Veterinary new step – ғылым мен тәжірибе тоғысы
Шәкәрім университетінде ветеринария саласының дамуына серпін беретін «Veterinary new step – Ғылым мен тәжірибе тоғысы» атты маңызды ғылыми іс-шара өтті. Аталған жиында университе ғалымдары ғылым мен тәжірибені ұштастыра отырып, ветеринария саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара аясында «8D091 Ветеринария» білім беру бағдарламасы бойынша Диссертациялық кеңестің ресми ашылуы өтті. Сондай-ақ, Диссертациялық кеңестің жұмыс тәртібіне сәйкес докторант Эльмира Абдуллинаның «Эпизоотологический мониторинг и ветеринарно-санитарные мероприятия при моракселлезе крупного рогатого скота на востоке Казахстана» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының кафедралық алдын-ала қорғауы ұйымдастырылып, ғылыми зерттеудің негізгі бағыттары мен нәтижелері таныстырылды.
Жиын барысында докторанттар мен постдокторанттардың гранттық қаржыландыру негізінде жүзеге асырылып жатқан ғылыми-зерттеу жобалары ұсынылды. Бұл жобалар ветеринария саласындағы заманауи ғылыми ізденістерді көрсетіп, тәжірибеге енгізу мүмкіндіктерін айқындады.
Ғылыми бағдарлама эпизоотология, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік, сондай-ақ мал шаруашылығындағы инновациялық ғылыми тәсілдер сияқты өзекті тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар аталған бағыттар бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісуге мүмкіндік алды.
«Шәкәрім университетінде өткен бұл іс-шараның негізгі мақсаты – Ветеринария кафедрасындағы “Ветеринария” білім беру бағдарламасы аясында ветеринариялық медицина және ветеринариялық санитария бағыттары бойынша Диссертациялық кеңестің ашылуына байланысты университеттің ғылыми әлеуетін саралау»,- деп атап өтті Агротехнопарк жетекшісі Шыңғыс Сүлейменов.
Оның айтуынша, ғылыми әлеуетті талдау профессор-оқытушылар құрамының зерттеу мүмкіндіктерін, ғылыми жобалардың мазмұнын және материалдық-техникалық базаның деңгейін бағалауға бағытталды. Бұл өз кезегінде ветеринария саласында білікті ғылыми кадрлар даярлауға және отандық ғылымды дамытуға серпін береді.
Ғылыми жиынға Абай облысының ветеринария қызметінің мамандары, шаруа қожалықтарының өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты. Іс-шара ветеринария ғылымын дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде жоғары бағаланды.