Шәкәрім университетінде жалпыұлттық коалиция өкілдерімен кездесу өтті
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Абай облысының жоғары оқу орындарының студент жастарымен кездесті. Маңызды басқосу Шәкәрім университеті алаңында өтті.
Кездесуге Жұлдыз Сүлейменова, Нартай Сәрсенғалиев және Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Олжас Сүлеймен қатысып, Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде жан-жақты түсіндірме берді.
Алдымен мәртебелі қонақтарды университет ректоры Думан Орынбеков таныстырып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде конституциялық референдум – ел болашағына тікелей әсер ететін тарихи кезең екенін атап өтті. Сонымен қатар, Абай облысына арнайы сапарлап келіп, жастармен еркін форматта пікір алмасуға мүмкіндік жасаған коалиция мүшелеріне алғыс білдірді.
– Құрметті жастар, дәл осы алаңда мемлекет басқару ісінде тәжірибесі мол, қоғам дамуына үлес қосып жүрген тұлғалармен жүздесу – үлкен мүмкіндік. Жаңа Ата Заң жобасы заманауи қоғамдық құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, еліміздің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды,- деді ректор.
Алғашқы сөз кезегі тиген Жұлдыз Сүлейменова жаңа Конституция жобасының бірқатар маңызды тұстарына тоқталды. Оның айтуынша, құжаттың басты құндылықтарының бірі – білім мен адам капиталына басымдық берілуі.
– Жаңа Конституцияда мемлекет адам капиталына, білім мен ғылымға инвестиция салуды стратегиялық бағыт ретінде айқындайды. Бұл – ел дамуының негізгі тетігі. Сондықтан студенттер, педагогтар, ата-аналар үшін бұл өзгерістердің маңызы зор,- деді министр.
Сонымен қатар, бастауыш және орта білімнің тегін әрі мемлекет кепілдігінде екендігі нақты көрсетілгенін атап өтті. Бұдан бөлек, құжатта отбасы институтын нығайту, неке мәселелері, сондай-ақ экологияны қорғау бағытындағы нормалардың күшейтілгені айтылды.
Өз кезегінде Нартай Сәрсенғалиев Ата Заңның қоғам үшін берер мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол Конституциялық өзгерістердің басты қағидаттары – әділеттілік, ашықтық және азаматтардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті.
– Цифрлық технологиялар қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке деректерін қорғау мәселесі де Ата Заң деңгейінде қарастырылып отыр. Сонымен қатар, кейбір өңірлерге арнайы құқықтық режим беру экономикалық даму тұрғысынан жаңа мүмкіндіктерге жол ашады,- деді ол.
Кездесу барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ашық диалог форматында пікір алмасты. Жастар Конституциялық өзгерістердің ел дамуына әсері туралы ойларын ортаға салды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасы – әділетті, демократиялық әрі прогрессивті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.