Жаңалықтар 25.08.2026 72

Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы

Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы

Шәкәрім университетінде Құрылтай сайлауының қорытындыларын талқылауға арналған «Құрылтай: ғылыми ой, қоғамдық диалог, ұлттық мүдде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ғылыми зиялы қауым өкілдері бас қосқан пікірталас алаңында елдің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің мазмұны, сайлау нәтижелерінің қоғамдық маңызы және алдағы міндеттер талқыланды.

Басқосу барысында сайлау қорытындыларын кәсіби тұрғыдан саралап, оның қоғам дамуына ықпалын бағалау, азаматтық қатысу мәдениеті мен қоғамдық диалогтың маңызы жайында ойлар айтылды.

Талқылауға Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, «Жан-Ер» көпсалалы клиникасының құрылтайшысы Съезбек Ахметов, Alikhan Bokeikhan University проректоры Айрат Базенов, «Интеллектуалды жастар қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы Қуаныш Молдақашев, заңгер Айгерім Жұмақанова, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, сарапшы Нәзигүл Газизова, жас ғалым, PhD, қауымдастырылған профессор Ілияс Жұмаділов қатысып, Құрылтай сайлауының мән-маңызына тоқталды.

Дөңгелек үстелде сөз алған Думан Орынбеков пікір алмасуға қатысатын спикерлерді таныстыра отырып, қоғам өміріндегі маңызды өзгерістерге ғылыми-сараптамалық тұрғыдан баға беру, олардың себеп-салдарын саралау және алдағы даму бағдарын пайымдау академиялық қауымдастықтың маңызды миссияларының бірі екенін атап өтті. Яғни, Шәкәрім университеті тек білім мен ғылым беретін орта ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелер ашық талқыланатын, ғылыми ой мен қоғамдық пікір тоғысатын пікірталас алаңы болуға тиіс.

Спикер Съезбек Ахметов сайлауалды кезеңде өңірдің бірқатар ауыл-аймағын аралап, тұрғындармен жүздескенін, олардың ұсыныс-пікірлері мен көкейдегі мәселелерін тыңдағанын айтты. Сол кездесулер кезінде жастармен жүздесіп, олардың ел тағдырына бейжай қарамайтынына, қоғамдық мәселелерге өзіндік көзқарасы бар екеніне көзі жеткенін ризашылықпен атап өтті.

Айрат Базенов еліміздің қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайды таңдауға көшуінің негізгі себептеріне тоқталып, жаңа өкілді органның ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, Құрылтай – заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде қоғамның түрлі топтарының мүддесін бір саяси алаңда тоғыстыруға мүмкіндік береді.

Айрат Базенұлы жаңа модельдің тиімділігін заңдардың қаншалықты жылдам қабылдануымен ғана бағалауға болмайтынын атап өтті. Ең басты өлшем – қабылданатын заңдардың жан-жақты негізделуі, сапасы, өміршеңдігі және қоғамның нақты сұранысына жауап беруі. Бұл тұрғыда заң шығару үдерісінің мазмұны мен қабылданған шешімдердің қоғамдық маңызына басымдық берілуі қажет.

Еңбек жолын осы оқу орнынан бастаған Айрат Базеновтің пікірінше, бұрынғы қос палаталы модельде өкілдік пен заң шығару үдерісі екі деңгей арқылы жүзеге асса, жаңа Құрылтай осы процестерді біртұтас саяси алаңда шоғырландыруға бағытталған. Мұндай құрылым заң шығару бастамаларын талқылауды ықшамдап қана қоймай, әртүрлі қоғамдық пікірлердің бір алаңда тоғысуына, тиісті шешім қабылдаудың ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде сарапшы Нәзигүл Слямболқызы Құрылтайдың жаңа мемлекеттік институт ретінде қалыптасуының қоғамдық маңызына тоқталды.

«Кез келген жаңа мемлекеттік институттың қалыптасуы қоғам үшін үлкен маңызға ие. Құрылтай да ел азаматтарының мүддесін білдіріп, халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтатын маңызды өкілді органға айналады деген үміт әр қазақстандықтың көкейінде тұр десек, артық айтқандық емес. Оның қабылдайтын шешімдері мен заңнамалық бастамалары елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей әсер етпек»- деді ол.

Сарапшының айтуынша, Құрылтай алдында тұрған міндеттер аз емес. Экономиканың жаңа бағыттарын дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, өңірлердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім мен медицина сапасын арттыру секілді мәселелер қоғамның күн тәртібінен түспеуі тиіс. Сондықтан Құрылтайдың жұмысы қоғамдық сұранысты ескеріп, елдің стратегиялық даму басымдықтарымен сабақтасуы маңызды.

Жас ғалым Ілияс Жұмаділов өз сөзінде Мемлекет басшысының реформаларында білім, ғылым және жастар саясатына айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті.

Ғалымның айтуынша, соңғы жылдары студенттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы кезең-кезеңімен өсіп, ғылымды қаржыландыру көлемі бірнеше есеге ұлғайды. Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған гранттар, ғылыми тағылымдамалар мен зерттеу жүргізуге бағытталған жаңа мүмкіндіктердің көбеюі ғылыми әлеуетті арттыруға жол ашып отыр.

«Бұл – білім мен ғылымды мемлекеттің шығыны емес, елдің болашағына салынған инвестиция ретінде қарастыратын саясаттың нақты көрінісі»,-деді Ілияс Тоғанұлы.

Жас ғалым Қазақстанда жетекші шетелдік университеттер филиалдарының ашылуын да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалады. Бастапқы кезеңде бұл бастамаға қатысты әртүрлі пікір болғанымен, бүгінде шетелдік жоғары оқу орындарының келуі отандық білім беру кеңістігінде жаңа бәсекелестік қалыптастырып, университеттер алдына білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді дамыту және халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ету міндеттерін қойып отырғанын атап өтті. Өйткені бұл өңірлік университеттер үшін маңызды. Жаңа бәсекелестік олардың білім беру сапасын жетілдіріп қана қоймай, ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтіп, халықаралық деңгейдегі серіктестіктерді дамытуға жаңа серпін береді.

Құрылтайға қатысты жиынға қатысушылар спикерлерге сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды, өздерін толғандырған мәселелер бойынша ашық пікір алмасты. Жиналғандар уақыт белдеуін қалпына келтіру, әйел адамдардың зейнетке шығу жасын төмендету, су тапшылығы мәселелері орын алып отырғандығы, сонымен қатар, құқықтық мәдениет қалыптастыру, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге берілетін жеңілдіктер т.б. өзекті мәселелер жайында көзқарастарын білдірді.

Дөңгелек үстел барысында айтылған пікірлер Құрылтай сайлауының аяқталған саяси науқан емес, елдің дамуындағы жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер кезеңінің басталғанын көрсетті. Ал бұл үдерісте ғылыми қауымдастықтың сараптамалық пікірі, жастардың белсенділігі және қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы ашық диалогтың маңызы арта түспек.

Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы
Құрылтай – елдік мүдденің тоғысу алаңы

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру