Ұлттық Құрылтай: ел дамуының өзекті бағыттары
Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Маңызды жиында Мемлекет басшысы ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, білім мен ғылымды дамыту, цифрландыру, ұлттық руханиятты нығайту және жастарды қолдау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Президент өз сөзін елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің мәні мен ішкі қисынын түсіндіруден бастады. Соңғы жылдары Қазақстан терең әрі ауқымды саяси жаңару кезеңін бастан өткерді. Бұл реформалардың өзегінде мемлекеттік институттардың сыртқы бейнесін өзгерту емес, олардың мазмұнын күшейту, сондай-ақ жаңа заманның сын-қатерлеріне нақты жауап бере алу қабілетін арттыру тұр. Мемлекеттің тұрақтылығын сақтау, құқықтық мәдениетті нығайту және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру негізгі басымдық ретінде айқындалды. Осы себепті жүргізіліп жатқан реформаларда саннан гөрі сапаға және олардың бір-бірімен өзара сабақтастығына ерекше мән берілді.
Осы тұрғыда Қазақстан Республикасында Вице-президент институтын енгізу және оны Конституцияда бекіту жөніндегі бастама айтылды. Президент бұл қадам елімізде соңғы жылдары кезең-кезеңімен қалыптасқан тұтас саяси жүйені логикалық тұрғыда толықтыратынын атап өтті. Сонымен бірге, бұл өзгеріс президенттік билікті әлсіретуге бағытталмағаны нақты айтылды. Керісінше, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеген президенттік басқару үлгісі сақталып қана қоймай, одан әрі нығая түседі.
Сонымен қатар, Конституциялық комиссия құру және Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңіне қадам басу туралы мәлімдеме ерекше маңызға ие болды. Бұл бастама елдің билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті, қоғам мүддесін және заманауи басқару талаптарын ескеретін жаңартылған конституциялық модель қалыптастыруға бағытталған. Іс жүзінде Қазақстан құқықтық және саяси жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтерудің маңызды кезеңінің алдында тұр.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи миссиялары орындалғанын атап өтіп, олардың орнына Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды. Жаңа органның басты мақсаты – қазақ мемлекеттілігін және еліміздің Тәуелсіздігін нығайту жолындағы стратегиялық сабақтастықты сақтау болмақ.
Ұлттық құрылтайда рухани құндылықтар мен ұлттық бірегейлік мәселесі де кеңінен қозғалды. Мемлекет басшысы Абай ілімінің маңызын ерекше атап өтті.
«Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Қазіргі “Адал азамат” тұжырымдамасы ұлы ойшылдың “Толық адам” идеясымен тығыз астасып жатыр»- деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу қажеттігін, бұған қоса, Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдерін жүйелі түрде дәріптеудің маңызын айтып, ұлттық мұраны сақтау және ұрпаққа аманаттау – басты міндет екеніне де тоқталды.
Жиында жастардың ел дамуына қосып отырған үлесі жоғары бағаланды. «Жастардың күш-қуаты мен жасампаздығы кез келген салаға серпін береді»- деді Президент.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы елдің болашақ дамуына бағытталған нақты міндеттерді айқындап, қоғам үшін маңызды шешімдер қабылданған мазмұнды алаңға айналды.