Білімді ұлт – әділетті қоғамның негізі
Шәкәрім университетінің ұжымына Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау бойынша үгіт-насихат жұмыстары аясында «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар туралы айтылды. Сайлауалды штаб өкілдері – Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков және Абай облысы Білім басқармасының Бородулиха ауданы білім бөліміне қарасты Камышенка орта мектебінің директоры Еркебұлан Болатханов партияның бағдарламасында қамтылған негізгі бағыттарға тоқталды.
Бағдарламада алдағы бес жылға арналған жеті стратегиялық басымдық қарастырылған. Жеке-жеке тоқталар болсақ:
Тұрғын үй. Жан басына шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізу, апатты тұрғын үйлерді жаңарту және проблемалы үлестік құрылыс нысандарын аяқтау міндеттері белгіленген.
Денсаулық сақтау. Мұнда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру, профилактикалық медицинаны дамыту көзделген.
Жұмыспен қамту. Партия әлеуметтік кепілдіктері бар, ресми еңбек шарттарымен қамтамасыз етілген 1 миллион сапалы жұмыс орнын құруды мақсат етеді.
Экономика. Орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға дейін арттыру, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту және қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту мәселелері қамтылған.
Ауылдарды дамыту. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңейту және жеңілдетілген микронесиелердің қолжетімділігін арттыру көзделеді.
Азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік. Агроөнеркәсіп кешені өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту, мұнай өндірісінің тұрақтылығын сақтау, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атом энергетикасының негізін қалыптастыру міндеттері ұсынылған.
Бағдарламаның жетінші бағыты елдің стратегиялық дамуы, мемлекеттік басқару мен қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру, заңдылықты нығайту және жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыру ұстанымдарымен сабақтас.
Жиын барысында білім мен адами капиталдың ел дамуындағы рөліне ерекше назар аударылды.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің айтуынша, бағдарламаның негізгі бағыттарын бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Өйткені олардың түпкі мәні – қоғамның тұрақты дамуына қажетті адами капиталды қалыптастырумен сабақтас.
«Бағдарламаның жеті бағытын өзара сабақтас, біртұтас жүйе ретінде қарастыруға болады. Оның өзегінде адам факторы тұр. Кез келген мемлекеттің ең басты капиталы – білімді, білікті және жауапкершілігі жоғары азамат. Ал мұндай тұлғаны қалыптастыруда отбасыдан кейін білім беру жүйесінің орны ерекше.
Бүгінде университеттің міндеті тек маман даярлап, диплом беру емес. Жоғары оқу орны – елдің болашағын қалыптастыратын орта. Сондықтан білім сапасы, ғылыми ізденіс, жастардың әлеуетін ашу және еңбек нарығына қажетті құзыреттерді қалыптастыру мәселелері әрдайым назарда болуы тиіс»,- деді Думан Орынбеков.
Ректор, сонымен қатар, бағдарламаның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп» және меритократия қағидаттарының білім беру саласы үшін де өзекті екенін атап өтті.
Оның пікірінше, ашықтық пен есептілік кез келген ұйымның тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Әсіресе басқару және бизнес-процестерді цифрландыру арқылы шешім қабылдау үдерістерінің ашықтығын арттыруға болады. Ал ашықтық пен заң талаптарын сақтау орныққан жерде қоғамдық сенім де нығая түседі.
«Меритократия қағидаты білім беру жүйесінде де нақты көрініс табуы қажет. Университетімізде жас мамандардың үлесі 50 пайыздан асады. Жастардың кәсіби білімі, еңбегі мен жауапкершілігіне қарай қызметтік және кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік беру – осы қағидаттың нақты көрінісі», – деді университет ректоры.
Кездесу барысында университет ұжымы өкілдері өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Өзара пікір алмасу форматында өткен жиын барысында білім беру, жастардың кәсіби дамуы, жұмыспен қамту және қоғамдағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру мәселелеріне қатысты ойлар айтылды.