Түлектердің болашағы – басты назарда
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Физика және химия ғылымдары зерттеу мектебі, Тамақ инженериясы зерттеу мектебі, Цифрлық технологиялар және құрылыс жоғары мектебінің бітіруші курс студенттерімен кездесті.
Жүздесуде ректор студенттердің университет қабырғасында өткізген төрт жылдық өміріне тоқталып, олардың білім мен ғылымдағы, спорт пен мәдениеттегі жетістіктеріне, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, студенттік кезеңнің адам тұлғасының қалыптасуындағы маңызына тоқталып, әрбір жастың осы жылдар ішінде жинаған тәжірибесі алдағы өміріне бағыт-бағдар болатынын атап өтті.
«Сіздер менің ректорлық қызметім басталған жылы университет табалдырығын аттаған студенттер едіңіздер. Енді, міне, бітіруші курсқа да жеттіңіздер. Мен үшін сіздер көз алдымда өскен алғашқы студенттер легі ретінде есте қаласыздар»,- деді Думан Орынбеков.
Кездесуде түлектердің алдағы білім жолы мен кәсіби дамуына да ерекше назар аударылды. Бірі еңбек жолын бастаса, енді бірі магистратурада білімін жалғастырып, ғылымға бет бұруы мүмкін. Осы орайда, ректор университеттің жас мамандарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, магистратураға түсуді жоспарлаған түлектер үшін бейіндік пәндер бойынша қосымша дайындық курстарын ұйымдастыру мүмкіндігі бар екенін айтты.
Сонымен қатар, жұмыс іздеу мен кәсіби бағдар алуда университеттің Құзыреттілікті дамыту және мансап орталығының немесе AI-Sana бағдарламасы аясында әзірленген Career AI агентінің мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес берді. Жасанды интеллектіге негізделген бұл құрал түлектердің дағдыларын саралап, кәсіби дамуына қатысты ұсыныстар беруге және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді анықтауға көмектеседі.
«Бізді әрқайсыңыздың болашағыңыз алаңдатады. Осы уақытқа дейін университетімізді 160 мыңға жуық түлек тәмамдаған екен. Алдағы уақытта сіздермен де байланысты үзбей, университет жанынан құрылған Түлектер қауымдастығының арнайы сайты арқылы ақпарат алмасып, өзара қолдау көрсетіп отыруға мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз – университет пен түлектер арасындағы байланысты нығайтып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіру. Сіздердің өмірден өз орындарыңызды тауып, қоғамға пайдасы тиетін азамат болып қалыптасқандарыңыз біз үшін маңызды»,-деді Думан Рымғалиұлы.
Кездесу соңында студенттер ректорға өз сауалдарын қойып, еркін пікір алмасты.