Мазмұнға өту
Жаңалықтар 07.10.2026 133

Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы

Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы

Бүгін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, жазушы, абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың 75 жасқа толған мерейтойына орай «Қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесі және Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық даралығы» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.

Абай облысы әкімдігінің қолдауымен, Шәкәрім университетінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Қазақстан және шетелдің белгілі әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдары, абайтанушылар мен алаштанушылар, зиялы қауым өкілдері, жас зерттеушілер мен білім алушылар қатысты.

Халықаралық ғылыми алаңда Қазақстан, Түркия және Өзбекстан ғалымдары баяндама жасап, Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-зерттеу еңбектеріне, шығармашылық әлеміне және ұлттық ғылымдағы орнына қатысты өзекті ойларын ортаға салды. Сонымен қатар қазақ әдебиетіндегі көркем ойлау жүйесінің тарихи және теориялық мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияның негізгі мақсаты – Тұрсын Жұртбайдың қазақ әдебиеттануы, абайтану және алаштану ғылымдарының дамуына қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан зерделеу, ғалымның шығармашылық даралығын, көркемдік-эстетикалық ізденістерін және ұлттық руханияттағы орнын саралау.

Ғылыми жиында Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдің ел тарихындағы айрықша орнын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы театр, алғашқы футбол командасы, алғашқы телеграф, алғашқы мұғалімдер семинариясы сияқты елдің қоғамдық-мәдени өміріндегі маңызды бастамалардың бірқатары дәл осы Семейде дүниеге келген. Сондықтан Семейдің «Тұңғыштар мекені» атануы – қаланың тарихи-рухани әлеуетінің айқын көрінісі.

Осы тарихи ортадан түлеп ұшқан ірі тұлғалардың бірі – елу жылдан астам ғұмырын ғылымға, ұлттық сананы жаңғыртуға және тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын түгендеуге арнаған ғалым, қаламгер, қабырғалы қайраткер Тұрсын Жұртбай. Әкім өз сөзінде ғалымның Кеңес одағы тұсында жабық тақырып саналған Алаш тарихын зерттеуге ерте ден қойып, алаштану ғылымының негізін қалаған көрнекті зерттеушілердің біріне айналғанын атап өтті.

- Профессор Тұрсын Жұртбайдың зерттеу бағыттары мен ғылыми еңбегі тұлғатану мен тарихнаманың алтын қоры десек, асылық айтқандық болмас еді. Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығы өзара тығыз байланысқан басты бес бағыттан тұрады. Біз өзіміз солай бағалаймыз. Солай деп қабылдаймыз. Атап айтар болсақ, алғашқы алтын арна – абайтану, одан кейінгі ұлы ағын – алаштану», үшінші болат арқау – әуезовтану, төртінші тұнық бастау – танымдық эссе және бесінші белгілі белес – тарихи эссе,- деп тарқатып, бұл бағыттардың әрқайсысы ұлттық тарихымызды, әдебиетіміз бен рухани құндылықтарымызды зерделеуде өзіндік орны бар екенін атап өтті. Ғалымның осы еңбектері арқылы ұлт тарихының көмескі тұстары қайта қаралып, тарихи тұлғалардың мұрасы жаңа қырынан танылып, кейінгі ұрпаққа тағылымды ғылыми-рухани мұра қалыптасты. Бүгінгі конференция тек ғалымның мерейтойын атап өту ғана емес, жастарымызға ғалымға құрмет қылатын зиялылықтың насихаты деп білемін,- деп түйіндеді.

Ғылыми жиынның ашылуында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков:

- Шәкәрім университеті үшін Тұрсын Жұртбай есімі айрықша қымбат. Семейдің рухани-ғылыми кеңістігімен біте қайнасқан ғалым шығармашылығын насихаттау, ғылыми мұрасын жас ұрпаққа таныту бағытындағы жұмыстар университетімізде жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Тұрсын Құдакелдіұлы – Шәкәрім университетінің Құрметті профессоры, Шәкәрім медалінің иегері. Бұл – ғалымның университетімізбен рухани және ғылыми сабақтастығының айқын белгісі. Осы сабақтастықтың нақты бір көрінісі ретінде биыл университетімізде Тұрсын Жұртбай атындағы алаштану дәрісханасының ашылғанын ерекше атап өткім келеді,- деді.

Келесі кезекте сөз алған Мимар Синан университетінің (Түркия) профессоры, тарих ғылымдарының докторы, шоқайтанушы Әбдіуақап Қара «Алаш рухының шежірешісі Тұрсын Жұртбай» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның Алаш мұрасын зерттеудегі еңбегіне тоқталды.

- Тұрсын аға туралы сөз болғанда оның алаш қайраткерлеріне қатысты архивтік деректерді жинағаны, кеңестік тергеу материалдарын ғылыми айналымға енгізгені, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының тағдырын зерттегені алдымен еске түседі. Бұл оның ғылыми қызметінің аса маңызды бағыты. Алайда мен бүгін Тұрсын Жұртбайды шартты түрде «Алаш рухының шежірешісі» деп атағым келіп тұр. Тарихи тұлғалардың армандарын, олардың идеялары мен мұраттарын жалғасақ біз дәстүрлі шежіреден басқа бір шежіре аламыз. Рухтың, мұраттың және тарихи жадтың шежіресіне келеміз. Меніңше Алаш тарихы болған уақиғалардың тарихы болса, алаш рухы сол уақиғаларды жасаған адамдарды алға жетелеген мұраттар мен құндылықтардың тарихы,- дейді Түркия төрінен ат терлетіп арнайы келген ғалым.

Тұрсын Жұртбай шығармашылығының өзбек-қазақ тарихи-рухани байланыстарымен сабақтастығына мән берген Өзбекстан Республикасы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бахром Ырзаев ғалымның ғылыми мұрасындағы Ташкент қаласының орнына тоқталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Рамазан «Т. Жұртбай шығармашылығы: авторлық стиль және даралық» баяндамасында ғалымның шығармашылық қолтаңбасы мен авторлық ерекшелігіне ғылыми баға берсе, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Тілешов Абай шығармашылығындағы көркемдік ойлау жүйесінің ерекшеліктерін талдады.

Шәкәрім университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков «Қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері Тұрсын Жұртбай зерттеулерінде» тақырыбында сөз сөйлеп, ғалым еңбектерінің бүгінгі абайтану ғылымындағы маңызына тоқталды.

Ғалымның 75 жылдық мерейтойына арналған ғылыми жиын аясында «Тұрсын Жұртбай әлемі» көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қаламгердің ғылыми-зерттеу еңбектері, кітаптары мен шығармашылық жолын танытатын материалдар көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар конференция барысында профессор Тұрсын Жұртбайдың «Ұлт ақыны. Мағжан Жұмабайдың шығармашылық өмірбаяны» және «Өлгендермен өмір сүремін» кітаптарының тұсаукесері өтті. Жаңа еңбектер ғалымның әдебиет пен тарихты, ұлттық жады мен руханиятты сабақтастыра зерттеудегі ізденістерінің жалғасы ретінде таныстырылды.

Конференция барысында Шәкәрім университетінің бес үздік студентіне Тұрсын Жұртбай атындағы бір реттік шәкіртақы табысталды.

Ғалымның мерейтойына арналған бұл жиын – ұлттық ғылымға, тарихи жадқа және руханиятқа деген құрметті кейінгі ұрпаққа аманаттаудың тағылымды үлгісі.

Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы
Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы
Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы
Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы
Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы
Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы
Тұрсын Жұртбай әлемі: ғылыми мұра мен ұлттық руханият сабақтастығы

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру