Жаңалықтар 11.08.2026 159

Абай күні Shakarim University-де: «Әділет» партиясының бағдарламасы және ел дамуының өзекті мәселелері

Абай күні Shakarim University-де: «Әділет» партиясының бағдарламасы және ел дамуының өзекті мәселелері

10 тамыз – Абай Құнанбайұлының туған күні. Дәл осы күні «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Республикалық сайлауалды штаб Семейге келді. Абай ескерткішіне гүл қою рәсімінен кейін сапар бағдарламасы Shakarim University-де жалғасып, мұнда Абай облысының ақсақалдары, зиялы қауым, ғылым, білім саласының өкілдері және жұртшылықпен кездесу өтті.

Кездесуді Shakarim University ректоры Думан Орынбеков үйлестірді. Республикалық штаб атынан «Әділет» партиясының төрағасы, Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай, штаб мүшелері және Құрылтай депутаттығына кандидаттар қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы партияның бес жылға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы болды. Жиынның форматы бірден ашық диалогқа құрылды: бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылғаннан кейін сөз қатысушыларға беріліп, облыс тұрғындарын тікелей толғандыратын мәселелер талқыланды.

Қатысушылар алдында алғаш болып Құрылтай депутаттығына кандидат, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы сөз сөйледі.

Ол әңгімесін «әділет» ұғымының өзінен және оның Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы орнынан бастады. Дихан Қамзабекұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Әділет – біздің басты бағытымыз» деген сөзін еске салды.

Кандидаттың айтуынша, партияның миссиясы мемлекеттік өзгерістерді қолдаумен және әділет қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырумен байланысты. Сонымен қатар партия қоғам, заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге тиіс.

Семейде бұл әңгіме ерекше мазмұнға ие болды. Дихан Қамзабекұлы мемлекетті дамытудағы ғалымдардың, педагогтер мен зиялы қауымның рөліне тоқталып, білім сапасы, ғылым мен инновацияны қолдау, ұлттық мәдениет пен қоғамдық құндылықтарды сақтау мәселелерін көтерді.

Ол Абай облысына да арнайы тоқталды. Облысты құру туралы шешім Семейге әкімшілік орталық мәртебесін қайтарып, тарихи, мәдени және зияткерлік әлеуеті зор өңір дамуының жаңа кезеңін ашты. Кандидат атап өткендей, өңірдің алдағы дамуы осында тұрып, еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби және қоғамдық белсенділігіне де тікелей байланысты.

Абай облысы үшін бұл мәселелердің практикалық маңызы зор: өңірге жаңа өндірістер, заманауи инфрақұрылым, мықты ғылым, білікті мамандар және жастардың өз туған жерінде әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жағдай қажет.

Анар Фазылжан: мемлекеттік саясаттың нәтижесін адам сезінуі керек

Құрылтай депутаттығына кандидат Анар Фазылжан бағдарламаның әлеуметтік бағыты мен ғылымды мемлекеттік қолдау мәселелеріне назар аударды.

Ол бұған дейін саяси партияларға мүше болмағанын, алайда соңғы жылдардағы жүйелі өзгерістер қоғамдық-саяси үдерістерге белсендірек араласуына себеп болғанын айтты.

Нақты мысал ретінде Анар Фазылжан өзі басқаратын ғылыми институттағы жас зерттеушілердің жағдайын келтірді.

– Мен басқарып отырған ғылыми институттағы жас магистранттар мен докторанттардың бүгінде өз баспаналарына ие болу мүмкіндігі – мемлекеттің ғылымға көрсетіп отырған нақты қолдауының айқын көрінісі. Осындай жүйелі өзгерістер менің «Әділет» партиясына қосылуыма себеп болған факторлардың бірі болды. Мен осы бастамалардың жалғасуына өз үлесімді қосқым келеді,- деді Анар Фазылжан.

Оның сөзінде саяси бағдарламаның нәтижесі нақты көрсеткіштер арқылы бағалануы керектігіне басымдық берілді. 2031 жылға дейінгі негізгі межелер қатарында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу, 1 миллион жаңа жұмыс орнын ашу, орта бизнестің үлесін 20 пайызға дейін ұлғайту, ауылдық жерлердегі 1 миллион тұрғынның табысын арттыру міндеттері аталды.

Жеке бағыт елдің технологиялық трансформациясына арналған. Бағдарлама 5 миллион қазақстандықты жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану дағдыларына үйретуді көздейді. Сонымен қатар цифрлық сауаттылықты арттыру, азаматтарды жаңа цифрлық қатерлерден қорғау және технологиялық экономикаға қажетті кадрлар даярлау мәселелері қамтылған.

