Мазмұнға өту
Жаңалықтар 30.10.2026 22

Шәкәрім саятқорасы: зерттеу, сақтау және насихаттау мәселелері

Шәкәрім саятқорасы: зерттеу, сақтау және насихаттау мәселелері

Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен мұрасын тереңірек тану, тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және келер ұрпаққа аманаттау – бүгінгі ғылым алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Осы мақсатта Шәкәрім университетінде «Шәкәрім саятқорасы: зерттеу, сақтау және насихаттау мәселелері» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Семинар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің АР23489475 «Шәкәрім саятқорасы: тарихи және этноархеологиялық талдау» гранттық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Ғылыми жиында тарихшылар, әдебиеттанушылар мен археологтар бас қосып, Шәкәрім қажының өмір жолы, 1930 жылдардағы қилы тағдыры, туыстары, Алашордамен байланысы және Құнанбай әулетінің тарихи қоныстары жөніндегі зерттеулерін ортаға салды.

Семинарда баяндама жасаған ғалымдар қатарында тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры Мұқтарбек Кәрімов, қоғам қайраткері әрі жазушы Әсет Мырзақасымов, филология ғылымдарының кандидаты Тұрдықұл Шаңбай, тарих ғылымдарының кандидаты Амантай Исин, Археология институты Астана филиалының ғылыми қызметкері Айдын Жүнісханов және Шәкәрім университетінің оқытушысы Еркін Рахметуллин болды.

Ғылыми кездесуде Шәкәрім қажы «Саятқорасындағы» этноархеологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері таныстырылып, ақын мұрасын сақтау, тарихи орындарды зерделеу және оның есімін ұлықтау мәселелері талқыланды.

Семинардың маңызды жаңалықтарының бірі – жоба ғалымдарының «Мұтылғанның тағдыры» атты монографиясының дайындалуы. Еңбек Шәкәрім Құдайбердіұлының кеңестік кезеңдегі өміріне және оны ақтау ісіне қатысты тарихи мәселелерді зерделеуге арналған.

Мұндай ғылыми басқосулардың маңызы зор. Өйткені тарихи мұраны сақтау – өткенді еске алу ғана емес, ұлттық жадыны жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын нығайту. Шәкәрім мұрасы мен оның өмір сүрген ортасын жан-жақты зерттеу арқылы біз халқымыздың рухани тарихын тереңірек түсінеміз.

Шәкәрім мұрасы – ұлт руханиятының қазынасы. Оны зерттеу, сақтау және насихаттау – ортақ міндетіміз.

Шәкәрім саятқорасы: зерттеу, сақтау және насихаттау мәселелері

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру