Шәкәрім университеті ректорының Астана күніне арналған құттықтауы
Құрметті оқытушылар, қызметкерлер, білім алушылар мен университет түлектері!
Сіздерді жалпыхалықтық мереке – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әкімшілік орталыққа айналатын қалалар бар. Елдің экономикалық дамуына серпін беретін қалалар бар. Ал тұтас бір дәуірдің символына айналатын қалалар болады.
Қазақстан үшін сондай қала – Астана.
Тарих үшін аса ұзақ емес уақыт ішінде елордамыз мемлекеттің саяси жүрегіне ғана емес, еліміздің болашағын айқындайтын стратегиялық шешімдер қабылданатын кеңістікке айналды. Дәл осы жерде жаңа идеялар дүниеге келеді, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылданады, заманауи университеттер мен ғылыми орталықтар, инновациялық өндірістер және халықаралық ынтымақтастық алаңдары қалыптасуда.
Биылғы Астана күніне ерекше мән беретін тағы бір жағдай бар. Ол – Қазақстанның өзінің жаңа даму кезеңіне қадам басуымен тұспа-тұс келуі. Жалпыхалықтық референдумнан кейін жаңартылған Конституцияның нормаларын іс жүзінде жүзеге асыру басталып отыр. Соған сәйкес жауапкершілікке, ашықтыққа, мемлекеттік институттардың сапасына және қоғам сеніміне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа моделі кезең-кезеңімен өмірге енгізілуде.
Кез келген өзгеріс ең алдымен құжаттардан емес, адамдардан басталады.
Сондықтан бүгінгі таңда ерекше жауапкершілік білім беру, ғылым және университеттер жүйесіне жүктеледі. Себебі дәл осы ортада алдағы ондаған жылдар бойы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын мамандар, зерттеушілер, инженерлер, дәрігерлер, педагогтер, кәсіпкерлер мен басқарушылар қалыптасады.
Shakarim University үшін бұл – жай ғана мемлекеттік күн тәртібі емес. Бұл – ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу, сұранысқа ие мамандар даярлау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Абай облысының нақты мәселелерін шешуге қатысу бағытындағы күнделікті жұмысымыз.
Біз бір нәрсеге нық сенеміз: қуатты өңірлер – қуатты Қазақстанның негізі, ал мықты университеттер – оның тұрақты дамуының басты қозғаушы күштерінің бірі.
Астана әрдайым үлкен мүмкіндіктердің, батыл шешімдердің және сенімді дамудың қаласы болып қала берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, амандық, кәсіби табыс, жаңа жетістіктер мен шабыт тілеймін. Әрқайсымыздың біліміміз, еңбегіміз бен жауапкершілігіміз Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға қызмет ете берсін!
Астана күні құтты болсын!
Құрметпен, Думан Орынбеков