Сақтық пен сауаттылық – қауіптің алдын алу кепілі
Шәкәрім университетінде «Терроризм мен экстремизм – заманауи өркениеттің басты қауіп-қатері» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараның мақсаты – бірінші курс студенттеріне терроризм мен экстремизмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың ықпалы және күнделікті өмірдегі қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсінік беру.
Университеттің Ахуалдық басқару бөлімінің ұйымдастыруымен өткен кездесуге Абай облысы Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының ақпараттық-түсіндіру бөлімінің меңгерушісі Дарын Садықов қатысты. Ол студенттерге «Деструктивті діни ағымдардың қоғамдағы рөлі мен киберқауіпсіздік негіздері» тақырыбында дәріс оқыды.
Маман деструктивті діни ағымдардың адам санасына ықпалы, олардың қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігіне төндіретін қатері туралы айтып, жастардың діни сауаттылығын арттырудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ зайырлы мемлекет жағдайында әр азаматтың ар-ождан бостандығы мен таңдау құқығын құрметтеу, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау және күмәнді діни мазмұндағы материалдарға сақтықпен қарау қажеттігіне тоқталды.
Кездесу барысында интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Әлеуметтік желілерде жалған ақпараттың таралуы, күмәнді парақшалар мен сілтемелер арқылы жеке деректерге қол жеткізу әрекеттері және онлайн кеңістікте азаматтарды теріс бағытқа тарту қаупі туралы айтылды. Студенттерге интернетті пайдалануда сақ болу, ақпараттың дереккөзін тексеру және күмәнді контентті таратпау жөнінде кеңес берілді.
Өз кезегінде Ахуалдық басқару бөлімінің басшысы Серікжан Қапанов қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесін түсіндірді. Ол адам көп жиналатын аумақтардан күдікті зат табылған жағдайда оған жақындамау, ұстамау және өз бетінше орнын ауыстырмау керектігін еске салды. Мұндай жағдайларда қауіпсіз жерге алыстап, 102 немесе 112 нөмірлеріне хабар беру қажет екенін атап өтті.
Осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, діни және цифрлық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ түрлі қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған. Қауіпсіз орта құру – мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.