Шәкәрім университеті Азияның үздік 500 университетінің қатарына енді
Шәкәрім университетінің ректоры, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Думан Орынбековтің университет қауымдастығына үндеуі
Құрметті әріптестер, оқытушылар, ғалымдар, қызметкерлер және Shakarim University студенттері!
Бүгін, 3 қарашада, QS Asia University Rankings 2027 халықаралық рейтингінің нәтижелері жарияланды. Университетіміз бір жыл ішінде 41 орынға жоғарылап, Азия университеттері арасында 452-орынға ие болды және 26 ел мен аумақтан қатысқан жоғары оқу орындарының 73,9 пайызын басып озды. Орталық Азияда Шәкәрім университеті 27-орында тұр.
Біз әлемдегі ең ірі әрі бәсекелестік деңгейі жоғары білім беру кеңістіктерінің бірі саналатын Азияның үздік 500 университетінің қатарына ендік.
Алайда бұл нәтиженің мәні рейтингтегі орынмен ғана шектелмейді. Ол университетімізде жүріп жатқан өзгерістерді, халықаралық бәсекеге қабілеттілігіміздің нығаюын және Семей қаласының, Абай облысының, тұтас Қазақстанның дамуына ашылатын жаңа мүмкіндіктерді көрсетеді.
Рейтингтік позицияларды қалпына келтіруден орнықты өсуге дейін
Бес рейтингтік кезең ішінде Shakarim University күрделі даму жолынан өтті:
2023 жыл – 501–550-орындар аралығы;
2024 жыл – 601–650-орындар аралығы;
2025 жыл – 501–520-орындар аралығы;
2026 жыл – 493-орын;
2027 жыл – 452-орын.
2024 жылғы төмендеуден кейін университет қатарынан үш рейтингтік кезең бойы өз позициясын жақсартып келеді.
Бұдан да маңыздысы – рейтингке қатысушы өзге университеттермен салыстырғандағы орнымыздың өзгеруі. 2024 жылы Шәкәрім университеті Азия рейтингіндегі университеттердің 24,3 пайызын басып озса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 47,4 пайызға, 2026 жылы 67,9 пайызға жетті. Ал бүгін ол 73,9 пайызды құрап отыр.
Үш жыл ішінде біз халықаралық академиялық кеңістіктегі орнымызды елеулі түрде өзгерттік.
Бұл жетістіктің маңызын бәсекелестік ауқымымен байланыстыра бағалау қажет. Біз Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Үндістан және Азияның өзге де елдерінің университеттерімен бір рейтингтік кеңістікте бағаланамыз. Олардың көпшілігінің қуатты зерттеу инфрақұрылымы, ауқымды ресурстары және ондаған жылдар бойы қалыптасқан халықаралық академиялық беделі бар.
Осындай жағдайда Қазақстанның өңірлік университетінің алға жылжуы айрықша мәнге ие.
Біз Shakarim University-дің білім беру, ғылым, халықаралық ынтымақтастық және технологиялық ортасын жүйелі жаңғыртудың нәтижесін көріп отырмыз. Сонымен бірге алдағы өсу университеттегі институционалдық өзгерістерді одан әрі тереңдетуді талап етеді.
Бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайтын мықты позициялар
Жалпы рейтингтік көрсеткіштің артында нақты жетістіктер тұр.
Студенттердің шетелге академиялық ұтқырлығы бойынша Азияда 52-орын. Бұл критерий бойынша университет QS жүйесіндегі ең жоғары көрсеткіш – 100 балл жинады.
Біз үшін бұл – зор маңызы бар нәтиже. Халықаралық академиялық тәжірибе тек ірі университеттік орталықтардың студенттеріне ғана қолжетімді болмауы тиіс. Семейде білім алуды таңдаған жас шетелдік оқытушылардан дәріс алуға, академиялық алмасу бағдарламаларына қатысуға, жетекші білім беру және ғылыми мектептердің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік алуы қажет.
Шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша Азияда 195-орын – бір жылда 37 позицияға өсу. Бұл халықаралық академиялық ықпалдастықтың кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы ынтымақтастықты тұрақты бірлескен білім беру бағдарламаларына, ғылыми зерттеулерге және өз оқытушыларымыздың кәсіби құзыреттерін дамытуға бағыттау.
Тағы екі көрсеткіштің стратегиялық маңызы ерекше:
Академиялық бедел бойынша 265-орын – 16 позицияға өсу.
Жұмыс берушілер арасындағы бедел бойынша 325-орын – 14 позицияға өсу.
Бұл екі критерий жиынтығында QS Asia University Rankings рейтингінің қорытынды бағасының 50 пайызын құрайды.
Олардың мәні статистикалық көрсеткіштерден әлдеқайда терең. Академиялық бедел университеттің білім беру және ғылыми қызметін кәсіби қауымдастықтың мойындауын білдірсе, жұмыс берушілер арасындағы бедел түлектеріміздің даярлық сапасына берілген бағаны көрсетеді.
Мұндай нәтижелерге тек жаңа ғимараттар салу немесе әкімшілік шешімдер қабылдау арқылы қол жеткізу мүмкін емес. Олар білім сапасы, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі, оқытушылардың кәсібилігі, түлектердің жетістіктері және серіктестердің сенімі арқылы қалыптасады.
Екі бағыттағы өсім университеттің ең маңызды құндылықтарының бірі – оның академиялық беделінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Шәкәрім университеті Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде
Бүгінде университеттер тек рейтингтік орындар үшін ғана емес, интеллектуалдық капитал, ғылыми ресурстар, технологиялар, халықаралық жобалар және қоғам сенімі үшін бәсекеге түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында елді технологиялық жаңғырту, ғылымды дамыту, жаңа экономикаға қажетті кадрларды даярлау және жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөніндегі ауқымды міндеттерді белгіледі.
Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Бұл тек инфрақұрылымды жаңғыртуды ғана емес, инженерлерге, технологтарға, зерттеушілерге және цифрлық экономика мамандарына деген сұраныстың артуын да білдіреді. Осы өзгерістердің кадрлық және ғылыми негізін қамтамасыз ету міндеті университеттерге жүктеледі.
Өңірлік жоғары оқу орындарының жауапкершілігі ерекше. Олар халықаралық стандарттарға сай болумен шектелмей, өз өңірлерінің экономикалық және технологиялық саясатының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс.
Шәкәрім университеті үшін бұл – Абай облысының әкімдігі жүзеге асырып отырған өңірлік даму стратегиясымен ықпалдастықты тереңдету: кәсіпорындардың қажеттілігіне сәйкес мамандар даярлау, бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізу, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, аграрлық және өнеркәсіптік технологияларды дамыту.
Университетте қалыптасып келе жатқан институттар «білім – ғылым – өндіріс – өңірлік экономика» біртұтас жүйесінің нақты жұмыс істейтін буындарына айналуы қажет.
Халықаралық бедел және университетке деген сенім
Биылғы оқу жылында Shakarim University 2600-ден астам бірінші курс студентін қабылдады. Өткен жылмен салыстырғанда қабылдау көлемі шамамен төрттен бірге артты.
Бұл – соңғы жылдардағы ең маңызды нәтижелердің бірі.
Біз білім беру бағдарламаларын, зертханалар мен оқу кеңістіктерін жаңартып, халықаралық ынтымақтастықты, ғылыми зерттеулерді, цифрлық технологияларды және студенттік кәсіпкерлікті дамытып келеміз.
Халықаралық жетістіктеріміздің маңызы дәл осы тұрғыдан айқындала түседі.
Алайда жекелеген рейтингтік позицияларға сүйеніп, өзімізді көшбасшы деп жариялау қателік болар еді.
Шынайы көшбасшылық нақты дәлелдерге негізделуі тиіс: еңбек нарығында сұранысқа ие түлектер, қуатты ғылыми мектептер, өз технологияларымыз, нәтижелі халықаралық серіктестіктер және өңір мен ел экономикасына қосылған нақты үлес.
Біздің міндетіміз – халықаралық мойындауды университеттің орнықты институционалдық әлеуетіне айналдыру. Shakarim уақыт талабына жауап беріп қана қоймай, Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын іске асыруға тікелей қатысатын университет болуы тиіс.
Университеттік ортаның өзі өзгеріп келеді.