Кездесудің университет қабырғасында өтуін ескерсек, бағдарламаның бұл бөлігі ерекше мәнге ие. Жасанды интеллектінің, жаңа өндірістер мен цифрлық экономиканың дамуы мамандарға қойылатын талаптарды тікелей өзгертеді, сәйкесінше білім беру жүйесі мен ғылыми ортаға да жаңа міндеттер жүктейді.

Бес жылдық бағдарлама: баспана, жұмыс, ауыл, технология

Кездесу барысында қатысушыларға «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының негізгі әлеуметтік және экономикалық бағыттары таныстырылды.

Ірі бағыттардың бірі тұрғын үй саясатына арналған. Құрылыс көлемін арттыру бір жағынан тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі ретінде қарастырылса, екінші жағынан жұмыспен қамтуды ынталандырады: құрылыс саласы мамандарға деген сұранысты арттырып, сабақтас өндіріс салаларының дамуына серпін береді.

Тағы бір бағыт – сапалы жұмыс орындарын құру және еңбек адамының құқықтарын қорғау. Бағдарламада бұл міндет орта бизнесті дамыту, халық табысын арттыру және азаматтардың кәсіби әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтумен байланыстырылады.

Ауылдық аумақтар бойынша тұрғындардың табысын арттыру және ауылдың заманауи экономикасын дамыту міндеті белгіленген. Кеңірек қарағанда, бұл Қазақстанның азық-түлік дербестігін қамтамасыз етуге, отандық өндірісті дамытуға және сыртқы факторларға тәуелділікті азайтуға бағытталған.

Бағдарламаның елеулі бөлігі энергетикалық қауіпсіздікке, цифрландыруға, мәдениет пен спорт инфрақұрылымын дамытуға арналған. Кездесуде бүгінде тек Абай облысының өзінде 16 спорт нысаны салынып жатқаны айтылды.

Осылайша, бес жылдық бағдарлама кейін оның орындалу нәтижесін бағалауға мүмкіндік беретін нақты көрсеткіштер мен бағыттар арқылы таныстырылды.

Сөз – Абай облысының жұртшылығына

Кандидаттардың сөзінен кейін кездесудің ашық диалог бөлімі басталды.

Бұл жалпыұлттық деңгейдегі әңгімені тікелей Абай облысының күн тәртібіне көшіруге мүмкіндік берді.

Аға буын, ғылым, білім және шығармашылық зиялы қауым өкілдері өңірдің алдағы дамуы үшін маңызды деп санайтын мәселелерді ортаға салды. Өңірлік инфрақұрылым, отандық ғылым, білім, жастар, мәдениет және аумақтарды дамыту мәселелері көтерілді.

Пікірталасқа кездесу бағдарламасына сәйкес Қайрат Зекенұлы Сабырбаев, Жанар Чушекова, Құсмілия Нұрқасым, Кенжеш Мұқашев және Мұратқазы Алин қатысты.

Жекелеген сұрақтар мен ұсыныстар облыстың нақты міндеттеріне арналды.

Қалалық ардагерлер кеңесінің патриоттық тәрбие жөніндегі комиссиясының төрағасы Зейнолла Тоқаев облыс орталығының инфрақұрылымы мәселесін көтерді. Әлихан Бөкейхан атындағы университеттің деканы Лилия Мүслімқызы отандық ғылымды дамытуға назар аударды. Ақын Мерей Қарт пен М. Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева ұсынылған бастамалар жөніндегі өз пікірлерін білдірді.

Талқылау барысында инфрақұрылымды жаңғырту, Алакөл жағалауын одан әрі дамыту, Үржардағы әуежайды қайта жаңғырту жөнінде де ұсыныстар айтылды.

Осылайша, жалпы бағдарлама өңірлік мазмұнмен толықты: қатысушылар Семейге, облыс аудандарына, ғылыми-білім беру ортасына және осы өңірде өмір сүріп жатқан адамдарға қандай шешімдер қажет екенін талқылады.

Айбек Дәдебай: «Біз алдымен сіздерді тыңдау үшін келдік»

Кездесуді «Әділет» партиясының төрағасы, Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай қорытындылады.

Ол өңірге сапардың мақсаты тек сайлауалды бағдарламаны таныстырумен шектелмейтінін атап өтті.

Біз бүгін тек өз ойымызды айту, бағдарламамызбен таныстыру үшін ғана келген жоқпыз. Ең алдымен сіздерді тыңдау үшін келдік, – деді Айбек Дәдебай.

Оның айтуынша, «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы азаматтардың сұраныстарын ескере отырып қалыптастырылған және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпыұлттық бағытына, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттарына, сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі дамытуға негізделген.

