Жаңалықтар 05.07.2026 90

Шәкәрім университеті ректорының Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауы

Шәкәрім университеті  ректорының  Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауы

Құрметті әріптестер, білім алушылар, қадірлі жерлестер!

Сіздерді ұлттық рухымыздың асыл қазынасын ұлықтайтын Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Домбыра – қазақ халқының сан ғасырлық тарихын, болмысын, дүниетанымын бойына сіңірген қасиетті аспап. Оның қос ішегінен төгілген әрбір күй – халқымыздың қуанышы мен мұңының, ерлігі мен елдігінің, азаттығы мен арман-аңсарының көркем шежіресі. Домбыра үні ұлттың жадын жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани көпір іспетті.

Қазақ үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттық кодымыздың, төл мәдениетіміздің, рухани тұтастығымыздың символы. Ол – ұлы күйшілер мен жыршылардың, сал-серілердің мұрасын бүгінгі күнге жеткізген киелі мұра. Сондықтан домбыраны дәріптеу – өткенімізге тағзым етіп қана қоймай, болашағымызды рухани тұрғыдан байыту деген сөз.

Шәкәрім университеті ұлттық өнер мен мәдениетті дамытуға, жас ұрпақтың бойына халқымыздың асыл құндылықтарын сіңіруге ерекше мән береді. Осы бағыттағы жарқын жетістіктеріміздің бірі – жуырда университетіміздің "Өнер" кафедрасының аға оқытушысы Қайрат Қабышевтің әлемдік рекорд орнатуы. Ол 102 қазақ әнін үзіліссіз орындап, ұлттық ән өнерінің өміршеңдігін, халқымыздың бай музыкалық мұрасын әлемге паш етті. Бұл – тек университетіміздің ғана емес, күллі қазақ мәдениетінің мәртебесін көтерген, Ұлттық домбыра күні қарсаңында ерекше мақтанышпен аталатын айтулы тарихи оқиға.

Осындай жетістіктер халқымыздың өнері мен мәдениетінің халықаралық деңгейде лайықты бағаланып келе жатқанын айқын көрсетеді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, оларды жаңа белеске көтеріп жүрген өнер жанашырлары – өскелең ұрпақ үшін жарқын үлгі.

Ұлттық домбыра күні әр шаңыраққа береке, әр отбасына ынтымақ, елімізге бірлік пен баянды болашақ әкелсін! Домбыраның күмбірі ешқашан үзілмей, ұлт рухын асқақтата берсін!

Ұлттық мереке құтты болсын!

Құрметпен, Думан Орынбеков

Пікірлер (0)

Пікір қалдыру