Жаңалықтар 07.04.2026 3

Шәкәрім университеті – жаһандық білім көшбасшылары бас қосқан жиында

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Қытай Халық Республикасындағы Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан халықаралық іс-шараларға қатысуда.

6–9 сәуір аралығында өтетін ауқымды жиындар әлемдік академиялық кеңістіктің жетекші өкілдерінің басын қосып отыр. Бағдарлама аясында әлемдік деңгейдегі университеттер президенттерінің форумы, «World Class University Expo» тақырыбындағы III халықаралық көрме, Жібек жолы университеттері альянсының (UASR) атқарушы кеңесінің отырысы, сондай-ақ Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдық мерейтойына арналған салтанатты рәсім өткізіледі.

Халықаралық деңгейдегі бұл басқосуда жоғары білімнің жаһандық басқарудағы рөлі, жасанды интеллектінің жоғары білім беру жүйесіне ықпалы, сондай-ақ, жаһандану жағдайында болашақ мамандарды даярлаудың тиімді жолдары сияқты өзекті тақырыптар кеңінен талқылануда.

Әлемнің беделді оқу орындары бас қосқан жиында Думан Орынбеков баяндама жасап, қазіргі жоғары білім жүйесіндегі трансформациялар, ғылым мен білімнің ықпалдастығы және өңірлік университеттердің жаһандық үдерістердегі орны туралы өз көзқарасын ұсынды.

Бұл іс-шаралар тек жаһандық жоғары білімді дамытудағы ортақ ұстанымдарды айқындап қана қоймай, сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті нығайтуға, жаңа ғылыми және білім беру бастамаларын бірлесіп жүзеге асыруға тың серпін береді.

Осы орайда Думан Рымғалиұлының баяндамасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Құрметті әріптестер, қымбатты достар!

Ең алдымен Сіздерді Сиань Цзяотун университетінің 130 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!

Мен үшін бүгін сіздердің алдарыңызда Shakarim University-нің ректоры ретінде «Болашақтың кадрларын даярлау жолы» тақырыбында ойымды ортаға салып, пікір алмасу зор мәртебе екенін айтқым келеді.

Бұл тақырыптың қашанда маңызы зор. Өйткені, қазір әлем жылдам өзгерістерге бет бұру үстінде. Әсіресе, цифрлық трансформация және жаһандық даму өте қарқынды жүріп жатыр. Ортақ мақсаттағы «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы халықаралық ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кеңістігін құратын ерекше символизмге ие болды.

Осы орайда біздің университеттің қалыптасу кезеңімен таныстырғанды жөн көріп отырмын. 1934 жылдан бастау алатын, ғасырға жуық тарихы бар Shakarim University көп салалы ғылыми білім беру орталығына айналып отыр. Бүгінде университеттің білім беру аясы бастауыш мектептен бастап докторантураға дейінгі білім берудің барлық деңгейін қамтиды.

Біздің басты міндетіміз – жоғары білікті мамандарды ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, жаһандық сын-қатерлерге дайын, жан-жақты дамыған тұлғаларды дайындау.

Бүгінде Шәкәрім университеті инженерлік және ауылшаруашылығы саласынан бастап цифрлық технологиялар мен педагогикаға дейінгі 7000-нан астам студент білім алуда. Университет сонымен қатар ғылыми-зерттеу мектептерін, ғылыми орталықтарын және инженерлік инфрақұрылымын қарқынды дамытып, кәсіби мамандардың келесі буынын дайындаудың экожүйесін құруда.

Бұл экожүйенің негізгі элементі халықаралық ынтымақтастықпен тығыз байланысты.

Осыған орай біздің университет 20-дан астам елмен бірлескен жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда. Бұл жүйеде стратегиялық серіктесіміз Сиань Цзяотонг университетімен орнатқан байланысымыз ерекше орын алады.

Бұл серіктестіктің академиялық ұтқырлықтан әлдеқайда аясы кең. Ол бірлескен ғылыми зерттеулерді, технологиялар трансфертін, инженерлік және ғылыми кадрларды даярлаудың жаңа моделін қамтиды.

Сиань Цзяотоң университеті Шәкәрім университетінде электрлендіру және автоматтандыру бойынша Қытай-Қазақстан бірлескен зертханасын құрудың бастамашысы және технологиялық серіктесі болғанын ерекше атап өткім келеді.

«Шәкәрім» Қазақ-Қытай мәдени зерттеулер орталығы – Қазақстан мен Қытай арасындағы сенім мен рухани байланысты айқындайтын маңызды бастама.

Ол – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу – бір жол» бастамасының рухымен және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған адам капиталы мен білім мәдениетінің ұлттық стратегиясымен үндесіп жатыр.

Мұнда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытайдың жетекші университеттерінде білім алған түлектер маңызды рөл атқарады. Бүгінде олар Шәкәрім университетіне қызметке оралып, оқу ордасының дамуына сүбелі үлестерін қосып отыр. Мұндай білікті мамандар білім мен технологияның трансфертін қамтамасыз етіп, білім беру және зерттеудің тың тәсілдерін қалыптастыруда. Бұл, әрине, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің оң нәтижесі. Сол мақсатта біз ынтымақтастықтың келесі кезеңіне – бірлескен инновациялық орталықтарды, халықаралық зерттеу қорларын құруға жете аламыз деп нық сеніммен айта аламын.

Назар аударғандарыңызға рақмет!

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру