Жаңалықтар 09.08.2026 203

Мектептің болашағы басшыдан басталады

Мектептің болашағы  басшыдан басталады

Оразбай ЖҰМАҒАЛИЕВ, Семей қаласындағы №44 жалпы орта білім беретін мектептің директоры

Бүгінде мектептің сапасы тек мұғалімдердің кәсіби біліктілігімен ғана өлшенбейді. Ол, ең алдымен, білім беру ұйымын басқарып отырған директордың басқарушылық мәдениетімен, көшбасшылық қабілетімен тығыз байланысты. Семей қаласындағы №44 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Оразбай Жұмағалиевтің пікірінше, басшының өзі білім алуды тоқтатса, білім беру ұйымының дамуы да баяулай бастайды. Сондықтан ол мектеп директоры бола тұра, Шәкәрім университетінің «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» (MBA) бағдарламасын таңдаған.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын мектеп директорына қойылатын басты талап – білім беру жүйесін жетік білу, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру және мемлекеттік стандарттардың орындалуын қамтамасыз ету деп есептелетін. Бүгінде мұның өзі жеткіліксіз.

Цифрлық технологиялардың, жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, білім берудегі жаңа тәсілдердің енгізілуі, ата-аналар мен қоғамның талап-тілегінің артуы мектеп басшысынан әкімшілік тәжірибеден әлдеқайда кең құзыреттілікті талап етеді. Қазіргі директор тек ұйымдастырушы емес, мектептің даму бағытын айқындайтын стратег әрі ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын көшбасшы болуы тиіс. Осындай түсінік мені Shakarim University-дің «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» (MBA) бағдарламасына алып келді.

Мектептің басты миссиясы – балаға сапалы білім беріп қана қоймай, оның жан-жақты дамуына жағдай жасау. Ал бұл міндетті жүзеге асыру үшін педагогикалық ұжымды тиімді басқару, білім беру ортасын үздіксіз жетілдіру, жаңа тәсілдерді енгізу және үнемі даму жолында болу қажет. MBA бағдарламасы осы мәселелердің барлығына жаңаша көзқараспен қарауыма мүмкіндік берді.

Көп жағдайда мектеп басшысы күнделікті шешілуі тиіс сан алуан мәселелердің ортасында жүреді. Мұндай қарбаласта білім беру ұйымының бес немесе он жылдан кейін қандай деңгейде болуы керектігі туралы стратегиялық ойлау кейінге ысырылып қалуы мүмкін.

Ал бүгінгі заман басшысы алдағыны болжай білуі керек. Ол өзгерістерге жай ғана бейімделіп қоймай, ұжымын сол өзгерістерге алдын ала дайындай алуы тиіс.

Оқу барысында түйген ең маңызды ойлардың бірі – басшының шынайы рөлін тереңірек түсіну болды. Кез келген білім беру ұйымының ең үлкен байлығы – оның ұстаздары. Сондықтан адамдарды басқару – мектеп директорына қажет ең маңызды құзыреттердің бірі. Егер басшының өзі білім алуды тоқтатса, мұғалімдерден үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамуды талап ету мүмкін емес. Сол себепті өмір бойы білім алу – бүгінгі басшы мамандығының табиғи қағидасына айналуы тиіс.

MBA бағдарламасында оқу мен үшін басқарушылық шешімдерді салмақты қабылдауға, мектептің даму мүмкіндіктерін жаңа қырынан бағалауға жол ашты.

Бүгінде балаға тек білім беру жеткіліксіз. Қажет ақпараттың бәрін ол санаулы секундтың ішінде таба алады. Сондықтан ең маңызды міндет – оқушыны ойлауға, талдай білуге, командада жұмыс істеуге, өз бетінше шешім қабылдап, сол шешімі үшін жауапкершілік алуға үйрету.

Технология қаншалықты қарқынды дамыса да, дәл осы қасиеттер әрқашан өз құндылығын жоғалтпайды.

Shakarim University басшыларға тек жаңа білім беріп қана қоймай, өздерінің кәсіби тәжірибесін қайта саралап, жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беретін заманауи білім беру ортасын қалыптастырып отыр.

Шынайы білім алу ешқашан аяқталмайды. Әсіресе өзгенің тағдыры мен болашағына жауапты мамандық иелері үшін бұл – басты қағида.

Менің берік сенімім – мектептің болашағы жаңа оқулықтардан да, ең озық технологиялардан да бұрын басталады. Ол – өмір бойы ізденуден танбайтын, өзі де әрдайым шәкірт болып қала алатын басшыдан басталады.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру