Мазмұнға өту
Жаңалықтар 27.11.2026 123

Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет

Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет

Шәкәрім университетінде отандық тарих ғылымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалымдар, университет профессорлары Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімов пен Амантай Исаұлы Исиннің 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ тарихын зерттеудің кезеңдік және өңірлік аспектілері: тарихи және этноархеологиялық ізденістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ғылыми басқосу Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін талқылауға, тарихи және археологиялық зерттеулердің нәтижелерін саралауға, өңірлік тарихты зерделеу бағытындағы ғылыми ізденістерді сабақтастыруға арналды. Сонымен қатар конференция аясында мерейтой иелерінің отандық тарих ғылымына қосқан үлесі, ғылыми мұрасы мен шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі кеңінен бағамдалды.

Конференцияны ашқан Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков тарих ғылымының ұлттың тарихи жадын қалыптастырудағы және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі маңызына тоқталды. Ол өткенді тану, тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан баға беру, халқымыздың қалыптасуы мен даму жолындағы әр кезеңнің ерекшеліктерін зерделеу отандық тарих ғылымының маңызды міндеттері екенін атап өтті. Сондай-ақ университеттің қос профессорының ғылыми еңбектеріне жеке тоқталып, олардың зерттеу бағыттары мен ғылымға сіңірген еңбегіне жоғары баға берді.

«Мұхтарбек Қарпықұлы – XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастарын, тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін, шежірелік деректерді және Алаш қозғалысының тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалым. Ол ұзақ жылдар бойы тарихшы мамандар даярлап, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп келеді.

Ал Амантай Исаұлы – қазақтың ортағасырлық тарихын зерттеп жүрген санаулы медиевист ғалымдардың бірі. Ресей архивтеріндегі Қазақ хандығына қатысты деректерді ғылыми айналымға енгізуі, Қазақ хандығы мен Ноғай Ордасы арасындағы тарихи байланыстарды зерделеуі, сондай-ақ, археологиялық ізденістері отандық тарих ғылымы үшін айрықша маңызды»,- деді ол.

Конференция аясында мерейтой иелеріне құрмет көрсетіліп, бірқатар марапаттар табысталды. Алдымен Шәкәрім университетінің ректоры Думан Рымғалиұлы қос ғалымға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қаныш Сәтбаев» медалін табыс етті.

Алғашқы құттықтау сөз Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омарханға берілді. Ол Абай облысының әкімі Берік Уәлидің құттықтауын жеткізіп, мерейтой иелерінің тұлғалық болмысы мен ғылым жолындағы еңбегіне ерекше тоқталды.

«Алыстан үлгі іздемей-ақ, нағыз ғалымның тұлғасын, ғалымға тән мінезді осы өз ортамыздағы ағаларымыздың бойынан көре аламыз. Бүгінгі конференция төрінде бас қосып қатар отырған ағаларымыз қандай құрметке болсын лайық»- деген Жанжігіт Абзалбекұлы облыс әкімінің атынан қос ғалымға Абай облысының дамуына және рухани-мәдени өміріне қосқан үлесі үшін «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл қос ғалымның еңбектері Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал екенін атап өтті. Сондай-ақ олардың бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырғанына тоқталды. Сөзінің соңында Еркін Аманжолұлы мерейтой иелеріне Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырмановтың құттықтау хатын тапсырды.

Келесі кезекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай университет ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтауын жеткізді. Ол отандық білім мен ғылымды дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Мұхтарбек Кәрімов пен Амантай Исинге университеттің «Күлтегін» медалін табыс етті.

Сонымен қатар, Семей қаласының прокуроры Мейіржан Қалиасқаров және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы мерейтой иелеріне ізгі тілектерін арнап, сый-сияпаттарын ұсынды.

Конференцияның Пленарлық мәжілісінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, Қазақстан Ғылым академиясының құрметті академигі Ахмет Тоқтабай (Алматы) «Қыпшақ мәмлүктерінің салтаттылық өнері» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым өз сөзінде қыпшақ мәмлүктерінің әскери және атбегілік дәстүрлеріне, салт атпен жүру мәдениетіне тоқталып, олардың әлемдік тарих пен өркениеттегі орнына қатысты тың деректер мен ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.

Ал тарих ғылымдарының докторы (PhD), доцент, Стамбұл Айдын университетінің Тарих және археология кафедрасының меңгерушісі Елвин Йылдырым (Elvin Yıldırım, Түркия) Ертіс алабының қола дәуіріндегі мәдени дамуы және Семей өңірінің Еуразия археологиясындағы орны туралы баяндама ұсынды. Зерттеуші өңірдің ежелгі мәдениеттерін археологиялық деректер негізінде зерделеп, Ертіс бойындағы тарихи-мәдени үдерістердің Еуразия кеңістігіндегі өзара байланысы мен Семей аймағының археологиялық зерттеулердегі маңызын атап өтті.

Тарих ғылымдарының докторы, Токио шетел тілдері университетінің визитинг-профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы (Жапония) конференция жұмысына онлайн форматта қатысып, Қазақ хандығы дәуіріндегі саяси элита өкілдерінің өмір сүрген жылдарын анықтау мәселесіне қатысты өз пайымдарын ортаға салды.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология және антропология ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғани Омаров (Алматы) «Қимақ археологиясының кейбір түйінді мәселелері» тақырыбында баяндама жасаса, аталған оқу орнының Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, PhD Ринат Жұматаев университет ғалымдарының Абай облысындағы археологиялық зерттеулеріне арналған баяндамасын ұсынды. Ол өңір аумағында жүргізілген ғылыми ізденістердің бағыттары мен нәтижелеріне тоқталып, жергілікті тарихи-археологиялық ескерткіштерді кешенді зерттеудің маңызын сөз етті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Өскенбай (Алматы) «Медиевистика майталманы Амантай Исаұлының қазақ ортағасырлық тарихына қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасады. Ол ғалымның қазақ ортағасырлық тарихын зерттеудегі ғылыми ізденістеріне, Қазақ хандығы тарихына қатысты деректерді зерделеуге қосқан үлесіне және отандық медиевистика ғылымының дамуына сіңірген еңбегіне тоқталды.

Конференция барысында Шәкәрім университетінің профессоры Мұхтарбек Кәрімовтің «Тарихтан тағылым» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет
Ғылымға ғұмырын арнаған тұлғаларға құрмет

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру