Шәкәрім университетінің жас ғалымы – «Дарын» сыйлығының иегері
Шәкәрім университетінің жас ғалымы Әділет Мұхитұлы Сүгірбай «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғылым» аталымы бойынша лауреаты атанды. Бұл – жас зерттеушінің табанды ізденісі мен ауыл шаруашылығын автоматтандыру саласындағы еңбегіне берілген жоғары баға әрі өңірлік ғылымның әлеуетін танытқан айтулы жетістік.
Биыл беделді байқауға қатысуға 504 үміткер ниет білдіріп, олардың 429-ы конкурстық іріктеуге жіберілген. Он номинация бойынша өткен сайыста «Ғылым» бағытына ерекше қызығушылық танытылып, осы санатта 119 өтінім қабылданған. Айта кетерлігі, 2018 жылдан бері бұл номинация бойынша марапат негізінен Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдеріне беріліп келген. Биылғы нәтиже Абай өңірі ғылымының да әлеуеті жоғары екенін көрсетті.
1993 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданының Диқан ауылында дүниеге келген Әділет Сүгірбай кәсіби білімін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде жалғастырып, 2017 жылы «Агроинженерия» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. Ал 2021 жылы Қытай Халық Республикасындағы Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде докторлық диссертациясын қорғап, PhD дәрежесіне ие болды.
Еңбек жолын Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде бастап, Конструкторлық бюроны басқарды. Мұнда ауыл шаруашылығында топырақты өңдеусіз егін егуге мүмкіндік беретін тұқым сепкіш құрылғыны әзірлеу және сынақтан өткізу жұмыстарына жетекшілік етті.
2024 жылы Шәкәрім университетінің өңірдің ғылыми кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған бастамасымен Семейге қоныс аударып, Science Professor лауазымында қызметке кірісті. Бүгінде университеттің Конструкторлық бюросын басқара отырып, Агробиостанция базасында инновациялық картоп отырғызу машинасын әзірлеу және оны шетелдік картоп сорттарында сынақтан өткізу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жас ғалымның бұл жетістігі – жүйелі ізденіс пен кәсіби дамудың нәтижесі. Былтыр Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Халықаралық бағдарламалар орталығы жүзеге асыратын Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы аясында іріктеу қорытындысы бойынша еліміздің үздік 500 ғалымының қатарына еніп,
талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанған-ды. Сонымен бірге, Ұлттық ғылым академиясының «Қазақ ғылымының үміті» арнайы марапатымен марапатталған болатын.
Ғылымның дамуы тың идея мен табанды еңбекті, білім мен тәжірибені ұштастырудан басталады. Әділет Сүгірбайдың жетістігі – жас ғалымдарға жасалған қолдаудың, ғылымға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі. Оның ізденістері мен тың жобалары алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табуға, отандық аграрлық ғылымның дамуына серпін береді деп сенеміз.