Жаңалықтар 23.06.2026 142

Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі

Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі

Шәкәрім университеті жанындағы Шәкәрімтану ғылыми орталығында қарбалас шақ. Осы орталыққа қарасты Шәкәрім ғылыми музейінің екінші залында құрылыс-жөндеу жұмысы басталып кетті. Оның артынан реставрациялық, одан музейлендіру жұмыстары және оны ғылыми-концепциялық жұмыстар түйіндемек.

Осы қарқынды да қарбалас жұмыстармен қатар келіп жатқан қуанышты жаңалықтар да жоқ емес. Шәкәрімтану ғылыми орталығының басшысы, әдебиеттанушы-философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрдықұл Шаңбай Мақаншы ауданының дамуына қосқан үлесі үшін «Дарабоз» төсбелгісімен марапатталды. Медальді аудан әкімінің орынбасары Рахат Абдрахманов табыстады.

Биылғы жылы мамыр айында Түркі мемлекеттері саммитінде ел басшылары қасиетті Түркістан қаласында бас қосты. Қонақтарға сыйға берілген «Түркістан – түрк елі» екі томдық халықаралық энциклопедиясының негізгі құрастырушысы да – Тұрдықұл Қасенұлы. Жақында осы екі томдық энциклопедия барлық түркі елдері тілдеріне аударылады деген жақсы хабар жетті. Тұрдықұл Қасенұлы сол қуаныштың презентациясына баруға дайындалып жүргенін қуанышпен айтты. Жақында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөз сөйлеп: «Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек» дегені шартарапқа тарады. Тұрдықұл Қасенұлының осыдан 22 жыл бұрын «Алтын Орда» балалар энциклопедиясын дайындағанын біліп, журналистер еліміздің түпкір-түпкірінен хабарласып, сұхбат алып жатқан жайы бар. Астана, Алматы қаласының телеарналары сұхбатқа шақыруда.

Осы аптада Шәкәрім университеті жанындағы осы орталыққа «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің белгілі ғалымдары Нұрлан Анарбаев, Самет Оқан, Асқар Шакировтар Тұрдықұл Қасенұлын арнайы іздеп келіп, сұхбат құрып қайтты. Нұрлан Анарбаев өзінің Асқар Әкімхановпен бірге қазақ тіліне аударған қасиетті ҚҰРАН КӘРІМДІ табыстады. Самет Оқан өзінің «Исламдағы келісім – қоғам тұтастығы» еңбегін ағасына құрметпен сыйлады. Өз кезегінде Тұрдықұл Шаңбай «Шәкәрім» ғылыми-танымдық журналын бере отырып, шығармашылық байланысты үзбеуге шақырды. Тұрдықұл Қасенұлы бұрыннан бұл университетпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Университет жанындағы Шәкәрімтану ғылыми орталығында қайнап жатқан жұмысты көріп, шабыттанып қайттық. Пассионарлық қуатпен еңбек етіп жатқан қадірменді ағамыз Тұрдықұл Қасенұлына шығармашылық табыс тілейміз. Шәкәрімтану ғылыми орталығының көкжиегі көркем болсын.

Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі
Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі
Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі
Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі
Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі
Шәкәрімтану ғылыми орталығындағы жақсы жаңалықтар легі

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру