Жаңалықтар 26.06.2026 97

Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды

Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды

Бүгін жылдағы дәстүрге сәйкес Шәкәрім университетінің бітіруші түлектеріне арналған «Graduation 2026» диплом табыстау салтанаты өтті. Түлектерге диплом табыстау салтанатына Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев қатысты.

Бұл жолғы маңызды шарада Шәкәрім университетінің биылғы оқу жылын 1904 түлек тәмамдап, мамандық иесі атанып отыр. Оның ішінде 1773 түлек бакалавр дәрежесін, 122-сі магистр дәрежесін алса, 23 жас ғалым PhD докторантураны аяқтағанын атап айтқан жөн. Ерекше үлгідегі диплом алуға үздік 188 студент лайық деп танылды. Бакалавриатта күндізгі бөлім бойынша барлығы 1307 студент оқыса, оның 881-і мемлекеттік грант иегері, 113-і әкім гранты, 14-і «Қазақстан халқына» қоры бойынша, ал 4 түлек ректор гранты бойынша білім алды.

Салтанатты рәсімде Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков түлектерді құттықтай отырып, оқу ордасының қол жеткізген табыстарына да тоқталды.

-Өз құттықтауымды маңызды жаңалықтан бастағым келеді. 24 маусым күні жарияланған халықаралық Times Higher Education Sustainability рейтингінің нәтижесіне сәйкес Шәкәрім университеті Қазақстанның ең үздік 10 университетінің қатарына енді. Әлемнің 1600-ден астам университеті бағаланған рейтингте біз 801-1000 орын аралығында көріндік. Бұл, әрине, университет оқытушыларының, ғалымдарының, қызметкерлердің, студенттердің және бүгін осы ерекше сәтке жиналған түлектердің ортақ еңбегінің нәтижесі.

Сондықтан бүгінгі күн диплом алу рәсімі ғана емес. Бұл – сіздердің Шәкәрім университетінің тарихындағы өз үлестеріңіздің жарқын көрінісі,- деді ол.

Ректор сонымен қатар түлектерге арнаған сөзінде университет тәмамдаған мамандық иелерінің барлығы да ел дамуына өте қажет екендігін, сондықтан зор жауапкершілік әрі өз ісіне адал білікті кадр болуға шақыратындығын да атап өтіп, ата-аналарға да шынайы ризашылығын білдірді.

-Қымбатты түлектер!

Бүгін дипломмен бірге әрқайсыңыз ректордың хатын аласыздар. Сол хатты сақтап қойыңыздар. Жылдар өте келе оны қайта ашып оқитын күн келеді.

Сол кезде бүгінгі өздеріңізді – арманына сенген, болашағына үмітпен қараған жастарды еске аласыздар.

Сондықтан батыл қадам жасаңыздар. Үлкен мақсат қойыңыздар. Үнемі дамып отырыңыздар.

Сіздерге үлкен сенім артамыз және әр жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз. Армандарыңыз асқақ, болашақтарыңыз жарқын болсын!- деді ректор Д. Орынбеков.

Қала әкімі Әділет Қожанбаев өз құттықтау сөзінде бүгінгі күннің әрбір түлек үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

- Бүгінгі күн – көп жылғы қажырлы еңбектің, ізденіс пен табандылықтың жемісі. Бұл – тек диплом алатын күн ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, үлкен өмірге қанат қағатын тарихи сәт-, дей келіп, -Шәкәрім университеті – киелі Абай өңірінің ғана емес, еліміздің жоғары білім беру жүйесінде өзіндік орны бар, ғасырдан астам тарихы қалыптасқан беделді оқу орны. Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленген білім ордасы ғылым мен білімді ұштастырып, ел дамуына үлес қосатын білікті мамандарды тәрбиелеп келеді,- деді ол.

Дипломдарын қолдарына алып, студенттік шақпен қоштасқан түлектер үшін бұл күн – қуаныш пен толқынысқа толы ерекше сәт. Солардың бірі – «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының түлегі Айбар Төкенов.

– Осы төрт жыл ішінде Шәкәрім университеті бізге тек сапалы білім ғана емес, өмірлік тәрбие мен мол тәжірибе сыйлады. Бұл орта менің тұлға ретінде қалыптасуыма үлкен ықпал етті. Алдағы мақсатым – магистратураға түсіп, білімімді одан әрі жетілдіру. Егер ол жоспарым жүзеге аспай жатса, ауылға барып, алған білімімді ел игілігіне жұмсағым келеді. Студенттік жылдары қазақ күресі мен дзюдо спортынан спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындадым. Бұл жетістіктеріме университеттің қолдауы мен ұстаздарымның еңбегі зор,- дейді жас маман.

Түлектердің қуанышына ортақтасқан ата-аналар мен жақындары да университет ұжымына, тәлім берген ұстаздарға шынайы алғыстарын білдірді.

Аягөз ауданының Қарағаш ауылынан келген Талғат Жүсіпбаев немересі Әйгерім Талғатованың жетістігіне ерекше қуанышты екенін жеткізді.

Бүгін немерем Шәкәрім университетін сәтті аяқтап, қолына дипломын алды. Ол ««Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып, бүгінде ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгерген жас маман атанып отыр. Бұл – оның талпынысы мен ізденісінің, сондай-ақ университет ұстаздарының сапалы білім мен өнегелі тәрбиесінің жемісі деп білемін. Осындай білім ордасында оқып, жан-жақты қалыптасқанына ризамыз. Немерімнің қанаты қатайып, қай салада болса да биік белестерді бағындырып, елінің дамуына өз үлесін қосатын білікті маман боларына сенемін. Университет басшылығына, ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіремін,- деді ол.

Студенттік шақтың ең жарқын беттері тарихқа айналғанымен, бүгінгі күн – жаңа өмірдің бастауы. Әр дипломның артында тынымсыз еңбек, ата-ананың ақ тілегі, ұстаздың тәлімі мен жастық арман жатыр. Енді сол арман үлкен мақсаттарға ұласып, Шәкәрім университетінің түлектері қай өңірде, қай салада қызмет етсе де, алған білімін ел игілігіне жұмсап, Қазақстанның дамуына өзіндік үлес қосарына сенім мол.

 

 

Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды
Тағы бір толқын жас маман үлкен өмірге аттанды

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру