Шәкәрім университеті мен «Білім-инновация» ынтымақтастығы
Шәкәрім университетіне «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында университет ректоры Думан Орынбековпен кездесу өтіп, білім беру саласындағы өзара ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Кездесу бағыттарының бірі – педагог кадрларын даярлау, олардың кәсіби әлеуетін дамыту және жоғары білім мен орта білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту.
Бұл әріптестіктің өзектілігін өңірдегі білім беру инфрақұрылымының кеңеюі де айқындай түседі. Атап айтсақ, бүгін Семей қаласының Қарағайлы ауданында дарынды балаларға арналған жаңа облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің құрылысы басталды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желі парақшаларында жарияланды.
Аталған бастама өңірдегі дарынды оқушылардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, білім беру саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту қажеттілігін де арттыра түседі.
Осы ретте Шәкәрім университетінің мүмкіндіктері ерекше. Университет жаратылыстану ғылымдары бағытында білім беретін шет тілді педагог мамандарын
даярлаумен қатар, заманауи білім беру талаптарына сай білікті кадрлар қалыптастыруға бағытталған. Бұл – өңірдегі мамандандырылған білім беру ұйымдарын кәсіби педагогтермен қамтамасыз етуге үлес қоса алатын маңызды әлеует.
Жаңа мектеп – сапалы білімнің жаңа мүмкіндігі. Ал, сол мүмкіндікті жүзеге асыратын негізгі күш – білікті педагог. Сондықтан, Шәкәрім университеті мен «Білім-инновация» қоры арасындағы ынтымақтастық өңірдің адами капиталын дамытуға және білім беру жүйесінің сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.