Тарихи атаулар тағылымы: ғылыми еңбек таныстырылды
Шәкәрім университетінде «Ғылым онкүндігі» аясында маңызды ғылыми-танымдық шара өтті. Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысы негізінде Шәкәрім университетінің «Тарих және археология» ғылыми орталығы мен «Тарих» кафедрасы ғалымдарының бірлескен еңбегі – «Абай облысының тарихи топонимдері» атты кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында өңір тарихшыларының аға буын өкілі, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Кәрімов сөз алып, еңбектің ғылыми маңызы мен оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі орнына тоқталды.
Аталған еңбек – өңірдің тарихи жадын жаңғыртып, жер-су атаулары арқылы халықтың өткені мен мәдени-рухани болмысын тануға жол ашатын құнды ғылыми зерттеу. Кітапта топонимдердің шығу төркіні жүйеленіп, олардың тарихи, тілдік және этномәдени ерекшеліктері жан-жақты сараланған. Бұл еңбек аймақ тарихын тереңірек зерделеуге негіз болатын маңызды дереккөздердің бірі ретінде бағаланады.
Құттықтау сөз сөйлеген тарих және археология факультетінің ғылыми қызметкері, профессор Амантай Исаұлы аталмыш жобаның өзектілігін, отандық топонимика ғылымын дамытудағы маңызын ерекше атап өтті.
Ғылыми ынтымақтастықтың тағы бір жемісті нәтижесі ретінде «Абай облысындағы топонимдер» тақырыбындағы деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Фильм өңірдің тарихи-географиялық атауларының қалыптасуы мен олардың мән-мағынасын тереңінен ашып көрсетті.