Мазмұнға өту
Жаңалықтар 12.10.2026 29

Шәкәрім университетінде ChatGPT Edu мүмкіндіктері таныстырылды

Шәкәрім университетінде ChatGPT Edu мүмкіндіктері таныстырылды

Шәкәрім университетінде OpenAI компаниясының ChatGPT Edu жасанды интеллект құралын білім беру үдерісінде тиімді пайдалануға арналған «ChatGPT Edu – оқытушының жаңа көмекшісі» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара барысында профессорлық-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлеріне жасанды интеллектінің оқыту, оқу материалдарын әзірлеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытындағы мүмкіндіктері таныстырылды.

Семинарды Bilim Group компаниясының өкілі, білім беру саласындағы PhD, көптілді білім беру мәселелерін зерттеуші Айгерім Қажиғалиева жүргізді. Ол қатысушыларға жасанды интеллект технологияларының даму жолын, қазіргі білім беру кеңістігіндегі орнын және ChatGPT Edu құралын күнделікті кәсіби қызметте қолданудың тиімді тәсілдерін жан-жақты түсіндірді.

Спикер жасанды интеллект құралдарының мүмкіндіктерін нақты міндетке қарай дұрыс таңдаудың, сұранысты сауатты құрастырудың және алынған нәтижені сыни тұрғыдан бағалаудың маңызын атап өтті.

Семинардың негізгі бағыттарының бірі – ChatGPT Edu платформасын оқу үдерісіне кіріктіру жолдары. Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен оқу материалдарын әзірлеу, күрделі тақырыптарды түсінікті тілмен баяндау, тапсырмалар мен талқылау сұрақтарын құрастыру, дәріс мазмұнын жүйелеу және білім алушылардың қажеттіліктеріне сәйкес оқу ресурстарын дайындау мүмкіндіктерін қарастырды.

Сондай-ақ, жасанды интеллектіні оқытушының кәсіби қызметін жеңілдететін, уақытты тиімді пайдалануға көмектесетін және оқу материалдарын әзірлеу жұмысын оңтайландыратын көмекші құрал ретінде қолдану мәселелеріне назар аударылды.

Семинардың басты мақсаты – профессорлық-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ білім беру және ғылыми-зерттеу ортасында жасанды интеллектінің заманауи технологияларын практикалық тұрғыдан қолдану мүмкіндіктерін кеңейту.

Мұндай кәсіби кездесулер оқытушылардың жаңа технологияларды меңгеруіне, цифрлық құралдарды жұмыс тәжірибесіне енгізуіне және білім беру сапасын жетілдіруге бағытталған тың тәсілдерді игеруіне жол ашады. ChatGPT Edu мүмкіндіктерін мақсатты әрі жауапкершілікпен пайдалану оқу материалдарын әзірлеуден бастап ғылыми ізденістерді қолдауға дейінгі көптеген міндетті тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Шәкәрім университетінде ChatGPT Edu мүмкіндіктері таныстырылды
Шәкәрім университетінде ChatGPT Edu мүмкіндіктері таныстырылды
Шәкәрім университетінде ChatGPT Edu мүмкіндіктері таныстырылды
Шәкәрім университетінде ChatGPT Edu мүмкіндіктері таныстырылды

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру