Түркиялық білім алушыларға құрмет көрсетті
Шәкәрім университетінің Бас ғимаратында «Қазақстанды таны: мәдениет, ғылым және достық» халықаралық жазғы мектебіне қатысқан түркиялық студенттерді марапаттау рәсімі өтті.
Алдымен айтар болсақ, университеттің Халықаралық ынтымақтастық орталығының (жетекшісі Шырын Семейханқызы) ұйымдастыруымен жүзеге асқан бір ай мерзімдік бұл жазғы мектеп тұңғыш рет өткізіліп отыр. Оған Түркияның Денизли қаласындағы Памуккале университетінің 8 студенті қатысып, сан түрлі сала бойынша қызықты кездесулердің куәсі болды.
Жазғы мектеп бағдарламасы аясында әр күн сайын маңызды шаралар қамтылуымен ерекшеленді. «Қазақ-түрік тілі сабақтастығы» дәріс-сұхбаты, «Мен Шәкәрім университетінің магистрантымын», «Қазақ-түрік әдебиетінің байланысы» сияқты рухани-танымдық шаралардан өзге қаламыздағы Абай музейінен бастап, Невзоровтар атындағы бейнелеу өнері, Ф. Достоевский, Семей қаласының тарихи-өлкетану музейі, «Бейбітшілік» аралы бойынша экскурсия ұйымдастырылып, түркиялық студенттер тамаша әсер алды. Шәкәрім университетінің тамақ технологиялық кафедрасының «Қазақстанның ұлттық тағамдары: бауырсақ дайындау бойынша шеберлік сабағын» өткізуі де қатысушылардың қызығушылығын оятты. Шахмат, тоғызқұмалақ тағы да басқа танымдық- спорттық ойындарға да белсене қатысып, достық байланыстың көрігін қыздырғанын атап өткен жөн.
Тағы бір айтулы шараның бірі «Қаратұмсық» археологиялық кешеніне екікүндік (13-14 шілде) арнайы сапарға шыққан шетелдік жастар археологиялық қазба жұмыстарымен танысу арқылы туған өлкеміздің тарихынан мол мағлұмат алды. Сондай-ақ Шәкәрім университетінің Shakarim Lab ұжымдық пайдалану зертханасына, Инжиниринг, Агротехнопарк орталығына экскурсия жасап, оқу ордасының жетістіктеріне қатысты құнды мәліметтерден хабардар болды.
Міне, Қазақстан-Түркия арасындағы ынтымақтастық тұрақты байланыстың кезекті нәтижесі ретінде өткізілген жазғы мектептің бір ай мерзімі осындай қызықты сәттерімен есте қалды. «Қазақстанды таны: мәдениет, ғылым және достық» халықаралық жазғы мектебіне қатысқан түркиялық студенттердің еліне қайтар уақыты да жетті.
Шәкәрім университетінің интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Алтайұлы қатысушы студенттерге ризашылығын білдіріп, оларды Қазақстанмен, Абай облысымен байланысын нығайта беруге ашқырды. Халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Шырын Семейханқызы түркиялық 8 студентке арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар тапсырып, шынайы құрмет көрсетті.