Бірақ мұнда одан да маңызды мәселе бар. Халықаралық рейтинг университетті көрсеткіштер арқылы бағалайды. Ал талапкерлер мен олардың ата-аналары бізді сенім арқылы бағалайды.
Олар жас адамның кәсіби және тұлғалық болашағын айқындайтын өмірінің бірнеше жылын бізге сеніп тапсырады.
Сондықтан әрбір жаңа нысан, зертхана, халықаралық келісім немесе цифрлық шешім өлшенетін нақты нәтиже беруі тиіс. Ол – жаңа құзыреттер, ғылыми зерттеулер, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жүзеге асқан жобалар мен әзірлемелер.
Беделдің өсуі білім сапасының артуымен қатар жүруі қажет. Әйтпесе рейтингтегі ілгерілеудің ұзақ мерзімді құндылығы болмайды.
Қуатты университет – Абай облысының стратегиялық ресурсы
Қазақстан үшін өңірлік университеттерді дамыту тек білім беру саясатының мәселесі емес. Бұл – адами капиталды нығайту, технологиялық дербестікке қол жеткізу және өңірлердің орнықты дамуын қамтамасыз ету мәселесі.
Shakarim University тарихи және интеллектуалдық мұрасы аса бай Семей қаласында орналасқан. Біздің өңірге заманауи инженерлік, аграрлық, цифрлық және зерттеушілік құзыреттер қажет.
Сондықтан біз университеттің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін Абай облысын дамытудың маңызды құралы ретінде қарастырамыз.
Шетелдік серіктестіктеріміз бірлескен зерттеулер мен жаңа технологияларға жол ашуы тиіс. Зертханалар экономиканың нақты міндеттерін шешуге жұмыс істеуі қажет. Білім беру бағдарламалары өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына, білім беру саласына және цифрлық секторға қажетті мамандар даярлауға бағытталуы тиіс.
Shakarim Elevate Hub-ты дамыту, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді күшейту, өз цифрлық шешімдеріміз бен қолданбалы әзірлемелерімізді қалыптастыру университеттің жаңа моделін орнықтырып келеді.
Біз білімді негізінен жеткізуші институттан жаңа білім мен технологияларды жасаушы, оларды тәжірибеде қолданушы және коммерцияландырушы университетке жүйелі түрде көшіп келеміз.
Жастар Семейде білім алып қана қоймай, зерттеу тобына қосылуға, өз өнімін әзірлеуге, кәсіпорын құруға және кәсіби мақсаттарын туған өңірінде жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс.
Біздің облыс үшін бұл – талантты жастарды өңірде сақтап қалу және өзіндік интеллектуалдық әрі технологиялық ортаны қалыптастыру мәселесі.
Шәкәрім университетінің халықаралық деңгейде ілгерілеуінің басты стратегиялық мәнін мен дәл осыдан көремін.
Рейтинг жетістіктерімізді ғана емес, әлсіз тұстарымызды да көрсетеді
Құрметті әріптестер!
Халықаралық рейтинг бізге мықты бағыттарымызды ғана емес, бәсекеге қабілеттілігіміз әлі де жеткіліксіз салаларды объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Академиялық ұтқырлық пен шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша жоғары позицияларға ие болғанымызбен, бір оқытушыға шаққандағы ғылыми жарияланымдар саны, ғылыми еңбектердің дәйексөзделуі және халықаралық зерттеу желісі бойынша Shakarim алғашқы 500 университеттің қатарына әлі енген жоқ.
Бұл – университетті басқару жүйесі үшін айрықша маңызды белгі.
Біз ғылыми мектептерді нығайтып, қуатты зерттеу топтарын қалыптастыруымыз, жарияланымдардың сапасын арттырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуіміз және зерттеулердің қолданбалы нәтижелілігін күшейтуіміз қажет.
Алайда мен ғылыми дамуды сандық көрсеткіштерді формалды орындаумен алмастыруға үзілді-кесілді қарсымын.
Ғылыми нәтижелілік есептердің санымен емес, жаңа білімнің сапасымен, зерттеулердің халықаралық деңгейде мойындалуымен және олардың нақты қолданылуымен өлшенеді.
