Мазмұнға өту
Жаңалықтар 18.11.2026 129

Шәкәрім университеті THE Interdisciplinary Science Rankings 2027 халықаралық рейтингінде

Шәкәрім университеті THE Interdisciplinary Science Rankings 2027 халықаралық рейтингінде

Шәкәрім университеті Times Higher Education (THE) ұйымы Schmidt Science Fellows бағдарламасымен бірлесіп өткізетін Interdisciplinary Science Rankings (ISR) халықаралық рейтингінің 2027 жылғы шығарылымына алғаш рет еніп, 801–1000 орындар аралығынан көрінді.

Бұл рейтинг жоғары оқу орындарының пәнаралық ғылыми зерттеулерді дамытудағы әлеуетін, ғылыми бағыттар арасындағы ынтымақтастық деңгейін және осындай зерттеулерге жасалған институционалдық қолдау жүйесін бағалайды. Оның негізгі мақсаты – түрлі ғылым салаларының тоғысында жүзеге асырылатын зерттеулердің сапасы мен нәтижелілігін, сондай-ақ, университеттердің ғылыми экожүйесін дамытуға қосқан үлесін саралау.

2027 жылғы рейтингке әлемнің 102 елі мен аумағынан 1 058 университет енді. Қазақстанның 9 жоғары оқу орны рейтингке қосылса, солардың ішінде Шәкәрім университеті 7-ші орында тұр. Сонымен бірге, рейтингте тағы 13 қазақстандық университет Reporter мәртебесінде көрсетілген.

Рейтинг университеттердің қызметін үш негізгі бағыт бойынша саралайды:

Inputs (19%) – пәнаралық ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі, өнеркәсіп орындарымен және бизнеспен әріптестік аясында тартылған қаражат.

Process (16%) – бірлескен ғылыми жұмыстарға қажетті зертханалар мен материалдық-техникалық базаның болуы, әкімшілік қолдау, зерттеушілердің еңбегін бағалау және кәсіби өсуіне жағдай жасау.

Outputs (65%) – жарияланған ғылыми еңбектердің саны мен үлесі, олардың сапасы, дәйексөз келтіру көрсеткіштері, өзге ғылыми салаларға ықпалы және халықаралық академиялық ортадағы беделі.

Осылайша, рейтинг жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін ғана емес, зерттеу жұмыстарын қаржыландырудан бастап, олардың нақты нәтижелері мен ғылыми ортаға ықпалына дейінгі тұтас үдерісті бағалайды.

Шәкәрім университетінің рейтингтегі жалпы көрсеткіші 19,4–28,1 балл аралығында қалыптасты. Бағыттар бойынша университет институционалдық үдерістерден (Process) 25,0 балл, ғылыми зерттеулер нәтижелілігінен (Outputs) 22,2 балл, ал зерттеу ресурстары бойынша (Inputs) 15,9 балл жинады. Бұл нәтижелер университеттің пәнаралық ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мен қолдау бағытындағы әлеуетін көрсетеді және ғылыми-зерттеу ресурстарын одан әрі дамытуға бағдар береді.

Маңыздысы: бұл рейтингте ғылыми жарияланымдардың көптігімен қатар, олардың сапасы, өзге салалармен байланысы және қоғам мен экономика үшін маңыздылығы, дәйексөз келтіру көрсеткіштері, академиялық бедел, ғылыми инфрақұрылым, әкімшілік қолдау және зерттеушілердің кәсіби дамуына жасалған мүмкіндіктер де ескеріледі.

Халықаралық рейтингке ену – университеттің ғылыми-зерттеу қызметін әлемдік академиялық кеңістік аясында бағалауға, халықаралық тәжірибемен салыстыруға және пәнаралық ғылыми бағыттарды одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сонымен қатар, бұл нәтиже ғылыми командаларды қолдау, зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру және түрлі ғылыми салалар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы алдағы жұмыстарға бағдар болады.

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру