Үздіктерге құрмет: Shakarim-Abai білім көпірі
Білім алушылардың академиялық жетістіктерін ынталандыру, білімге деген құштарлығын арттыру және рухани-мәдени дүниетанымын кеңейту мақсатында 2026 жылғы 15–19 маусым аралығында «Үздік IGPA – үлкен мүмкіндік: Shakarim–Abai білім көпірі» атты тарихи-танымдық сапар ұйымдастырылды.
Жоба аясында оқу, ғылым, спорт және қоғамдық қызмет бағыттарында жоғары нәтижелер көрсетіп, интегралды GPA (IGPA) көрсеткіштері бойынша іріктелген университеттің ТОП-45 үздік білім алушысы марапатталып, арнайы танымдық сапарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Іссапардың басты мақсаты – жастардың тарихи-мәдени танымын кеңейту, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, туған жер табиғатына құрмет сезімін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және студенттердің мәдени ортаға деген қызығушылығын дамыту болды.
Сапар бағдарламасы аясында Шәкәрім университетінің үздік студенттері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім беру және ғылыми әлеуетімен танысты. Бұл кездесу білім алушыларға жоғары білім беру кеңістігіндегі тәжірибелермен танысып, кәсіби бағдарын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қатысушылар Алматы қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің туристік және мәдени әлеуетімен танысты. Танымдық бағыттағы саяхат барысында студенттер Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейін, Дінмұхамед Қонаев музейін және Almaty Museum of Arts (Алматының қазіргі заманғы өнер музейі) аралап, ұлттық мұра мен заманауи өнер кеңістігінің ерекшеліктеріне қанықты, ел тарихы мен мәдени дамуының сабақтастығына тереңірек үңілді.
Табиғаттың қайталанбас жауһарлары саналатын Шарын шатқалы мен Көлсай көлдеріне сапар жасап, Қазақстанның табиғи байлығы мен көркем ландшафттарының ерекшелігін көзбен көрді. Бұл саяхат студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатты қорғау құндылықтарын дәріптеуге және туған жердің табиғатына деген құрмет сезімін арттыруға ықпал етті.
Сондай-ақ қатысушылар Көктөбе демалыс аймағында болып, Алматы қаласының көркем келбетімен танысты. Таным мен тәжірибені ұштастырған бұл сапар студенттердің рухани көкжиегін кеңейтіп, мәдени ортаға қызығушылығын арттыруға және отансүйгіштік құндылықтарын нығайтуға мүмкіндік берді.
«Үздік IGPA – Үлкен мүмкіндік: Shakarim–Abai білім көпірі» жобасы – үздік нәтижеге қол жеткізген білім алушыларды ынталандырумен қатар, олардың тұлғалық дамуына, дүниетанымын кеңейтуге және жаңа білім көкжиектерін ашуға бағытталған маңызды бастама.
Шәкәрім университеті алдағы уақытта да білім алушылардың жетістігін қолдауға және олардың жан-жақты дамуына ықпал ететін осындай тағылымды жобаларды жалғастыра береді.