Shakarim дамуының келесі кезеңі ғылыми әлеуетті соған сай күшейтпейінше мүмкін болмайды.
Сондықтан рейтинг нәтижелері нақты басқарушылық шешімдердің негізіне айналуы тиіс.
Әрбір құрылымдық бөлімше білім беру бағдарламаларының сапасына, ғылыми нәтижелілікке, халықаралық ынтымақтастыққа, түлектерді даярлауға және университеттік ортаның тиімділігіне қосатын өз үлесін нақты түсінуі қажет.
Барлық деңгейдегі басшылардан формалды есептерді емес, дәлелденген нәтижелерді күтемін. Олар – нақты жүзеге асырылып жатқан жобалар, сапалы ғылыми зерттеулер, сұранысқа ие әзірлемелер, іске асқан келісімдер және өлшенетін өзгерістер.
Халықаралық бәсекеге қабілеттілік – рейтингтермен айналысатын жекелеген бөлімшелердің ғана емес, бүкіл университеттің ортақ жауапкершілігі.
Жетістіктің артында университет ұжымы тұр
Бүгін профессорларымызға, оқытушыларымызға, ғалымдарымыз бен жас зерттеушілерімізге, мектептер мен кафедралардың, ғылыми орталықтардың, әкімшілік және техникалық бөлімшелердің басшыларына алғысымды білдіремін.
Рейтингтегі әрбір ілгерілеудің артында ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламалары, халықаралық байланыстар, инфрақұрылымды жаңарту және үлкен ұжымның күнделікті еңбегі тұр.
Студенттерімізге ерекше алғыс айтамын.
Сіздердің оқудағы, ғылымдағы, халықаралық бағдарламалардағы, конкурстардағы және технологиялық жобалардағы жетістіктеріңіз Shakarim-нің беделін ресми рейтингтік көрсеткіштерден кем қалыптастырмайды.
Азиядағы 452-орын – бәріміздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Бірақ бұл түпкі мақсат емес.
Біз өзімізден бұрынғыдан да жоғары жауапкершілікті талап ететін деңгейге көтерілдік.
Келесі кезең – сапаға негізделген өсу
Бүгінде Шәкәрім университеті халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайтып келеді. Біз негізгі көрсеткіштер бойынша ілгерілеуді, талапкерлер сенімінің артуын, халықаралық мүмкіндіктердің кеңеюін және университет инфрақұрылымының жаңаруын көріп отырмыз.
Ендігі міндет – осы жетістіктердің барлығын орнықты институционалдық жүйеге біріктіру.
Ғылым білім сапасын күшейтуі тиіс. Халықаралық серіктестіктер жаңа зерттеу мүмкіндіктерін қалыптастыруы қажет. Цифрландыру басқару тиімділігін арттырып, өз технологияларымыздың пайда болуына жол ашуы тиіс. Мамандар даярлау экономиканың нақты қажеттіліктеріне жауап беруі керек.
Бұл жұмыстың нәтижелері тек халықаралық рейтингтерден ғана емес, Семей қаласының, Абай облысының және Қазақстанның дамуынан да көрінуі тиіс.
Алдымызда ауқымды әрі жауапты жұмыс тұр. Біз құрылымдық бөлімшелердің нәтижелерін жан-жақты бағалап, күшейтуді қажет ететін бағыттарды айқындауымыз және университет дамуының келесі кезеңі үшін дербес жауапкершілікті нақты бекітуіміз қажет.
Shakarim University Азияның үздік 500 университетінің қатарына енді. Ендігі міндетіміз – қол жеткізген позицияларымызды ғылымның, білімнің және басқарудың орнықты сапасына айналдыру.
Shakarim атауының артында Семей тұр. Университеттің дамуымен Абай облысының жаңа мүмкіндіктері байланысты. Әрбір жетістігіміздің негізінде оның болашағын күн сайын қалыптастырып жүрген адамдардың еңбегі жатыр.
Сондықтан біздің келесі нәтижеміз рейтингтегі орынмен ғана емес, университеттің, өңірдің және еліміздің қаншалықты күшейгенімен өлшенуі тиіс.
Баршаңызға алғыс білдіремін!