Жаңалықтар 01.06.2026 137

Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді

Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді

31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің құрбандарын еске алатын күн. Бұл дата – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық нәубетінің зардабын тартқан миллиондаған тағдырдың мұңын ұмытпауға үндейтін, тарихи жадымызды жаңғыртатын ерекше күн.

Осыған орай Шәкәрім университетінің ұжымы ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті.

Жиында сөз сөйлеген университет ректоры Думан Орынбеков тарихи әділеттілікті сақтау мен ұлттық жадыны жаңғыртудың маңызын атап өтті.

– Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу – өткенге көз жүгіртіп қана қою емес, ұлт тарихының ауыр сабақтарын терең түсіну. Сол зұлмат жылдардың құрбаны болған тұлғалардың бірі – есімі университетімізге берілген Шәкәрім Құдайбердіұлы. Оның есімін халық жадынан өшіруге тырысқан кезеңдер болғанымен, ақиқат пен руханияттың шамшырағы болған мұрасы уақыт тезінен сүрінбей өтті. Бүгінде Шәкәрім еңбектері ұлттық құндылықтарымыздың алтын арқауына айналды,- деді ректор.

Думан Рымғалиұлы өз сөзінде 31 мамыр мен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні арасындағы терең рухани байланысты ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өткеннің қасіретін еске алу – тарихты сақтау үшін ғана емес, мұндай зұлматтың енді ешқашан қайталанбауы үшін қажет. Ал Алаш зиялылары аңсаған азат та білімді қоғамның негізі – қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып жатқан жас ұрпақ.

Іс-шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұхтарбек Кәрімов кеңестік тоталитарлық жүйенің табиғаты мен оның қазақ қоғамына әкелген зардаптары жөнінде ой қозғады. Ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры сол дәуірдің шындығын айқын көрсететінін айтып, қазіргі таңда ақын мұрасын зерттеу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді.

Іс-шара барысында сөз алған университет жанындағы Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Тұрдықұл Шаңбай оқу орны басшылығының ұлы ойшыл мұрасын жаңғырту жолындағы жүйелі жұмыстарына тоқталды. Ол бір кезеңде қызметі тоқтап қалған Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығының қайта жандануы мен «Шәкәрім» журналының жарыққа қайта шығуы университет ректоры Думан Рымғалиұлының қолдауымен жүзеге асқанын жеткізді. Сонымен қатар университет жанынан Шәкәрім ғылыми музейінің ашылуы және Қытайда «Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығының құрылуы ақын мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға жол ашқан маңызды бастамалар екенін айтты.

Өз сөзінде ол Шәкәрім мұрасын зерттеу мен дәріптеу университет ұжымының тарихи әрі рухани жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті.

– Біз Шәкәрім есімін иеленіп отырған білім ордасы болғандықтан, оның шығармашылығын зерттеп, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Шәкәрім – саяси қуғын-сүргіннің ең ауыр зардабын көрген тұлғалардың қатарынан. Ұлттың ұлы перзентіне жасалған қиянат – халқымыздың тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі. Сондықтан бүгін атқарып жүрген жұмыстарымызды ерлік деп емес, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге қосқан үлесіміз, рухани парызымыз деп түсінген жөн. Шәкәрім мұрасы белгілі бір сала мамандарына ғана емес, бүкіл қоғамға ортақ құндылық болуы тиіс. Осы бағытта кафедра меңгерушілерімен бірлесіп, студенттер мен жастарға арналған шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, ақын шығармаларын қытай тіліне аударып, халықаралық ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын қолға алдық,- деді Тұрдықұл Шаңбай.

Тарих – өткеннің шежіресі ғана емес, келешектің де бағдары. Ұлттың рухани тұтастығы тарихи жадтың беріктігімен өлшенеді. Сондықтан саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу – өткенге құрмет қана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Шәкәрім рухына тағзым ету арқылы университет қауымы әділеттің, ардың және рухани сабақтастықтың мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айшықтады.

Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді
Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді
Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді
Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді
Ұлт жадындағы жара: Шәкәрім рухына құрмет көрсетілді

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру