Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбековтің Ораза айт мерекесіне арналған құттықтауы
Құрметті әріптестер, қадірлі білім алушылар!
Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін аса қастерлі, мейірім мен кешірімнің, ізгілік пен рухани тазарудың символына айналған қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!
Отыз күн бойы сабыр мен төзімді серік етіп, рухани кемелденуге ұмтылған қасиетті Рамазан айының қорытындысы іспеттес бұл ұлық мейрам – әрбір жүрекке жылулық сыйлап, адамзатты қайырымдылық пен жанашырлыққа үндейтін ерекше кезең. Халқымыз ежелден Ораза айт күнін ағайын-туыс, дос-жаранмен қауышып, ізгі тілектер айтып, кең пейілмен қарсы алған.
Биыл Ораза айт мерекесінің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуі – жақсылық пен жаңарудың, береке мен бірліктің айқын белгісі деп білемін. Бұл – халқымыздың рухани тұтастығы мен дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі.
Ораза айт – татулық пен келісімнің, өзара құрмет пен бауырмалдықтың мерекесі. Ол бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан барша мұсылмандарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады. Ынтымақ пен бірлік бар жерде – тұрақтылық пен өркендеу болары сөзсіз.
Бұл күні әрбір шаңыраққа шаттық пен қуаныш орнап, жүректерге имандылық нұры құйылсын! Әрбір игі ісіңіз сауапқа толы болып, жасаған жақсылықтарыңыз еселене берсін. Ораза айт бізді мейірімділікке, сабырлылыққа, кешірім мен кеңпейілділікке бастай берсін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін! Отбасыларыңыз аман, шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болсын! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!
Айт қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!
Құрметпен, Думан Орынбеков