Ұлттық рухты жаңғыртқан «Ұлттық спорт күні»
Шәкәрім университетінде «Digital Nauryz – 2026» жобасы аясында «Наурызнама» онкүндігі жалғасуда. Онкүндік барысында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған «Ұлттық спорт күні» ерекше мазмұнмен аталып өтті.
Спорттық іс-шара қазақ халқының төл мұрасын, салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарын дәріптеуге бағытталды. Іс-шараны Дене шынықтыру және спорт кафедрасы, Спорт клубы, Студенттік Парламент бірлесіп ұйымдастырды.
Университет білім алушылары спорт бәсекесіне белсенді қатысып, ата-бабадан мирас болған ұлттық ойын түрлерін жаңғыртуға үлес қосты.
Жарыс барысында қатысушылар «Қара жорға» биін билеп, ұлттық өнердің әсемдігін көрсетті. Сонымен қатар «Аламан бәйге», «Теңге ілу», «Тақым», «Бес асық» және «Арқан тарту» сынды ұлттық ойындардан сынға түсті.
Бұл іс-шара тек жарыс қана емес, ұлттық рухты оятып, жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастыратын маңызды алаң болды. Қатысушылар өзара бақ сынап қана қоймай, достық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
«Ұлттық спорт күні» – ұлттық мұраны дәріптеудің жарқын үлгісі. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, оларды құрметтеуге баулиды.
Ұлттық ойындар – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны сақтау, дамыту және келер ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз!