал әрқайсымыз үшін бұл жауапкершілік дәл қазір өзіміз тұрған жерден басталады. Біз үшін бұл жауапкершіліктің бастауы – Шәкәрім университеті.