Жаңалықтар 24.08.2026 32

Уақыт университеттерді өзгертеді, бірақ олардың миссиясын өзгертпейді

Уақыт университеттерді өзгертеді, бірақ олардың миссиясын өзгертпейді

Жұматай УРАЗБАЕВ

Біз Семей ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтында білім алған жылдары оқу орнының алдында тұрған міндеттер де басқа еді. Елге тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға қабілетті инженерлер, технологтар, білікті мамандар қажет болды. Біздің институт осы міндетті абыроймен атқарды. Ол бізге іргелі білім беріп қана қоймай, инженерше ойлауды, дұрыс шешім қабылдауды, өндіріс пен өз еңбегіміздің сапасына жауап беруді үйретті. Дәл осы кәсіби мектеп көпшілігіміздің маман ретінде қалыптасуымызға жол ашты.

Ал бүгін Шәкәрім университетінің тыныс-тіршілігіне назар аудара отырып, бір нәрсені анық түсінемін: оқу орнының тарихы қаншалықты даңқты болса да, тек өткеннің жетістігіне сүйеніп жұмыс жасай алмайды. Уақыт өзгерді. Технология, экономика өзгерді. Соған сай маманға қойылатын талап та артты. Қазір университеттің міндеті – білімді жай ғана жеткізу емес. Ол жаңа білім қалыптастырып, ғылыми зерттеулер жүргізуі, өндіріспен тығыз байланыста жұмыс істеуі, инновацияларды тәжірибеге енгізуі және әлемнің соңынан ермей, оның даму бағытын айқындай алатын мамандар даярлауы тиіс.

Сондықтан Шәкәрім университетінің бүгінгі қарқынын көріп, ерекше қуандым. Мұнда цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні, заманауи құрал-жабдықтарды еркін меңгерген жас оқытушылар мен зерттеушілердің жаңа буыны қалыптасып келеді.

Бұл – заңды үдеріс. Әр буын университетке өз жаңалығын, өз қолтаңбасын әкелуі керек. Біздің буын өндірістік мектептің негізін қалыптастырса, бүгінгі буын инновациялар мектебін қалыптастырып жатыр. Бірақ бұл екі буынның арасында қайшылық жоқ. Өйткені өткен ұрпақ қалаған іргетасты құрметтемей, болашақтың берік ғимаратын тұрғызу мүмкін емес.

Бүгінгі Шәкәрім университетінің мықты тұсы да осында деп ойлаймын. Ол өзінің тарихынан бас тартпайды, керісінше, сол тарихты жалғастырып келеді.

Қырық жылдан кейін біз мүлде басқа университетті көрдік. Ал арада қырық жыл өткенде қайта қауышуым мен үшін Шәкәрім университетінің біз білім алған институттың игі дәстүрлерін лайықты жалғастырып, жаңа буын мамандарын тәрбиелеп, Қазақстанның болашағын қалыптастыратын азаматтарды даярлап келе жатқанының ең жақсы дәлелі болды.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру