Тарихи жәдігерлерді зерттеуге арналған зертхана ашылды
Бүгін Шәкәрім университетінде Археологиялық зертхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа ғылыми кабинет Абай облысының тарихи-археологиялық мұрасын зерттеуге, қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан зерделеуге және болашақ археолог мамандардың тәжірибелік даярлығын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Абай өңірінің тарихи және археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстары қарқын алып келеді. Бұған Шәкәрім университетінің еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп жүзеге асырған ғылыми жобалары мен бағдарламалары елеулі үлес қосуда. Жаңа зертхананың ашылуы осы бағыттағы ізденістерді тереңдетіп, ғылыми нәтижелерді жүйелеуге жол ашады.
Зертхананы салтанатты түрде ашу құрметі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясының құрметті академигі, сондай-ақ Стамбұл Айдын университетінің тарих ғылымдарының докторы (PhD), доцент, Тарих және археология кафедрасының меңгерушісі Елвин Йылдырымға берілді.
Келесі кезекте «Тарих және өнер» кафедрасының меңгерушісі Ботабек Төкішқадыров қонақтарды зертхананың жұмыс бағыттары мен материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен таныстырды.
Жаңа зертхана археологиялық олжаларды зерттеу мен сақтаудың ғана емес, студенттердің кәсіби машығын қалыптастырудың да маңызды орталығына айналады. Мұнда білім алушылар қазба жұмыстары кезінде табылған заттармен тікелей жұмыс істеп, оларды ғылыми тұрғыдан сипаттау, саралау және талдау әдістерін меңгереді. Зертхана қажетті құрал-жабдықтармен университет қаражаты және ғылыми жобалар аясында толық қамтамасыз етілген.
Археологиялық зертхананың ашылу рәсімінде тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алтын Орда» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қанат Еңсенов те ізгі тілегін білдірді. Ол Шәкәрім университетінің археологиялық зерттеулер бағытындағы жұмыстарының тамыры тереңде жатқанын атап өтті.
«Шәкәрім университетінде археологиялық зертхананың ашылуы – қуантарлық жағдай. Университет оқытушылары білім алушыларды 1999 жылдан бері археологиялық экспедицияларға қатыстырып келеді. Алғашқы экспедиция Шыңғыстау – Сарыкөл – Текебұлақ бағытында ұйымдастырылып, 2000 жылы Берел экспедициясымен жалғасын тапты. Сол кезде тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев, Зейнолла Самашев, Амантай Исин, Ерлан Сайлаубай ағаларымызбен бірге жұмыс істедік. Содан бері экспедициялық зерттеулер жыл сайын жалғасып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Ендігі міндет – сол зерттеулердің нәтижелерін арнайы зертханада жинақтап, жәдігерлерді сақтап, ғылыми тұрғыдан зерделеп, жас ұрпаққа таныстыру. Бұл ретте археологиялық зерттеулерге ұзақ жылдар бойы жетекшілік етіп келе жатқан Амантай Исаұлы Исиннің еңбегі зор,- деген ғалым Семей өңірінің тарихи-мәдени мұрасы әлі де терең зерттеуді қажет ететінін айтып, өлкеміздегі тарихи мекендерде археологиялық ізденістер жүргізуге мүмкіндік мол екенін жеткізді. Ол университетте осындай зертхананың ашылуын өңір археологиясының дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағалады.
Археологиялық зертхана ашу бастамасы университетте археология және антропология бағытындағы мамандар даярлау ісімен де сабақтас. 2025 жылдан бастап «Тарих және өнер» кафедрасында «Тарих және археология», «Тарих және антропология» білім беру бағдарламалары ашылып, осы салалар бойынша кәсіби мамандар даярлаудың негізі қаланды. Осылайша, Шәкәрім университеті отандық тарих ғылымын дамытуға және археологиялық зерттеулер жүргізуге қажетті кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының қатарын толықтырып отыр.
Университеттің соңғы үш жылда жүзеге асырған ғылыми жобалары аясында Абай өңіріндегі бірегей археологиялық кешендердің бірі – Қаратұмсық қонысында қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижелері бұл нысанның ғылыми әлеуеті зор екенін және оны зерделеу жұмыстарының алдағы жылдары да жалғасатынын көрсетіп отыр. Бүгінде Қаратұмсық кешені университеттің жас тарихшылары мен археологтары үшін тәжірибелік зерттеу алаңына айналып отыр.
Салтанатты іс-шарадан кейін алыстан келген қонақтарға университет қабырғасында ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұрпақ сабақтастығын сақтау және тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында ашылған Этно музей таныстырылды. Қонақтар музей қорындағы тарихи-этнографиялық жәдігерлермен танысып, өңірдің мәдени мұрасын сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстарға назар аударды.