Шәкәрім университетінің ректоры қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқанының басталуына байланысты қабылдау комиссиясының жұмыс барысымен танысты. Кездесу барысында талапкерлерге көрсетілетін қызмет сапасы, цифрлық жүйелердің тиімділігі және қабылдау үдерісін ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Биыл университетте талапкерлерді 116 білім беру бағдарламасы бойынша қабылдау жоспарланып отыр. Қабылдау науқаны білім алушылар үшін қолайлы әрі ашық форматта ұйымдастырылған.
Шәкәрім университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Динара Оспанованың айтуынша, университетте білім беру бағдарламалары инженерлік, педагогикалық және шығармашылық бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Осыған сәйкес талапкерлерге сапалы кеңес беру мақсатында әр бағытқа жауапты хатшылар бекітілген.
Қабылдау үдерісінде заманауи цифрлық шешімдер қолданылуда. Құжаттарды қабылдау үшін кезекке тіркелу және ақпарат беру жұмыстары Platonus жүйесі арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, талапкерлерге бағыт-бағдар беру және қажетті ақпарат ұсыну үшін ерікті студенттер де тартылған.
Қазіргі уақытта университетте шығармашылық білім беру бағдарламалары бойынша құжат қабылдау жүргізілуде. Шығармашылық емтихандарға қатысу үшін өтініштер 20 маусым мен 7 шілде аралығында қабылданады. Қабылдау комиссиясы жұмысын бастаған уақыттан бері шығармашылық емтихан тапсыруға 11 талапкер құжат тапсырған.
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер 13–20 шілде аралығында қабылданады. Бұл кезең талапкерлер үшін мамандық таңдау мен болашақ білім траекториясын айқындайтын маңызды уақыт саналады.
Биыл қабылдау комиссиясы ғимаратында Шәкәрім жоғары колледжінің қабылдау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Колледжге 14 білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлер қабылданады.
2026–2027 оқу жылынан бастап білім алушылар үшін білім беру сабақтастығын қамтамасыз ететін жаңа форматтар енгізілді. Атап айтқанда, колледжден кейін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін «2+2» бағдарламасы (2 жыл Шәкәрім жоғары колледжі + 2 жыл Шәкәрім университеті), сондай-ақ техникалық мамандықтар үшін «3+2» (3 жыл Шәкәрім жоғары колледжі + 2 жыл Шәкәрім университеті) бағдарламасы іске қосылды.
Педагогикалық бағыттар бойынша 11 сынып түлектеріне арналған «3+2» бағдарламасы (3 жыл Шәкәрім жоғары колледжі + 2 жыл Шәкәрім университеті), ал 9 сынып негізінде түсетін талапкерлер үшін «4+2» бағдарламасы (4 жыл Шәкәрім жоғары колледжі + 2 жыл Шәкәрім университеті) қарастырылған.
Қабылдау комиссиясы Семей қаласы, Екейбай Қашаған көшесі, 2 мекен-жайында орналасқан. Call-center: +7 705 552 5398
Университет талапкерлерді кәсіби бағдар алып, болашақ мамандығын саналы таңдауға шақырады.