Шәкәрім университетінде жылыту және салқындату зертханасы ашылды
Шәкәрім университеті ғылыми әлеуетті нығайтуға және заманауи ғылыми әзірлемелерді білім мен өндіріс тәжірибесіне енгізуге бағытталған ғылыми инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды жалғастыруда.
Соңғы жылдары университетте қаржыландырылатын ғылыми жобалар саны жыл сайын артып келеді. Осы жобаларды іске асыру аясында жаңа ғылыми зертханалар ашылып, олар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл өз кезегінде жүргізілетін зерттеулердің аясын кеңейтіп, олардың қолданбалы әрі практикалық маңызын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде Шәкәрім университетінде жылыту және салқындату зертханасы пайдалануға берілді. Зертхана 40 миллион теңгеге заманауи жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта оны қосымша 25 миллион теңгеге жарақтандыру жоспарланып отыр. Бұл зертхананың эксперименттік мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, күрделі ғылыми зерттеулер жүргізуге жол ашады.
Зертхананың негізгі ғылыми бағыты – жылуфизикалық қасиеттері жақсартылған заманауи жылу тасымалдағыштарды әзірлеу. Атап айтқанда, наносұйықтықтарды жасау, олардың жылу өткізгіштігін, тұтқырлығын және ұзақ мерзімді тұрақтылығын зерттеу бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Бұл параметрлер наносұйықтықтардың өндірісте және энергетикалық жүйелерде тиімді қолданылуы үшін аса маңызды.
Жүргізіліп жатқан зерттеулер БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен, сондай-ақ жаңартылатын және энергия тиімді энергетиканы дамыту міндеттерімен тікелей үндеседі. Жаңа жылу тасымалдағыштарды әзірлеу жылу және энергетикалық жүйелердің тиімділігін арттыруға, энергия шығындарын азайтуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Алынған ғылыми нәтижелердің өңірдің энергетика саласында практикалық қолданылуы күтілуде. Сонымен қатар, әзірлемелердің коммерцияландыру әлеуеті де жоғары, бұл ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға жол ашады.
Ғалым пікірі
Техникалық физика және жылуэнергетика кафедрасының меңгерушісі Ольга Степанова зертхананың ашылуы бірнеше жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті:
– Бүгін кафедрамызда гранттық қаржыландыру жобалары аясында жабдықталған зертхана ашылып отыр. Зертхана толықтай компьютерлік және зертханалық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Алғашында бір жылдық ішкі университеттік жоба аясында жұмыс істедік, сол жоба наносұйықтықтар бағыты бойынша сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы келесі ғылыми жобаны жүзеге асырып жатырмыз.
Ғалымның айтуынша, зерттеудің негізгі мақсаты – кескіш станоктар мен өндірістік жабдықтарды тиімді салқындату мәселесін шешу. Бұл салқындату сұйықтықтарына нанобөлшектер енгізу арқылы жылу алмасу тиімділігін арттыру жолымен жүзеге асуда.
– Осы зертханадағы барлық компьютерлер магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстары үшін арнайы сатып алынды. Зерттеу жұмыстарына жас ғалымдар белсенді қатысып жатыр. Біз алынған нәтижелер бойынша патенттерге ие болдық және алдағы уақытта процестерді жетілдіріп, өндіріс саласына енгізуге мүмкіндік туады деп сенеміз,- деді ол.
Сонымен қатар, зертхана Erasmus+ және KazDual жобалары аясында да кеңейтіліп жатыр. Бұл жобалар Қазақстанда дуалды білім беруді дамытуға бағытталған.
– Зертхананың дамуы студенттерге жұмысшы мамандықтар бойынша микробіліктілік алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың өндірістік ортаға тез бейімделуіне, кәсіби жолын машинист қызметінен бастап, кейін басқарушылық деңгейге дейін өсіруіне жол ашады. Бізде сапалы, қуатты техника бар, енді модельдеу жұмыстарын жүргізіп, беделді халықаралық журналдарға мақала жариялауға толық мүмкіндік туып отыр,- деп атап өтті кафедра меңгерушісі.
Білім алушының көзқарасы
Техникалық физика мамандығының докторанты Жандос Акишев жобаның ішкі гранттан басталып, ірі мемлекеттік қаржыландыруға ұласқанын айтты:
– Алғашында көлемі 1 миллион теңге болатын ішкі грант аясында титан оксиді негізіндегі наносұйықтықтың күн коллекторының тиімділігін арттыратынын дәлелдедік. Кейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің 79 миллион теңгелік гранты арқылы күн коллекторларына арналған наносұйықтықты жетілдіру жобасын сәтті аяқтадық. Бүгін ашылған зертхана маман даярлау мен университеттің ғылыми әлеуетін арттыруда үлкен рөл атқарады деп ойлаймын.
Серіктес пікірі
Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығының директоры Саят Таңатаров университеттегі ғылыми бастамаларға жоғары баға берді:
– Шәкәрім университетінде гранттық жобалар аясында ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатыр. Күн панельдерін жазғы аптап ыстықта қызып кетуден қорғайтын наносұйықтық әзірлеу – өте өзекті әрі маңызды жоба. Жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Патенттердің алынуы – осы еңбектің нақты нәтижесі. Біздің университетпен ынтымақтастық туралы меморандумымыз бар, алдағы уақытта бірлескен жұмыстар жалғасады,- деді ол.
Қорытынды
Жылыту және салқындату зертханасының ашылуы – Шәкәрім университетінің ғылыми экожүйесін дамытудағы маңызды қадам. Бұл бастама университеттің өзекті, қолданбалы әрі әлеуметтік маңызы бар ғылыми зерттеулер жүргізуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді және өңірдің инновациялық дамуына нақты үлес қоспақ.