Партия төрағасы «Заң мен тәртіп» қағидатының мәніне жеке тоқталды. Айбек Дәдебайдың айтуынша, оның мазмұны ең алдымен әрбір азаматтың құқығын қорғаудан көрінуі тиіс, ал мемлекеттік саясат адамның нақты қажеттіліктерінен туындауы қажет.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» дамытудың келесі кезеңі ретінде ол азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары нақты шешімдер қабылдауға негіз болатын модельге көшуді атады. Бұл үшін заманауи цифрлық құралдарды, жасанды интеллект пен Big Data мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану ұсынылады.

Айбек Дәдебай өңірлермен тікелей кері байланыстың маңызын атап өтіп, қатысушыларды өз ұсыныстары мен сын-пікірлерін ашық айтуға шақырды:

Барлық ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Одан сіздер де, біз де ұтамыз. Сындарлы шешімдерді өздеріңізден естуге әрқашан дайынбыз,- деді партия төрағасы.

Кездесудің қорытынды бөлігі бағдарламаны іске асыру тетіктеріне арналды: алдағы бес жылға қойылған міндеттер нақты мерзімдерді, нәтижеге деген жауапкершілікті және азаматтармен тұрақты өзара байланысты талап етеді.

Думан Орынбеков: университет мазмұнды қоғамдық диалог алаңы болды және солай қала береді

Кездесуді қорытындылай келе, Shakarim University ректоры Думан Орынбеков әңгіме барысында көтерілген мәселелердің ауқымына назар аударды.

Оның айтуынша, университет үшін бір аудиторияда саяси партия өкілдері, ғалымдар, педагогтер, шығармашылық зиялы қауым, ақсақалдар және өңір тұрғындары арасында тікелей диалогтың өтуі маңызды.

– Бүгін біз сайлауалды бағдарламаның ережелерін ғана тыңдаған жоқпыз. Абай облысы тұрғындарының өздерін толғандыратын мәселелерін естідік. Ғылым мен білім, инфрақұрылым, жұмыспен қамту, ауылдық аумақтарды дамыту, технологиялар, жасанды интеллект, өмір сапасы туралы айтылды. Бұлар әртүрлі бағыттар болғанымен, түптеп келгенде адамның мүмкіндіктері мен өңірдің болашағын айқындайды. Шәкәрім университеті үшін осындай әңгіменің кәсіби, ашық түрде және облысты жақсы білетін, оның дамуына жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың қатысуымен өтуіне мүмкіндік беретін алаң болу принципті тұрғыдан маңызды, – деді Думан Орынбеков.

Ректор кездесуде көтерілген мәселелердің университет қызметіне тікелей қатысы бар екенін атап өтті. Өңір экономикасына білікті мамандар қажет, технологиялық даму ғылымсыз мүмкін емес, ал жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жоғары білім беру жүйесіне мамандар даярлаудың мазмұны бойынша жаңа талаптар қояды.

Оның айтуынша, кездесудің 10 тамыз – Абайдың туған күнінде өтуі де айрықша мәнге ие.

– Абай күнінде, Абай жерінде біз Қазақстанның алдағы жылдары қандай болуы керектігі және оған қандай шешімдер қажет екені туралы әңгімелестік. Бұл жерде «әділет» сөзі өте нақты мағынаға ие болады. Ендігі мәселе – жарияланған қағидаттардың білімде, экономикада, әлеуметтік салада, технологияларда, өңірлерді дамытуда және адамның күнделікті өмірінде қалай жүзеге асатынында. Түптеп келгенде, кез келген бағдарламаның құндылығын оның нақты нәтижесі айқындайды,- деп түйіндеді Думан Орынбеков.

Шәкәрім университетіндегі кездесу «Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабының Абай облысына жұмыс сапары аясындағы маңызды алаңдардың бірі болды. Талқылау барысында өңір үшін өзекті мәселелердің кең ауқымы – инфрақұрылым мен әлеуметтік мәселелерден бастап ғылым, цифрландыру және кадр даярлауға дейінгі бағыттар қамтылды. Қатысушылар бұл ұсыныстарды бес жылдық бағдарламаны жүзеге асыру барысында ескеру қажеттігін атап өтті.

Абай күні Shakarim University-де: «Әділет» партиясының бағдарламасы және ел дамуының өзекті мәселелері
Абай күні Shakarim University-де: «Әділет» партиясының бағдарламасы және ел дамуының өзекті мәселелері
Абай күні Shakarim University-де: «Әділет» партиясының бағдарламасы және ел дамуының өзекті мәселелері

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру