Мазмұнға өту
Жаңалықтар 30.10.2026 16

Өңірдің жетекші мекемелері әріптестікті нығайтуға уағдаласты

Абай облысында білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған басқосу өтіп, бірқатар мекеме арасында өзара әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Басты мақсат – өңірдің білім беру және ғылыми әлеуетін арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету, сондай-ақ, ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тұрақты әріптестік орнату.

Жиынға Қазақстанның Еңбек Ері Алма Сайдахметова, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, Alikhan Bokeikhan University ректоры Александр Койчубаев, Абай облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қаламқас Әнкежанова, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Абай облыстық ұйымының төрағасы Сәбит Ибраев, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бас редакторы Раушан Елеукенова, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының басшысы Мерей Қарт, сондай-ақ мектеп директорларының орынбасарлары мен әдіскерлер қатысты.

Басқосу барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Абай облысы бойынша кәсіби даму институтының жаңадан ашылған филиалының жұмысы мен өңір педагогтерінің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Институт филиалының директоры Дидар Асқарова жаңа құрылымның ашылуы өңірдегі білім беру жүйесін дамытуға тың мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, облыста 18 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Білім беру саласындағы үздіксіз өзгерістер мұғалімдердің кәсіби құзыретін тұрақты жетілдіріп, жаңа оқыту әдістері мен технологияларын меңгеруін талап етеді.

«Мұғалімнің кәсіби дамуы – білім сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі. Сондықтан біліктілікті арттыру курстары педагогтардың білімін жаңартумен ғана шектелмей, олардың кәсіби өсуіне жүйелі қолдау көрсетуі керек. Бүгін өңіріміздегі алты мекемемен ынтымақтастық орнатуға қадам жасап отырмыз. Бұл өзара тәжірибе алмасуға, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және педагогтарды қолдаудың жаңа тетіктерін қалыптастыруға жол ашады»- деді Дидар Асқарова.

Ұлағатты ұстаз Алма Сайдахметова да мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен оқушының ойлау қабілетін дамыту арасындағы байланысты атап өтті. Оның пікірінше, білім беру үдерісінде балаға дайын ақпаратты ұсынумен шектелмей, өздігінен ойлануға, ізденуге және шешім қабылдауға үйрету қажет. Бұл міндетті нәтижелі жүзеге асыру үшін педагогтың кәсіби деңгейі жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа филиалдың қызметі мұғалімдердің әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өңірдегі оқытушылар қауымының кәсіби дамуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Ол жоғары оқу орындары мен біліктілікті арттыру институттары арасындағы байланысты нығайту білім беру сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді дейді. Университеттің негізгі міндеттерінің бірі – білікті педагог кадрларды даярлау болса, «Өрлеу» институтының қызметі еңбек етіп жүрген мұғалімдердің кәсіби білімін жаңартып, біліктілігін жүйелі түрде арттырумен сабақтасады. Сондықтан педагогтардың үздіксіз білім алуына бағытталған жұмыс заман талабына сай ұйымдастырылып, нақты нәтижеге бағдарлануы қажет.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған Шәкәрім университеті мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Абай облысы бойынша кәсіби даму институтының филиалы кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, оқытудың озық әдістері мен технологияларын енгізу, ғылыми ақпарат алмасу, инновациялық жобаларды бірлесіп әзірлеу бағыттарында ынтымақтастық орнатуды көздейді. Сонымен қатар ғылыми іс-шаралар өткізу, ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектер әзірлеу, инклюзивті білім беру қағидаттарын дамыту мәселелеріне де басымдық беріледі.

Бүгін қол қойылған құжаттар өңірдегі білім беру, ғылым және мәдениет мекемелерінің өзара байланысын нығайтып, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға негіз қалайды. Әсіресе жоғары оқу орындарының ғылыми-әдістемелік әлеуетін педагогтардың кәсіби дамуымен ұштастыру білім сапасын арттыруға және білім беру жүйесінің жаңа талаптарға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Өңірдегі жетекші мекемелердің күш-жігерін біріктіретін бұл әріптестік білім беру саласындағы ортақ міндеттерді шешуге, педагогтардың кәсіби әлеуетін дамытуға және жас ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру