Мазмұнға өту
Жаңалықтар 06.11.2026 34

Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары

Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары

Шәкәрім университетінде өңірдің жоғары оқу орындарының студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері және әлеуметтік сала қызметкерлерімен Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Жиынға арнайы топ құрамында келген Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Айрат Базенов және Абай облысы бойынша Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Нұртай Сабильянов пен Думан Орынбеков қатысты.

Кездесуде Жолдауда айқындалған ел дамуының басым бағыттары, жастарға ашылатын жаңа мүмкіндіктер, олардың кәсіби қалыптасуына кедергі келтіретін мәселелер және жастар бастамаларын қолдау жолдары талқыланды. Сонымен қатар жастардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді араласуының маңызына назар аударылды.

Нұртай Сабильянов өз сөзінде Мемлекет басшысының елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы мақсатта Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Қаражат өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, туризм және спорт инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ. Бұл бастама «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» бағыты аясында жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, Президент Жолдауында цифрландыру мен жаңа технологияларды дамытуға басымдық берілгеніне тоқталды. Қалаларда цифрлық платформаларды енгізу халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Ал өндіріс орындарын заманауи технологиялармен жабдықтау экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Осы орайда, Нұртай Салихұлы Абай облысындағы жол инфрақұрылымының жай-күйіне де тоқталып, Семей қаласы көшелерінің шамамен 40 пайыздан астамы әлі де тиісті деңгейде жөндеуді қажет ететінін атап өтті. Оның пікірінше, өңірдің дамуы үшін инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, жастарға сапалы білім беріп, олардың жұмыспен қамтылуына және кәсіби өсуіне жағдай жасау маңызды.

Ал Айрат Базенов еліміздегі энергетикалық тапшылық мәселесіне назар аударып, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту энергетика саласына түсетін жүктемені арттыратынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда елде жылына 123 млрд киловатт-сағат электр энергиясы тұтынылса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге дейін өсуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан энергияны тұтынушы мемлекет қана емес, оны өндіріп, көршілес елдерге экспорттай алатын энергетикалық орталыққа айналуы қажет.

Депутат цифрлық инфрақұрылымды, деректер орталықтарын және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін тұрақты әрі жеткілікті энергия көздерінің болуы шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда, энергетикалық тәуелсіздікті нығайту және атом энергетикасын зерттеу бағытындағы отандық ғылыми әлеуетті дамыту маңызды.

Айрат Базенов Шәкәрім университетінің ядролық физика саласындағы ғылыми және кадрлық мүмкіндіктеріне де тоқталды. Әсіресе, Семей қаласының Ұлттық ядролық орталыққа жақын орналасуы, университетте осы салаға мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайлы негіз қалыптастыратынын жеткізді.

Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық пікір алмасу барысында ел дамуының өзекті міндеттері, білім мен ғылымның рөлі, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру, өңірлік бастамаларды қолдау және әлеуметтік саладағы мәселелер қозғалды.

Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары
Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары
Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары
Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары
Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары
Президент Жолдауы – ел дамуының жаңа бағдары

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру