Мазмұнға өту
Жаңалықтар 03.11.2026 182

«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен

«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен

Шәкәрім университетінің «Шәкәрімтану» ғылыми орталығында ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспа ісінің тарихын зерделеуге арналған «Жәрдем» баспа компаниясы» ғылыми жинағының тұсаукесері өтті. Тағылымды іс-шараға «Жәрдем» баспа компаниясының директоры Айдар Ғали-Арыстанұлы, университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері, ғалымдар, білім алушылар мен оқушылар қатысты.

Тұсаукесер рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген университет ректоры Думан Орынбеков ғылыми жинақтың тарихи және рухани маңызына тоқталып, «Жәрдем» баспасының қазақ қоғамының ағартушылық өміріндегі айрықша орнын атап өтті.

- Ұсынылып отырған жинақ ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспа ісінің қалыптасу үдерісін, соның ішінде 115 жылдық тарихы бар алғашқы Алаш баспаларының бірі – «Жәрдем» баспасының тарихи-мәдени қызметін кешенді ғылыми тұрғыда зерделеуге арналған. Баспа Алаш қайраткерлерінің идеяларын таратып, қазақ қоғамында оқу мәдениетін қалыптастыруға, білім мен ғылымның өрісін кеңейтуге зор үлес қосты,- деді ректор.

Сондай-ақ, Думан Рымғалиұлы Шәкәрім шығармашылығы мен «Жәрдем» баспасының тарихи байланысына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» сынды шығармаларының осы баспаханадан алғаш жарық көруі – университет үшін де, Семей өңірінің рухани тарихы үшін де маңызды дерек.

Ректор тарихи мұраны жаңғыртып, «Жәрдем» атауын қайта түлетуге күш салып жүрген баспа директоры, университет түлегі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айдар Ғали-Арыстанұлының еңбегіне ризашылығын білдірді.

Іс-шараның тағы бір маңызды сәті – Шәкәрімнің аудармашылық мұрасына қатысты тың деректің таныстырылуы болды. Ойшылдың Сәбит Мұқановқа жазған хатында америкалық жазушы Гарриет Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» («Uncle Tom’s Cabin») романын қазақ тіліне аударғаны туралы мәлімет кездеседі. Осы тарихи деректі ескере отырып, Думан Рымғалиұлы Нью-Йорк қаласына жасаған сапары барысында аталған шығарманың ағылшын тіліндегі бір данасын алып келген. Тұсаукесер аясында кітап Шәкәрім музейінің қорына салтанатты түрде тапсырылды. Бұл – ойшылдың аудармашылық мұрасын одан әрі зерттеуге серпін беретін құнды қадам.

Жиында Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай да «Жәрдем» баспасының Алаш тарихындағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, Семейдің «Тұңғыштар мекені» атануының өзіндік тарихи негізі бар. Соның бірі – қазақ жеріндегі алғашқы баспаханалардың бірі саналатын «Жәрдемнің» осы қалада ашылуы.

-Бұл баспахана жай ғана кітап шығаратын орын болған жоқ. Ол – Алаш қайраткерлерінің идеялық мұратын, елдік мүддесін халыққа жеткізген рухани орталық. Әлихан, Ахмет бастаған Алаш зиялыларының баспа ісін дамытуға атсалысуы қазақтың ұлттық тарихы мен мәдениетін танытуда айрықша рөл атқарды,- деді Тұрдықұл Қасенұлы.

Ол сондай-ақ «Жәрдем» баспасының тарихи атауы қайта жаңғырғаннан бері баспахана мен ғылыми орталық арасындағы ынтымақтастықтың жалғасып келе жатқанын атап өтті. Бұл ретте баспаның 115 жылдығына арналған ғылыми отырыс ұйымдастырылып, кейін халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілген болатын. Бүгінгі таныстырылымға ұсынылған жинақ – сол ғылыми ізденістер мен пікір алмасулардың нәтижесі.

Ғылыми жинаққа енгізілген зерттеулерде Алаш қайраткерлерінің баспа қызметін ұйымдастырудағы көзқарастары, кітап шығару ісін дамыту тәжірибесі, қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қызметінің өзара сабақтастығы кеңінен қарастырылған. Сонымен қатар, «Жәрдем» баспасының қазақ қоғамындағы оқу мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі, ұлттық баспа ісінің даму ерекшеліктері мен тарихи маңызы ғылыми тұрғыда сараланған. Жинаққа тарихшы ғалымдар мен жас зерттеушілердің ғылыми еңбектері және конференция материалдары енген.

Өз кезегінде «Жәрдем» баспа компаниясының директоры Айдар Ғали-Арыстанұлы тарихи баспаны қайта жаңғырту идеясының қалай туындағанын баяндады.

-«Жәрдем» баспасының атауын қайта жаңғырту идеясы 2002 жылдардан басталды. Сол кезде Тұрдықұл Қасенұлы ағамыз: “Алаш элитасының қалыптасуы осы баспадан басталған. Сондықтан “Жәрдемнің” аты өшпеуі керек. Бұл – Алашқа қосқан үлесің болады” деген еді. Сол сөз маған үлкен ой салды. Алаш тарихы мен мәдениетінің бастауын іздесек, оның бір арнасы баспа ісімен тығыз байланысты екенін көреміз. Еуропа Гутенбергті, Америка Бенджамин Франклиннің баспа ісін қалай дәріптесе, біз де Алаш баспаханасының тарихын солай ұлықтауымыз керек»,- деді Айдар Қалиев.

Сондай-ақ ол тарихи атауды сақтап, баспа жұмысын жалғастырудың оңай еместігін, бұл істің үлкен жауапкершілік пен қаржылық қолдауды қажет ететінін де жеткізді. Дегенмен, басты мақсаты материалдық пайдадан бұрын ұлттық тарихтың бір парағын қайта жаңғырту екенін атап өтті. Баспа директоры өзі білім алған оқу орнының басшылығы мен ғалымдарына осы бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, іс-шара аясында университетке жаңадан қосылған қызметкерлерге де құрмет көрсетілді. «Шәкәрімтану» ғылыми орталығының басшысы Тұрдықұл Қасенұлы ректордың уәкілі Қамар Назарбекқызына, Педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Мөлдір Сейдинаға, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Ақжібек Ахметке «Шәкәрім» журналының топтамасын табыс етті.

Сонымен қатар,Шәкәрім ғылыми музейінің жетекшісі Гүлнұр Төртенованың ұйымдастыруымен қатысушылар назарына "Жәрдем баспасының тарихы" атты көрме ұсынылды. Көрме арқылы келушілер тарихи баспаның қалыптасу кезеңдерімен, баспа ісінің даму жолымен және оның Алаш руханиятындағы орнымен танысты.

Тағылымды басқосудың басты мақсаты – ұлттық баспа тарихына қатысты жаңа ғылыми зерттеулерді көпшілікке таныстыру, Алаш мұрасын тереңірек зерделеуге жол ашу және жас зерттеушілердің ғылыми ізденісіне бағыт-бағдар беру. «Жәрдем» баспасының тарихына арналған бұл жинақ – өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, ұлттық рухани мұраны ұлықтауға қосылған маңызды үлес.

«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен
«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен
«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен
«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен
«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен
«Жәрдем» баспасы – Алаш мұрасын жаңғыртқан тарихи мекен

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру