Шәкәрім университетінде республикалық олимпиада және педагогикалық семинар өтті
Шәкәрім университетінде «Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар» кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында «Техникалық механика негіздері» пәнінен I республикалық олимпиада өтті. Сонымен қатар арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне арналған «Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде инновацияларды қолдану» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізі міндеттері студенттердің кәсіби өзін-өзі тануын дамыту, дүниетанымын кеңейту, пәнге деген қызығушылығын қалыптастыру, сондай-ақ өзіндік жұмыс жасау дағдылары мен кәсіби ойлау қабілеттерін жетілдіруге бағытталды. Сонымен қатар қатысушылардың кәсіби міндеттерді шешу және топпен жұмыс істеу құзыреттіліктерін дамытуға көңіл бөлінді. Байқау барысында қатысушылар кәсіби білім деңгейін көрсетіп, теориялық және тәжірбиелік тапсырмалар орындады.
Олимпиада аясында өткен республикалық семинар педагогтер үшін тәжірибе алмасу алаңына айналды. Семинар барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу, заманауи оқыту әдістерін қолдану және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Аталған іс-шаралар университеттер мен колледждер арасындағы серіктестікті дамытуға, техникалық білім беру сапасын арттыруға және болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталды.