Жаңалықтар 12.08.2026 45

12 тамыз – Халықаралық жастар күні

12 тамыз – Халықаралық жастар күні

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің құттықтауы

Құрметті достар!

Бүгін, 12 тамызда, әлемде Халықаралық жастар күні атап өтіледі.

Жастық шақ әрдайым үлкен үміттің, ізденіс пен таңдау жасаудың кезеңі. Ал бүгінгі буын аса қарқынды өзгерістер дәуірінде есейіп келеді. Жасанды интеллект мамандықтарды, жаңа технологиялар тұтас салаларды өзгертіп, ғылым осыдан аз уақыт бұрын мүмкін емес болып көрінген шешімдерді ұсынып отыр. Он, жиырма, отыз жылдан кейін әлемнің қандай болатынын айқындауда жастардың алар орны ерекше.

Бүгін Қазақстанда білімді, белсенді әрі ұтқыр жас ұрпақ өсіп келеді. Сіздер еліміздің және әлемнің үздік университеттерінде білім алып, ғылыми зерттеулермен айналысып, стартаптар құрып, жаңа технологияларды меңгеріп, қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрсіздер. Мемлекет жастарға білім гранттары, ғылыми бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, жас ғалымдар мен кәсіпкерлерді қолдау арқылы көптеген мүмкіндік ұсынып отыр.

Ең бастысы – сол мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білу.

Сонымен бірге 18–20 жаста барлық сұрақтың жауабын білу міндетті емес. Жастық шақтың құндылығы да осында: көп нәрсені алғаш рет байқап көруге болады. Мамандық таңдап, қажет болса шешіміңді өзгертуге, ғылыми зерттеу бастауға, өз жобаңды құруға, пікірлес адамдарды табуға, алғашқы маңызды кәсіби тәжірибе жинауға және әрі қарай қай бағытта дамығың келетінін айқындауға мүмкіндік бар.

Жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Шәкәрім университеті студенттермен қайта қауышып, бірінші курсқа қабылданған жастарымыз үшін өмірдің жаңа кезеңі басталады. Бірі Семейге алғаш рет келеді, енді бірі өз бетінше өмір сүруді бастайды. Болашақ әріптестерімен, жаңа достарымен танысып, таңдаған мамандығы мен ғылымдағы алғашқы қадамдарын жасайды.

Университет жас адамға білім берумен ғана шектелмеуі тиіс. Оның міндеті – дамуға, пікір алмасуға, зерттеуге, өз шешімдерін ұсынуға, жауапкершілік алуға және біртіндеп өз ісінің кәсіби маманы болып қалыптасуға мүмкіндік беретін орта құру.

Барша жастарға алдарына үлкен мақсат қоюдан қорықпай, білуге деген құштарлықтарын жоғалтпай, ең алдымен өздеріне талап қоя білуді тілеймін. Білім алыңыздар, ізденіңіздер, жаңалық ашыңыздар, жаңа бастамалардан қорықпай, жастық шақтың әрбір мүмкіндігін тиімді пайдаланыңыздар!

Естеріңізде болсын: бүгінгі білімдеріңіз, шешімдеріңіз бен еңбектеріңіз біртіндеп еліміздің болашағына айналады.

Халықаралық жастар күні құтты болсын!

Құрметпен, Думан Орынбеков

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру