Мазмұнға өту
Жаңалықтар 20.09.2026 22

СЕМЕЙ – ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, БОЛАШАҒЫ БЕРІК ҚАЛА

СЕМЕЙ – ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, БОЛАШАҒЫ БЕРІК ҚАЛА

Думан Орынбеков, Shakarim University ректоры

Қала күні – Семейдің өткен тарихын еске алатын ғана емес, бүгін қаламыздың қалай өзгеріп жатқанын, оны он, жиырма жылдан кейін қандай деңгейде көргіміз келетінін ой елегінен өткізетін маңызды сәт. Семей үшін бұл мәселенің мәні ерекше.

2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысын құру туралы бастама көтергенде тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, халқымыздың ұлы тұлғалары дүниеге келген қасиетті өлкені қайта түлету қажеттігін атап өтті. Семей облыс орталығына айналды. Мемлекет басшысы бұған дейін де қаланың қазақ қоғамының қалыптасуындағы айрықша рөлін, тарихи орталық ретіндегі маңызын атап өткен болатын.

Бүгінде сол шешім өңірдің даму траекториясын түбегейлі өзгерткенін анық көріп отырмыз.

Кейін Президент жаңа облыстардың құрылуы өңірлердің дамуына қуатты серпін беріп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына және инвестициялардың тартылуына ықпал еткенін атап өтті. Өңір алдына нақты міндеттер қойылды: даму қарқынын жеделдету, тұрақты жұмыс орындарын ашу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, облыс орталығын абаттандыру және инфрақұрылымын жаңарту.

Бүгінде осы өзгерістер Семейдің өзінен анық көрінеді. Ертіс арқылы жаңа көпір салынып жатыр, ірі көлік жобалары қарастырылуда, әлеуметтік нысандар, мектептер, денсаулық сақтау және коммуналдық инфрақұрылым жаңғыртылуда. Облыста 2028 жылға дейін жүзеге асырылатын жалпы құны 2,2 триллион теңгені құрайтын 24 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Олардың аясында сегіз мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қаланың осындай қарқынды дамуы жағдайында бір маңызды сұрақ туындайды: бұл кәсіпорындарда кім жұмыс істейді, жаңа инфрақұрылымды кім жобалайды?

Сондықтан Семейдің дамуын оның адами капиталының дамуынан бөлек қарастыру мүмкін емес.

Шәкәрім университеті – аса бай интеллектуалдық тарихы бар қалада орналасқан оқу ордасы.

Ал тарихтың құндылығы – оның жалғасын табуында.

Бүгін Семей жаңа ғалымдар, инженерлер, педагогтер, кәсіпкерлер, бағдарламашылар мен зерттеушілер қалыптасатын қала болуы тиіс.

Бұл ретте университетке ерекше жауапкершілік жүктеледі. Биылғы оқу жылында Shakarim University-ге 2616 бірінші курс студенті қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп.

Олардың 2402-сі бакалавриат бағдарламаларына түсті. 586 студент Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, тағы 82 студент Абай облысы әкімдігінің гранты негізінде білім алуда.

Алайда бір көрсеткішке ерекше назар аударғым келеді. Бакалавриатқа қабылданған 1739 бірінші курс студенті, яғни жалпы қабылдаудың 72,2 пайызы ақылы негізде білім алуды таңдады.

Сонымен қатар оқуға түскендердің орташа балы 3,3 балға өсті. Университетке 120 шетелдік студент қабылданды.

Магистратураға 189 адам түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,2 пайызға көп. Докторантураға 25 адам қабылданып, өсім 28,6 пайызды құрады. Бұл – университет тарихындағы қабылдау науқанының ең жоғары нәтижелерінің бірі.

Біз үшін бұл сандар білім алушылар контингентінің өсуінен әлдеқайда маңызды.

Отбасы баласының білім алуына қаражат жұмсап, дәл осы университетті таңдаса, бұл – саналы шешім. Ата-ана білім сапасын, университет мүмкіндіктерін, таңдаған мамандықтың болашағын және баласы алдағы бірнеше жылын өткізетін ортаны бағалайды.

Сондықтан биылғы қабылдау нәтижесі – сенімнің де көрсеткіші. Ал біздің міндетіміз – сол сенімді ақтау.

Бүгінде Шәкәрім университеті студентінің білім алу кеңістігі университет корпусымен ғана шектелмейді. Оның ортасы – зертхана, кәсіпорын, өндірістік алаң, мектеп, аграрлық полигон.

Сонымен қатар мектеп – Шәкәрім жоғары колледжі – Шәкәрім университеті қағидаты бойынша үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді.

Биыл Shakarim Higher College-дің өзіне 540 бірінші курс студенті қабылданды, олардың 439-ы грант негізінде білім алуда.

Біз үшін жас адамның Семейде білім жолын бастап, әрі қарай кәсіби дамудың барлық мүмкіндігін осы жерден табуы принципті маңызды. Колледжден бакалавриатқа, одан магистратура мен докторантураға, ғылымға, жеке жобаға немесе технологиялық стартапқа дейінгі жол Семейде қолжетімді болуы керек.

Мұның бәрі мүлде басқа инфрақұрылымды талап етеді. Біз үшін жаңартылған ғимараттың сыртқы келбетінен гөрі, оның ішінде қандай мазмұн қалыптасатыны маңызды. Сондықтан инфрақұрылымдық трансформацияны ғылыммен, өндіріспен және өңірдің нақты міндеттерімен байланыстырып отырмыз. Бұл, әсіресе, «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында маңызды.

Семей әлемге қызықты қала болуы керек. Мықты жастарды өзінде қалдырғысы келетін қаланың тағы бір маңызды ресурсы – әлемге ашықтығы.

Бізге қала мен облысқа технология, зерттеу, жаңа білім беру бағдарламаларын әкелетін және халықаралық ғылыми ортаға жол ашатын серіктестіктер қажет.

Сондықтан Shakarim University-дің халықаралық дамуы – Семейдің де халықаралық танымалдығын арттырудың бір жолы.

Тарих болашаққа қызмет етуі тиіс

Сонымен бірге Семей ешқашан қатардағы индустриялық немесе университеттік қала бола алмайды. Оның тарихи және рухани тамыры терең.

Мұнда білімді тарихтан, ал дамуды мәдениеттен бөліп қарау мүмкін емес.

Абай, Шәкәрім, Алаш – өткеніміз ғана емес. Бұл – білімге, ағартушылыққа, адамның қоғам алдындағы ар-ождандық жауапкершілігіне ерекше көзқарас қалыптастырған тұтас интеллектуалдық дәстүр.

Сондықтан бүгінде Shakarim University-де толығымен Шәкәрімге арналған музей кеңістігін қайта жаңғыртып жатырмыз. Заманауи ғылыми экспозиция жасалып, архивтермен, қолжазбалармен, цифрлық материалдармен және зерттеулермен жұмыс жүргізілуде.

Біз Шәкәрім мұрасын қаланың қазіргі интеллектуалдық өмірінің бір бөлігіне айналдыруымыз керек.

Семейдің ерекшелігін де осыдан көремін. Бұл жерде тарих жасанды интеллектімен, Шәкәрім мұрасы инженерлік зертханамен, абайтану халықаралық зерттеулермен, ал Алаш туралы тарихи естеліктер бірнеше онжылдықтан кейінгі Қазақстанның қандай болатынын бүгіннен ойлайтын жастармен тоғыса алады.

Сондықтан жаңа көпір, кәсіпорын, университет зертханасы, абаттандырылған аула, заманауи мектеп, ғылыми жоба мен жаңа жұмыс орны – бір-бірінен бөлек дүниелер емес. Олардың барлығы бір жүйенің бөлшектері. Жастардың туған жерінде қалуына нақты себепті де осындай мүмкіндіктер қалыптастырады.

Сол себепті биылғы қабылдау науқанының нәтижесі біз үшін ерекше маңызды.

2616 бірінші курс студенті – таңдау жасаған мыңдаған жас пен отбасы.

2025 жылғы наурызда Президент Абай облысының даму жоспарымен танысып, Үкіметпен бірлесіп өңірдің дамуын жеделдетуді, тұрақты жұмыс орындарын құруды, өнеркәсіпті дамытуды, Семейді абаттандырып, оның инфрақұрылымын жетілдіруді тапсырды. Бүгінде бұл міндеттер нақты мазмұнға ие болып келеді.

Университет осы үлкен жұмыстың өзіне тиесілі бөлігіне жауап береді.

Біз таңғажайып кезеңде өмір сүріп жатырмыз: қаланың ауқымды өзгерістерін өз көзімізбен көріп қана қоймай, сол өзгерістерге өзіміз де қатысып отырмыз. Демек, болашақты дәл қазір өз қолымызбен жасап жатырмыз.

Туған күніңмтен, туған қалам – Семейім!

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру